Мазар (әңгіме)

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 1677
Бөлім: РУХАНИЯТ

Малдың аузы көкке ілініп, тіршілік жарықтық түлеп жатқан шақ. Бәйшешек бір жылт етіп көз қуантты да, ғайып болды. Есесіне қияқ шөп қаулап өсіп келеді. Тек кейбір төбенің басындағы мүрделердің меншігінде қалқиып тұрған түйетікендер ғана сұрықсыз. Наурыздың алғашқы күндері қырқаның теріскей бетінде қардың ала-құласы болған, енді ол да көрінбейді. Біз күткен жайма-шуақ күн, міне, осы болатын. Себебі, бұған дейінгі бір сапарымызда тоң жібермей жатқан жер қыртысына қардың суы сіңбей, қара балшық кілкіп тұрған қойыртпақ сәтке ұрынып, кері қайтқанбыз.
Қара жолды қақ жарып, жүйткіп келеміз. Жартылай ашылған көліктің терезесінен көктемнің қоңыр желі беттен өбеді. Тау бөктеріндегі біз баратын ауылдың төбесі көрінді. Аудан орталығынан тым алыс емес. Тек иір қобыз тар жолына аздап уақыт сарп еттік. Осы ауылға барар жолды қайта жөндеп, ойылған жерін жамап жатса керек, май аралас қара шағыл төсеген жол жөндеушілердің қасынан өттік. Бұларға мойын бұрып қараған Рақымжан:
– Ой, деген-ай! Жол жарықтықтың жөнделгені жақсы ғой. Айналайын, мына жігіттерге  рахмет. Мінеки, бізді келеді деп жол жөндеп әбігер боп жатыр, ә? –  деп екі иығы селкілдей күлді. Арт жақта отырған Орынбай ақсақал да ыржиды. Мен іштей ойланып келемін. «Рақымжан ағамыз аса бір  күлкілі дүние айтпаған сияқты еді, Орекеңді неге сонша күлкі қысты екен? Әлде... мен түсіне бермейтін астарлы сөз болды ма?». Жоқ, байыптай қарасам, ол күлкіге пәлендей ерік беріп те отырмапты, өзінің бет әлпеті күлмесе де, күліп тұрғандай көрінеді екен. Екі ұрты қабысып, бет сүйегі шодырайып, мұрынмен деңгейлесіп тұр. Ауыз қуысындағы тісінің басым бөлігі жоқ болғандықтан иегі кемірейіп көрінеді. Беті бір уыс қана. Осы құбылысты жаңа байқадым да, еріксіз күліп жібердім. Көлік ішіндегілер менің бұл күлкімді түсінбей қалса керек, бетіме таңырқай қарасты. Артқы жақта үнсіз отырған жіптіктей жігіт қана ойымды дәп басып оқыған сыңайлы. Өйткені, Орекеңнің бетіне оның да жиі ұрланып қарағаны маған анық байқалады. Арамыздағы жасы кіші жігіт осы. Орысшалау өскен, ойындағысын бүкпесіз айтып, айналасына жиі сұрақ қойып келеді. Ол қаладан арнайы шақыртылған картограф, аты – Мағжан. 
Артқы орындықта отырған үшеудің ажарын айнадан анық көріп келемін. Мағжанның оң жағында Орынбай ақсақал отыр. Жасы жетпістің бесеуін алқымдаған. Сол жағында Бөкен деген шежіреші, құймақұлақ кісі Орекеңнің замандасы. Жасына лайық жинақы шоқша сақал қойған, етжеңді, тығыршықтай жылтыр, сары шал. Ал көліктің алдыңғы орындығында отырған Рақымжан ағамыз Орынбайдың атасы жайлы аңыздарды көп естіген ақын, зерттеуші. Мен көлік тізгініндемін.  Мақсатым – осы  кісілерді зират басына жеткізу.
***
Беу, шіркін, ақсақалдармен бірге жүріп жер тану, олардың қауқылдасып отырып айтатын  мысқыл, қағытпа сөздерін тыңдап жүру – менің  жалықпайтын тақырыптарымның бірегейі. Діттеген жерімізге жетіп, әйгілі Жанұзақ Бүркітбайұлының рухына тағзым ететінімізді ойласам, көңілім алып-ұша жөнеледі.
Өткен ғасырда өмір сүрген халық ақыны Жанұзақ Бүркітбайұлының өнегелі өмірі жайлы дерек жинау үшін құрылған арнайы тобымыз осы. Өңірдегі киелі жерлер мен атақты адамдардың тізімі қолымызда.  Кезекті сапарымыздың бүгінгі мақсаты осы абыз ақынның жатқан жерін анықтап, картаға түсіру, кейіннен  кітапқа енгізу.
Ел аузында: «Жанұзақ ақынның мазарында белгі жоқ, қайда жатқанын табу қиын», – деген сөз бар еді. Осы жұрт неге сөйтіп айтады екен, аруақтың артынан солай сөйлеуге бола ма?! Атағынан ат үркетін халық ақынының мүрдесінде белгі болмауы тіпті мүмкін емес. Өйткені, ақынның туған баласы Орынбай ақсақалдың көзі тірі, немерелері де бар, мектепте оқып жүр. Осыдан кейін қалай белгісіз жерде жатыр дегенге сенесіз? Біз сол зиратты жаңылмай табу үшін Орекеңді әдейі бірге ала шықтық. Күн шайдай ашық, жер құрғақ. Ауылға кіріп келеміз. 
– Ореке, жолды көрсетіңіз, қалай жүреміз? – деді Рақымжан. 
– Қазір мен... Кім... сен бала, жүре бер осылай. 
– Жүре бер болғанда?
– Ана жігіттердің қасына тоқташы, бүкір көше қайсы екен сұрайық.
Көше бойында тұрған үш жігіттің қасына тоқтадық. Орекең көліктен түсіп, бүкір көшеге барар жолды анықтап алды. Көрсеткен ізімен бүкірейген көшеге түстік. Ауылдың мына шетінен ана шетіне жеттік. Әрі қарай жол жоқ. Тек малдың шұбырған жалғызаяқ жолы ғана тарам-тарам болып тау жаққа шұбалып жатыр. Орекең көліктен түсіп, жан-жағына қарап біраз тұрды.  
Іште отырған Рақымжан мазасызданып: 
– Ореке, не болды,  Қалай жүреміз? – деп дегбірсізденіп көліктің есігін ашты. Орекең тау жақтағы қырқалардан көзін алмастан: 
– Ой, әкең... осы бүкір көшені жағалап шығып кетуші еді... Ауылдан тым алыс емес, – деп қолымен тау жақты нұсқады. – Әне,  анау тұста болатын, – деп саусағымен тұрақсыз бір бағытты көрсетті. Бұл әрекетті зер сала бағып тұрған Бөкен шал мен Рақымжан ағамыз күлкіге қарық болды. Енді анық көздері жеткендей, Орынбай шынында әкесінің қайда жатқанын білмейтін сияқты. Мен де еріксіз күліп жатырмын.  Рақымжан көліктен күле сөйлеп сыртқа шықты:
– Ойбуй, Ореке, сіз әкеңіздің басына соңғы рет қашан келіп едіңіз? 
– Келгенде... (сәл күмілжіп, ыңғайсызданып) талай келдік қой осы ауылға. 
– Жоқ, ауылға келгеніңізді сұрап тұрғам жоқ, әкеңіздің басына қашан келдіңіз деймін?
