Шоқан тұңғиығы

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 2692
Бөлім: РУХАНИЯТ
Биыл егемен ел болғанымызға жиырма жеті жыл толатыны белгілі. Соның әрбір жылы онжылдыққа татиды деген пікірлер айтылуда. Расында бүгінгі заман, даму қарқынымыз мүлде басқа екені айдай ақиқат. Осындай айтулы белестер тұсында ұлтының жарқын болашағын ойлаған, елінің тәуелсіздігін аңсаған, сол үшін қабырғасы қайысып, жүрегі сыздаған адам болса, соның бірегейі Шоқан болғандығы еске түседі. Оны дәлелдеудің қажеті шамалы, тек соның жарқын бір көрінісінен үзінді келтіргенді жөн көрдік. 

Шоқанның адал досы, Ертіс өңірінен түлеп ұшқан орыстың атақты жиhанкез ғалымы Григорий Потанин өз естелігінде: «Егер қазақтарды орыстар ұрып жатса, мен орыстарға қарсы шығамын, – деуші еді ол. Шоқан замандастарының ортасында өмір сүріп, олармен өзінің ой-пікірімен бөлісетін, бірақ  көбінесе оны халықтың болашақ тағдыры толғандыратын», – деп жазыпты. 
Иә, отызға да толмай жарық дүниемен қош айтысқан Шоқан сынды біртуар тұлғаның арманда кеткені ақиқат. Әйтсе де ұлы ғалым қамшы сабындай қысқа ғұмырының өзінде тынбай еңбек етіп, артына аса бай мұра, қыруар еңбек қалдырып кетті. Шоқанның өмірі мен шығармаларын зерттеп, жарыққа шығарып жариялауда оның замандас жанашыр достары, сыйластары Г. Потанин, С. Тянь-Шаньский, Н. Веселовский, Н. Ядринцев, А. Гейнс, Е. Ковалевский, Г. Колпаковский, И. Ибрагимов сияқты өз заманының белгілі адамдары көп еңбек сіңірді. Ал олардың игілікті ісін Кеңес заманында Ә. Марғұлан, М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Бегалин, С. Зиманов, Х. Айдарова, А. Атишев, М. Елеусізов, Р. Сүлейменов,  Е. Бекмаханов, Д. Дулатова,  С. Марков, И. Стрелкова, Н. Ивлев, С. Мұхтарұлы, Ж. Бейсенбаев, С. Өтениязов және т.б. жалғастырып, шоқантану ілімінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ал бүгінгі әлем таныған, дербестік алған жылдарымызда да Шоқанның өмірі мен қызметі, шығармашылығына байланысты зерттеулер тасқыны толастар емес.
Ш. Уәлиханов тарих, этнография, география, лингвистика, фольклор, археология, қоғамдық және саяси экономика ғылымдары салаларын қамтитын құнды еңбектер жазып, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Оның бағалы мұрасын, өмірі мен қызметін зерттеу жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанына да 130 жылдай уақыт болыпты. Осындай абыройлы істің ауқымдылығын, яғни зерттеушілердің шоқантану іліміне қалай атсалысқанын 1985 жылы Алматыда басылып шыққан «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Әдебиеттердің мазмұндалған көрсеткіші» атты кітаптан көруге болады. Қазақ және орыс тілдерінде дайындалған бұл құнды басылымда Шоқанның еңбектері және өмірі мен қызметі, ғылыми шығармалары туралы жазылған – жеке кітаптар, мерзімдік баспасөзде, газет-журналдарда жарияланған мақалалар, көркем туындылар, ғылыми монографиялар, өлеңдер, пьесалар тізбегі беріліпті. Бұларға енген қазақ тіліндегі әдебиеттің ұзын саны 843 болса, орысшасы 910 екен. Сонда барлығы 1753. Бұл көрсеткіш тек 1983 жылға дейінгі жарияланған материалдарды қамтиды. Ал енді одан бері 35 жыл өткенін ескерсек әрі шоқантануға деген көзқарастың ел назарында, зерттеушілердің ұдайы нысаны болып, қызығушылық бәсеңдемей келе жатқанын есепке алсақ, қазір бұл тізімнің саны 4 мыңнан әлдеқашан асып кеткенін болжауға болады деп ойлаймын.
Әйтсе де, Ш. Уәлихановқа  байланысты әдеби мұраның, зерттеулердің молдығына қарамастан, тума талант иесінің өмірі мен қызметі, ғылыми еңбектері толықтай зерттеліп, лайықты бағасын алды ма, Шоқанды толық танып болдық па деген сауалдар әлі де туындайды. Оның себебі: шоқантану саласындағы кейбір мәселелер бойынша зерттеушілер, ғалымдар арасында қарама-қайшы пікір, тұжырымдар әлі де бар екендігі. Мұнымен қоса ХІХ ғасырда өмір сүріп, әлемдік ғылымға да елеулі үлес қосқан Шоқан Уәлихановтай ғалымның тамаша шығармалары осы күнде де маңызын жоғалтпай, құнды дүниелер санатынан орын алса, оның өнегелі өмірі бүгінгі және келер ұрпаққа да үлгі боларлықтай мағыналы екенін есте сақтаған жөн. Осыған орай үшінші мыңжылдықтың жиырма сегізінші жылына аяқ басқан шақта ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылығындағы кейбір күмән туғызатын мәселелер төңірегіндегі ой-түйсіктерімізді ортаға салғанды жөн көрдік. Соның алғашқысы Шоқанның  қалай қайтыс болғандығы туралы.
Әлбетте, Шоқанның меңдеген өкпе ауруынан дүние салғаны көпшілікке мәлім, дау тудыратындай негіз жоқ сияқты көрінетін. Алайда, бертін келе бұл мәселеге зерттеушілер тарапынан басқаша көзқарас қалыптасқан тәрізді. Соның бірнешеуіне тоқталайық.    
Мәскеулік зерттеуші И. Стрелкованың 1985 жылы «Өнегелі өмір» сериясымен қазақ тілінде басылған «Шоқан Уәлиханов» атты кітабында: «... Қашғарда оның кім екені белгілі болатын (Шоқан - автор). Оған уәде байласатын адамды да, кісі өлтірушіні де жіберуі ықтимал-тын. Уәлиханов көкірек ауруынан емес, кісі қолынан өлді деген де алып-қашпа сөз, күдікті ұйғарым бар», – деп жазады. 
Ендігі бір пікір иесі, белгілі жазушы Т. Әлімқұлов өзінің әдеби-сын зерттеу кітабында («Жұмбақ жан», 1993, 28-б.) былай деп жазыпты: «Бес саусақтай белгілі деген Шоқанның соңғы жылдары біржола аршылып болған жоқ. Белгілі лақапта ол құрт ауруынан Жетісуда дүние салса, бір деректе осының аз-ақ алдында Астраханнан бой көрсетеді».
Ал жазушы А. Сатаев «Аргументы и факты Казахстан» апталығына (№ 27, 2001 ж.) берген сұхбатында: «Маған бірде жазушы Сәуірбек Бақбергенов Шоқан князь Тумановпен дуэльге шығып, содан арқасынан жараланды. Арқасынан жарақат алуы, олар келісімге келгендей боп, Шоқан бұрылып кетуге айналғанда ол атып жіберді. Міне, тікелей осы жарақат Шоқанның өліміне себепші болған», – депті.
Біздің ойымызша, жоғарыдағыдай пікірлер айту үшін нақтылы деректер келтіру керек. Ал ол жоқ.  Өйткені «айтылған сөз – атылған оқ», жел айдаған қаңбақтай бір әдебиет көзінен екіншісіне көше беруі әбден мүмкін. Сондықтан тек қолда бар деректемеге сілтеме жасап, шындыққа жанасатын уәж айтқан орынды болар еді.
Осыған орай, жоғарыда келтірген пікірлерді негізге ала отырып, Шоқан өмірінің соңғы кезіне, яғни өліміне байланысты әлі де жұмбақ тұстарына тағы бір шолу жасап, таразылағанды жөн көрдік.
Шоқан өлімінің көлеңкелі тұстарына келгенде біздің негізгі сүйенеріміз, Ш. Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының академиялық басылымы (1984-1985). Осы еңбектің 5-томында Шоқанның генерал-губернатор Г. А. Колпаковскийге жазған бес хаты жарияланған. Соның ең соңғысы, яғни 1865 жылғы 19 ақпанында жазған хатында: «... Мен қатты ауырып жүрмін, сіз қайтқан кезден маған суық тиіп жүр еді: көкірегім мен тамағым ауыратын. Тамағыма онша назар аудармай, көкірегіме ем жасағам, енді көкірегім жазылған сияқты болғанымен тамағымның ауырғаны соншалық, тамақты әзер жұтамын, дауысым қарлығып, тіпті шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен мен өзімді қырғыз (қазақ - автор) емшісінің қолына бердім. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір құдай біледі. Өйткені қол қусырып өлгеннен гөрі осы жақсы» – депті. Осы хабардан елу күннен соң Шоқан жарық дүниемен қоштасқан еді.
Жоғарыдағы хаттан біз ауыр хал үстінде жатқан Шоқанның Верныйға да жете алмаған өкінішін байқаймыз. Сонда Шоқанды «Астраханнан бой көрсетеді» деу қай қисынға келеді? Ал сол кездегі Жетісу мен Астрахан арасындағы қарым-қатынас, жол машақаты, саяси ахуалдың қалай қалыптасқаны тарихтан белгілі. Сондықтан бұл қауесетті шындықтың ауылынан алыс жатыр деуге әбден негіз бар деп есептейміз.
Ендігі бір дәлел болатын жағдайды баяндау үшін шоқантанудың білгірі академик Ә. Марғұланға жүгінейік. Шоқанды қайта тірілтумен пара-пар қыруар жұмыс атқарған ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы «Шоқан туралы естеліктер» (1957 жылғы дәптерден) атты мақаласында («Мұра»/құраст. М. Сәрсекеев. – Алматы, Жазушы; 1990 ) былай деп жазыпты: «Құлыш, Нұрила, Зүбәйір, Жауар (алдындағы үшеуі – Шоқанның туыстары - автор) ұрпақтарының есінде сақталып келе жатқан әдемі әпсана Шоқанның өлімі туралы. Олардын айтуынша, Шоқан Алтынемел тауында, Тезек төренің үйінде ауырып жатып, әкесіне, шешесіне, туған-туыстарына, ұмытылмайтын достарына соңғы сөзін жазып, мұңын айтады.
– Мені ауру жеңді, шаршадым, қажыдым, халім төмендеді, сүйген елім, сендерді барып көруге дәрменім қалмады. Бұл сендермен соңғы рет амандасып, құшақтасып, көрісетін соңғы хат. Өсіп-өнулеріңе тілек білдіремін», – деген (29-б.).
Көкше өңіріндегі Сырымбетте болып, осы естеліктерді жазып алу барысында Шоқанның жесірі Айсарыдан туған жасы сексеннен аса бастаған Рабиғамен әңгімелеседі. Содан үзінді келтірейік: «Шоқанды есінде жақсы сақтаған кісі – Жақып пен Айсарыдан туған Рабиға. Ол Шоқан туралы көп мәселені анасының айтуынан естіп білген. Рабиғаның айтқаны: Тезек төренің үйінде жатқан Шоқанның өмірі. Ол бұл жерде бар тіршілігін жазу үстінде өткізген, қашан қажып жаңылғанға дейін жаза берген, суретті де көп салған. Қапалға, Алматыға, тау ішіне барғанда жазу мен суретті топ-тобымен әкеліп, Айсарыға көрсетіп отырған (сонда 9-б.).
