РУХАНИ ҚАЗЫНА

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1414
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Былтыр баспасөз беттерінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты Елбасының мақаласы жарық көріп, соның аясында көптеген іс-шара мен игі жобалардың атқарылғаны рас. Әрбір көтерілген бастаманы халықтың рухани дамуына қарай бұрған бұл тың жоба көпшілік көңілінен шығып, ел талқысына түсті.

 

   «Қазір қоғам азып бара жатыр, жастар қайда барады?» деген сияқты сауалдар ел арасында жиі көтеріледі. Оның көпшілігі түнгі клубтардың, шетел әртістерінің концерттеріндегі аншлаг, жастардың әлеуметтік желіде тыңдайтын әндерінің сапасына қарай айтылған пікір деп ойлаймыз. Сондай-ақ, кітапты әлеуметтік желі, ғаламтор басып алды деген де пікір қалыптасқалы қанша уақыт. Оның да өз дәлелі бар. Себебі, қазір әрбір  Қазақстан Республикасындағы жастар санатына кіретін азаматтарымыз смартфон, планшеттің құлағында ойнап, қолынан бір сәтке түсірмейді. Иә, расында ХХІ ғасыр электронды кітаптардың заманына айналды. Яғни, егер қай кітаптың электронды, сондай-ақ, аудио нұсқасы жасалса, оның құны жоғары, рейтингі жақсы. Себебі, қаланың ұзын сонар кептелісінде тұрғанда, тайм-менеджмент заңдылығына сүйеніп, қалаған кітабыңның аудио нұсқасын тыңдауға мүмкіндік туды. 
   Соған орай қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бағыты бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жоба атқарылуда. Елбасы бағдарламалық мақаласында: «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті уақыт ұттырмай ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» деп Үкіметке нақты тапсырма берді. 
   Аталмыш жоба бойынша әлемнің ең үздік деп танылған 100 кітабының ішінде қазірше 30-ы қазақ тіліне аударылды. Мәселен, Дуэйн, Сидней Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Париж университетінің профессоры Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Ли Энн Пек, Гай С. Рилдің «Медиа этика. Жас мамандардың тәжірибесінен» сияқты Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Станфорд университеттерінің оқулықтары бүгінде республикамыздағы кітапханалардың сөрелерінен жарқырап орын алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірше сатылымға әлі шықпаған. Бұл жоғары оқу орындарында посткеңестік замандағы идеологияның құрсауынан шықпаған ескірген жүйенің білім стандартымен шектелмей, саясаттану, философия сияқты гуманитарлық ғылымдарды әлемнің жоғары оқу орындарының бағдармасымен оқуға мүмкіндік туғызады.
   Әрине, «100 жаңа оқулықтың» электронды және аудио нұсқасы жуырда жобаланып басылады деген де сеніміміз мол. Себебі, ол қазақ тілінің мәртебесін көтеріліп, сондай-ақ, аударма саласының дамуына да әсер етпек. Иә, қазір орыс тілінде жазылған, яғни ағылшын тілінен орысшаға аударылған кітаптардың оқырманға жеткізу жолдары оңтайландырылған. Ол ата-аналардың балаларын орыс балабақшасына, одан орыс сыныбына беруіне ықпал етеді. Себебі, орыс тілін меңгерудің, оны қолдану, білімін тереңдетудің жолдары бір жүйеге қойылған. Ал қазақ тілінде ондай мүмкіндіктер мектеп бағдарламасын, орта кәсіптік білім беру мекемесін, университетті айтпағанда жоқтың қасы. Оның өзінде кітап жетіспеушілік проблемасы әлі бар. Ал «балалар әдебиеті» сериясы туралы сөз қозғаудың өзі артық. 
Жауыр болған бастамаларды Парламент мінберінен жиі еститін халық осындай жүйелі бағдарламаларға сусағаны анық сезілді. Расында, Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіздік алған жылдардың аралығында қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтерді. Енді екі жыл ішінде аяқталуы тиіс «100 жаңа оқулық» жобасы жастардың жаңа рухани белеске көтерілуіне жетекші болсын деген тілек білдіреміз.

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА