Жауқазын жырым - жан сырым

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 2443
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алуаға ақ тілек

Мен үшін «Алуа» деген ат – ерекше.
Тұңғыш кітабым «Алуа» аталған соң ба, Өлең әлемінде өзім де Алуа-жырға айналып кеткендеймін. 
Бір кездері:
Жүректі кернер жырларым менің – алуа,
Бұлақтай тұнық сырларым менің – алуа, – деп жырлап, әдебиет әлеміне имене аяқ басқанымда жетісулық қаламгер ағаларым, алдыңғы буын өкілдері менің шығармашылығыма үлкен қолдау білдірген болатын. 
Қазақтың ардақты ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Зайда Елғондинова «Қазақ әдебиеті» газетіне «Алуа» жинағым туралы ерекше ықыласпен «Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамын» атты көлемді мақаласын философ Шиллердің «Ақын – нағыз адам» деген сөзімен бастап, жырларыма терең талдау жасап, ақ батасын берген еді. Бұл күнде әр жырыма өз пікірін айтып, жол сілтеп отыратын ізгі ниетті жан «рухани-анама» айналды.        
Ал, сенім үдесінен қаншалықты шыға алғанымды көзі қарақты оқырман болашақта бағасын бере жатар.  
Арман деген таусылмайды ғой... Алуа атты қызым болса деп армандайтынмын. Қатты армандайтынмын!..
Мамыр айында туған жерім Жаркентте өткен қасиетті Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай өткен облыстық жыр бәйгесінде дарынды оқушылардың ішінде озық шыққан Алуа Асқар атты талантты ақын қыздың өнеріне тәнті болдым. Алуа дара шығып, жүлделі 1-орынды иеленді.
Содан бері біраз уақыт өтіп кетіпті.
...Бір күні, неге екенін, кішкентай ақын Алуа қыз ойымнан кетпей қойды. Дереу Жаркенттегі белгілі ақын, жазушы Исламғали Үркімбайұлы ағама хабарласып, Алуаны көргім келетінін, өлеңдерін оқып, шығармашылығына титтей болса да қолдау жасап, болашақ ақындық жолына ықпал етіп, көмегімді бергім келетінін айттым. Ағам қуанып кетті. Балаша қуанды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, алғашқы қадамына батасын беріп, былтыр 14 жасар Алуаның «Жауқазын жырым – жан сырым» деген тырнақалды жинағын шығарып берген де осы Исламғали аға екен.
Не деген даналық! Не деген көрегенділік десеңізші?!
Әдеби ортадан шалғайда жүрсе де алтын қазық – ауылдағы дарынды балаларды, оның ішінде қолына қалам ұстаған талантты жастарды танып, олардың қадамдарына сәттілік тілеп, барынша қолдау көрсетуі – үлкен жүректілік. 
Сонымен, шілденің басы Жетісудың төрі Талдықорғандағы әдемі кездесу – Алуадай дарынды оқушымен жақын танысудан басталғанын жақсылыққа баладым. 
Бізді табыстырған менің «арманыммен» қатар кішкентай ғана ақын қыздың жырлары еді. Алуа қызымыз Жаркенттен Талдықорғанға алып-ұшып келгенде, шын қуандым. Құшағыма алып тұрып, ерекше толқыныспен бірден «маған қыз боласың ба?» деген сұрағыма жымиып «иә!» деп жауап қатқанда, ақындық жүрегім һәм аналық жүрегім дүрсілдеп қоя берді...
Сүйкімді, ақылды, дарынды, кішкентай ғана Алуа өзінің «Жауқазын жырым – жан сырым» атты тұңғыш жыр жинағын тарту етті. Бір-екі жырын оқып берді. Әсіресе, мына жарық дүниеге әкелген ата-анасына арнаған «Қос қанатым» деген өлеңін ерекше тебіреніспен оқыды. 
Бірде «поэзия тек қана ішкі дүние ғана емес, адам жанының алаулаған алтын жалыны» деген ойды  оқығаным бар еді. Мен Алуаның жанарынан «алаулаған жалынды», бойынан бұғып жатқан ерекше талантты байқадым. Бұл қасиет оның киелі, қасиетті топырақта туғанынан болса керек. Өлең туралы ақын Қадыр Мырзалиев: «Өлең деген – ой мен сезімнің ар жағы» деген болатын. Жас болса да ойлы дүние жазып, қара сөзге құмартып, балаң сезімін ақ қағазға түсіріп, әдебиет айдынына ақ желкенімен жол салған талантты қызымыз, ең бастысы, Өлең қасиетін ұғынып, Өлең құдіретін сезінсе дейміз.  
Енді Алуа Асқар туралы аз-кем тоқталып өтсем. 
Ол 2003 жылы жазиралы Жаркент жерінде, жеті ғасырлық тарихы бар Әулиеағаш ауылында дүниеге келген. Қазір Әулиеағаш орта мектебінің 9-сыныбын аяқтады. Озат оқушы республикалық «Нұрлы жастар – болашаққа жол бастар» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы көркемсөз байқауының (1-орын), облыстық «Абай оқулары», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Мәңгілік ел – ұлт мұраты», «Орбұлақ – жүрегімде» байқауларының (І және ІІІ дәрежелі диплом) облыстық, аудандық мүшәйралардың,  «Жас ақын» аталымының жеңімпазы. 
Алуаның арманы – журналист болу. Сөз арасында ұяң қыз: «Болашақта қалам ұстап жүрген аға-әпкелерімнің жолын қуып, ана тіліміздің баға жетпес байлығын, сөз құдіретін жүрегіммен елге жеткізетін журналист болғым келеді», – деп қалды. Таудай талабы бар қызымыз қазірден бастап жүрек қалауымен киелі сөз құдіретімен байланысты мамандыққа дайындықты бастап та кетті. Сәттілік болсын! Өлеңдері жайлы талдау жасау – алдағы күннің еншісінде. Дарынды қыз Алуа Асқардың алғашқы қадамына ақ жол тілей отырып, оқырман назарына жырларын ұсынайық.