Орынбай шал енді бір жерде дегбір тауып тұра алмай, тыпыршып кетті. Рақымжан оны үнемі қағыта сөйлеп, бұрын да үнемі қалжыңдасып жүретін. Бір жағы алыстау жездесі. Енді, тіпті, іздегенге сұраған, жездесін жерден алып, жерге салғалы тұрған Рақымжанның зәрлі күлкісінен қашқақтаған шарасыз шал жалт бұрылып, көлікке отырда да: «Кері бұрылшы, бала», – деді. Бүкір көшемен төмен түсіп келеміз.
Қарадай терлеп, абыржып отырған Орекеңнің жағдайын ескермеген  балдызы: 
– Әкеңіздің атын малданып жүргенді білесіз, бірақ басына бір бармағансыз, ә! Ой, сұмдық-ай! – деп таусыла сөйледі. Бұл жолғы сөзіне зәредей де күлкі қоспай, қабағын шытып айтты. Мен де бұған күлмеуге тырыстым. Себебі, Орекеңнің аянышты бейнесі жаныма батып барады.  Бөкен қария Рақымжанның зілдей сөзін әзілге бұрып, Орынбайдың қабағын ашқысы келді ме, сықылықтай күліп көрді. Бөкен шалды лезде түсіндім де, қосыла күлдім. Орекең сәл ғана езу тартты да,  үнсіз қалды.
Рас-ау, атақты Жанұзақ ақынның ұрпағы деген мәртебесі Орынбайды жиын-тойда төрге шығарып жүргені өтірік емес. Ауыл арасында азды-көпті қошеметке кенелген шағында дастарқанға бата беріп, содан кейін бүркітше қомданып өлең оқып, жұрттан мақтау естігісі келіп тұратын осы кісінің бойында біртүрлі тоқмейілсу де жоқ емес еді. Келесі көшеге бұрылған бетте қораның қиын шығарып жүрген екі жігіттің қасына тоқтай қалдым. Орекең тағы да көліктен шығып бейітке барар жолды сұрады: 
– Әй, балам, осы бүкір көшемен бейітке қарай кететін жол бар еді, білесің бе? 
– Қайсы бейітті айтасыз? Мына жақта 3-4 жерде бейіт бар. Қайсысы керек сізге?   
– Әлгі... Жанұзақ ақынның бейіті керек еді, – деп жігітке зор үмітпен телміре қарады. 
– Жанұзақ ақын дейсіз бе? І-і-і, тоқтаңыз, ол кісінің қайда жатқанын  білмеймін. Бірақ естуім бар. Осы ауылдың маңында жатыр дейтін үлкен кісілер. Басында белгі жоқ, топырағы тынып қалған деуші еді.  Сіз кім боласыз, ата? 
Орекең бұл сұраққа жауап бермеді. Егер: «Мен сол Жанұзақ ақынның ұлы  едім», – десе, әлгі екі жігіт бір-біріне қарап күлер ме еді, кім білсін?! Іштей ұят алқымдап барады. Басында белгі жоқ, топырағы тынып қалған деген сөздер ауыр тисе керек. Әкемнің басын іздеп жүр едім деп айтуға, әрине, аузы бармады. Орекең мынадай ыңғайсыз сәттен сытылып шығудың бір амалын тапқандай енді әлгі жігітке тіке қарап, қасын кере сөйледі:  
– Онда-а, Мұнарбайдың бейітін білесің бе? 
– Мұнарбай... Иә, ол анау жақта. Кірпішпен қаланған, үлкендеу бейіт.  Маңайласаңыз-ақ көрініп тұр. Сіз онда осы көшемен тіке жүріп үлкен жолға шығыңыз. Ауыл біткен бетте сол жағыңыздан қара жол шығады. Сонымен жүрсеңіз үстінен түсесіз.
Көлікке отырған соң Рақымжан оны тағы түртпектей бастады.
– Өй, Ореке, Мұнарбайы несі тағы? Біз Жанұзақ ақынның басына барамыз емес пе? 
– Иә,  менің әкем сол Мұнарбайдың қасында жатыр. Аталас туысқандары. 