Гүлбақыт Қасен,
ақын

 

Жетісуым киелі
 
Жетісуым, қасиетті мекенім,
Мәлім  жұртқа  жерұйығым екенің.
Өзім  өскен  елімнің  өр  тұлғасын
Мәңгі  жырлап  қастерлеумен  өтемін.
 
Туған  жерім – ата-бабам  тұрағы,
Сұлулығың көз  алдымда  тұрады.
Шуақ  шашқан  күннің  ерке  сәулесі,
Жүрегіме  жылу  сыйлап  тұр әлі.
 
Асқар  тауың  ақша  бұлтпен  таласқан,
Ай  мен Күнің   бір-бірімен  жарасқан.
Бұлағыңмен  сырласқандай  ән  айтып,
Көгімдегі  мынау  шексіз  көк  аспан.
 
Ауылым – алтын  бесігім
 
Ауылым  Әулиеағаш  аталады,
Іздеп келіп барша жұрт бата  алады.
Сыйындырған  қасиет  бір өзіне,
Тегін  емес  әулие  атанғаны.
Әулиеағаш, мақтаныш  етем  сені,
Дәл мендей  сүйе  алар  ма  бөтен  сені?
Жеті  ғасыр  жайқалып  тұрсың  міне,
Өлеңіммен өбектеп өтем сені!
      
           * * *
Жеті өзенім тасып аққан толғанып,
Тарихымнан шежіресі болды анық.
Туған жердің, туған елдің, достарым, 
Сан ғасырлық тарихын біл, ойға алып... 
 
Қасиетті туған жерім, мекенім, 
Гүл көмкеріп, желек басқан етегін.
Кие қонған – Әулиеағашым қастерлі,
Қастерлеймін, мәңгі жырлап өтемін! 
 
Жеті жүз жыл тарихың бар, асылым, 
Қайта оралған  менің алтын ғасырым. 
Әулиеағашым  – нұр киелі мекенім,
Киесі бар суының да тасының.
 
Сенде туған мына менің бағым бар...
Маған қайдан жұмақ мекен табылар?
Аман болса ақындарың аймаңдай – 
Өзің жайлы талай жырлар жазылар.
 
Балалығым – бал шағым
 
Ойнап-күлген ертелі-кеш уайымсыз,
Балдырған шақ – күндер қайда қайғысыз?
Жаңа өмірге беттеп бара жатырмыз, 
Өзен-көлді кешіп өтіп  қайықсыз.
 