– А-а-а, онда сол кісінің зиратын табайық. Мұнарбайдың маңайында жатса, ар жағын өзіңіз табарсыз.
Әлгі жігіттің бағдарлаған жолымен Мұнарбайдың зиратын таптық. Маңайында қаулап өскен ескі шөп, белгі қойылмаған бірнеше төмпешіктер бар екен. Орекең адымдап басып, ең әуелі Мұнарбайдың кірпіштен қаланған зиратының есігіне еңкейіп, түйіршік топырақты уатып шашып жіберіп бет сипады. Артынан өкшелеп барған Рақымжан:  
– Ореке енді әкеңіздің зираты қайсы? – деп Орекеңді қолтықтай демеген сыңай танытты.
Орекең үн қатқан жоқ. Жермен жексен болып жатқан бірнеше қорымның қасына келіп тұрды да, баяғы сәттерді есіне түсіргендей төңірекке көз жіберіп, аздап ойланды. «Міне, мынау ғой Жанұзақ әкемнің жатқан жері», – деп жүрелеп отыра кетті.
Бәріміз Орекеңнің тізерлеген жеріне қарадық. Бірақ ол тұспалдап, сипалаған тұста айтарлықтай топырақ үйіндісі байқалмайды. Керісінше, соның қасындағы қалған төмпешіктер астында сүйек жатқанын айқындап тұрғандай. Рақымжан сәл ойланып, Бөкеннің бетіне бір қарады да, Орекеңнің қасына тақап келіп: 
– Ореке, шатасып тұрған жоқсыз ба? Әкеңізді жерлегенде осында болдыңыз ғой?
– Иә, болдым. Міне, осы жерге көмдік. 
– Сіз ол кезде қанша жаста едіңіз? 
– Он жасымда кетті ғой марқұм әкем. 
– Содан кейін келіп тұрған бетіңіз осы ғой. Белгі қоюға да келмедіңіз, ә? 
Орекең тағы күмілжіп, дауысын жұтып сөйледі: 
– Келгенде-е, талай келдік қой ауылға... Сен өстіп адамды тақымдай бергенді қойшы, ағатай! – деп енді шоқ басып алғандай шамдана кейіді.
Рақымжан үнсіз басын шайқады да: 
–Ал енді бір Құран оқыңыз әкеңіздің басына, сағынған шығар сізді күтіп  әбден, – деп Орекеңнің қасына малдас құрып отыра кетті.
Орекең білген  аяттары мен дұғасының бәрін сарқа оқыды. Қос жанары шөбі селдір сұр топырақта. Жатқа білгені көп болмаса керек, лезде қол жайып, оқылған Құранның сауабын осы қорымда жатқан бақилықтың бәріне үлестіріп, әсіресе, Бүркітбай ақынның рухына ерекше бағыштап бет сипадық.
Орекең орнынан тұрып білінер-білінбес бейіттің топырағынан бір түйір алмақшы болып еңкейе бергені сол еді: «Ойбай, әкең!» – деп шегіншектей ыршып түсті. Бәріміз жалт қарадық. «Жыланды қара мына», – деді өңі бозарып. Біз де қасына ентелей келіп қалғанбыз, алайда Бапы ұрпағының бейнесі көзімізге шалынбады. Кім біледі, аруақтар мекенінің иесі шығар, әлде алпыс бес жылдан кейін басына әрең жеткен ұлына әке рухы өкпесін осылай білдірді ме, аң-таң қалдық.
Рақымжан Мұнарбайдың зиратына көз тастап, сәл жымиып алды да, бізден алшақтау тұрған Орекең естісін дегендей дауысын көтере: 
– И-ә-ә, Мұнарбайға рахмет! Сол кісінің мазары болмаса Жанұзақтың бейітін қайтіп табар едік? – деді. 
Бөкен шалдың бүйірі бүлкілдеп сыпайы күлген болды. 
Орекең үнсіз.

Бақтияр АЙТАЛЫ