Балалық шақ кетті зулап тоқтамай, 
Біз тал едік, алда бір топ қарағай.
Тәттісінен айырылған бір баладай – 
Жабырқадым, кетті маған қарамай...
 
Біз алаңсыз жүрдік бәрін елемей,
Желкені жоқ, бағыты жоқ кемедей.
Толқын болып тулап соққан жағаға,
Жүрегіміз бейне теңіз-телегей!
 
Балалық шақ балдай, бақыт сезілген, 
Бал-бұл жанып жүрген ойнап кезім бе?  
Сол күндерім ұмытылмас суреттей,
Қалар мәңгі жүрегімде, есімде. 
 
Абайға  арнау
 
Қазағымдай  ұлы  елдің  баласы,
Абай  ата – адамзаттың  данасы.
Жарқ  еткен бір жарық жұлдыз секілді,
Бола  білген  заманының  дарасы.
 
Ұлылықтың  ұлы  дара  бейнесі,
Ақындықтың  алтын  сағақ  жебесі.
Хакім  Абай – бас  ақыны  қазақтың,
Биік болған адамзаттан өресі.
 
Алғыр  ойлы  кемел  ақын  шуақты,
Көре  білген  алыстағы   шырақты.
Оқығанда  қара сөзін  тебіреніп,
Сезгендеймін  бойындағы  қуатты.
 
Өмірі  оның  өлең  болып  қаланған,  
Поэзия бұлағынан нәр алған.
Жүріп  өткен  дара  жолы  әрқашан,
Даналықтың  сара  жолы саналған. 
 
Мың тағзым
 
Аялаған мәпелеп балапанын,
Түсінбейміз біз кейде ана жанын.
Бір күндері зар болып қаламыз-ау,
Бір иіскеуге ананың алақанын.
 
Ана деген – асыл жан, ардақты адам,
Жақсы, жаман бәрін де салмақтаған.
Екі дүниеде оңбайды-ау кей  адамдар,
Анасының жүрегін жаралаған.
 
Ана деген  байлығың, жасыл бағың,
Анаң болса жаныңда жасымадың.
Сені ойлап жүретін шыр-пыр болып,
Ана үшін шырқалсын  асыл әнің.
 
Ана деген  өмірде  күн шуағың,
Жамандықтың сейілткен көк тұманын.
Бір қолымен тербеткен бар  ғаламды,
Ана деген  сарқылмас  ұлы ағын.
 
Ана деген махаббат аласармас,
Бұл сезіммен тірі жан таласа алмас.
Ана, шіркін, бақыты баласының,
Титтей болсын жанына жара салмас.
 
Құшағы бар кеңдігіндей даламның,
Бойға жиған сұлулығын ғаламның.
Жүрегіме  шапағатын  төгетін,
Бас иемін мен  алдында анамның.
 
Ана деген – жанашырың, бақытың,                  
Бөлген  бізге  бар өмірін, уақытын.
Құшағы кең, мейірімі тең даламмен,
Анам менің – бар асылым, бақытым!
 
Табиғат
 
Таза ауа, мөлдір бұлақ, көк аспан, 
Қандай әсем табиғатқа жарасқан.
Биік шыңдар, құз, қиялар, бәрі де
Көз жетпейтін көк аспанмен  таласқан.
 
Сылдырлаған бұлағым да еркелеп, 
Жыр айтады әсем күймен елге кеп. 
Мың бұралған сылдыр сулар сыңғырлап,  
Кетеді ғой  қиялымды  жетелеп.
 
Салқын самал жел еседі далада,
Ойнар бірге желдей есіп бала да.
Табиғатым, қандай әсем, әдемі, 
Серуендеп келейікші, жан ана!
 
       * * *
Ойлар...
Ойлар...
Терең ойлар....
Жаза бер –  
Тыншымайтын көңіліме маза бер! 
Жүрегімнен жыр маржаны төгілер,   
Қыз бұрымы – Өлеңдерім өрілер.
 
Шаршамаймын жыр жазудан әр күні, 
Өмірімнің жайқалсыншы әр гүлі. 
О, Жаратқан, қаламыма шабыт бер!
Өрнекті Өлең – тұмар етіп тағып бер! 
                                           
Алуа АСҚАР, 
9-сынып оқушысы
Панфилов ауданы