Жоғарыдағы естеліктерден шығатын қорытынды не? Біздің пайымдауымызша, егер Шоқанға қастандық жасалса не дуэльде алған жарақаттан қаза тапса, ондай сырды Шоқан өмірінің соңғы айларын бірге бөліскен, адал жары болған Айсарыға, ал ол қызы Рабиғаға не басқа жанашыр туыстарына айтып кетер еді ғой. Өйткені Айсары өзін Шоқанның қатты қадір тұтқанын, сүйгендігін өле-өлгенше көңіліне медет тұтып өткен екен. Сонымен қоса Шоқанмен дос болған замандастары орыс офицерлері мен ғалымдарын қайда қоямыз? Олардан бір дерек қалар еді ғой, бірақ дәлел болатын құжаттың әзірше табылмағаны ақиқат. Сондықтан Шоқан сынды халқымыздың аяулы перзенті туралы сөз қозғағанда, нақтылы деректерге сүйене отырып тұжырым жасағанымыз абзал болар.
Шоқан өмірінің соңғы кезеңі туралы әңгіме болғанда оның Тезек төре ортасымен тығыз байланыста болғаны белгілі. Тезек төре туралы Шоқаннан қалған дерек өте аз. Сол сияқты басқа әдебиетте де ол жөнінде деректер мардымсыз. Оның бізге қажеттілігі мынада, Тезек те Шоқан сияқты Абылайдай алып бәйтеректің бұтақтары. Міне, осы арасы, яғни екеуінің туыстық дәрежесі қандай деңгейде екені де қызғылықты. Себебі, ол жағы әлі көмескілеу. Шоқанның жары Айсарыны Тезектің қарындасы дейді. Ал турасында ол кісіні Тезектің немере ағайыны Көшен төренің қызы деп жазады. Міне, осы жағдай төңірегіндегі сұрақтар баршылық. Сондықтан, аталған мәселелердің анық-қанығын тағы бір байыптап, саралап шыққан артық болмас. 
Осыған орай, Тезек төренің ата-тегі, өмірі мен қызметіне байланысты кейбір дерек көздеріне шолу жасайық. Белгілі жазушы С. Марков өзінің ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алған «Идущие к вершинам» (Алматы, 1981) деген тарихи-ғұмырнамалық зерттеу кітабында былай депті:
«...Чокан узнал, что Тезек сын Сюка, султан атбанов (албан-автор.) Большой орды... Что же касается  самого Тезека, то он, как правнук Абылайхана, считал себя чингизидом» (63-б.).
Ал «Шоқан  және өнер» (1985) атты тамаша еңбекті дүниеге келтірген Сейсен Мұхтарұлы «Келешек зайыбы Тезектің немере қарындасы. Көшен төренің қызы Айсарымен осы тойда алғаш жүздессе керек. Абылайханның шөбересі, ата Шыңғыстың ұрпағы Сүйік сұлтанның ұлы Тезек төре жөнінде Шоқан тарқатып ештеңе айтпаған»,  – деп жазыпты (134-б.). 
Енді жазушы Б. Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке» деген 1985 жылы «Жалын» баспасынан шыққан кітабындағы мына жолдарға назар аударайық: 
«Шоқан өміріне, сондай-ақ, Жетісу жерінің тарихына біраз байланысы бар адамның бірі Тезек төре. Ол – Әділ сұлтанның баласы Сүйік Абылайхановтан туған,  арғы атасы хан Абылай. Әділдің екі баласы болған: бірі – Ералы, екіншісі – Нұралы. Қолайлы қоныс іздеп көп көшіп-қонғандықтан, сан рет жұрт жаңалағандықтан ел Нұралыны «Көшен» деп, Ералыны «Тезек» деп атап кетіпті» (Ә. Алыбаев). 
«Шоқанның әйелі – Тезектің ағасы Нұралының қызы» (187-б.) – деп жазады. Жазушы партия, кеңес қайраткері Ә. Алыбаевқа сілтеме жасаған екен.
Ал Ә. Алыбаев болса, «Шоқан Уәлиханов және Жетісу» атты мақаласында («Жалын», 1978, №1) былай депті: «Шоқан Жетісудағы Рүстем сұлтанмен және Солитан төремен, Әділ сұлтанның баласы Тезек төремен танысады. Әділ сұлтан – ұлы жүздің аға сұлтаны Тезек  төренің туған әкесі» (139-б.).
Ал түсініп көріңіз, сонымен Тезек кімнің баласы болды?
Осы мақаланы дайындау барысында Тезекке байланысты бұдан басқа да кереғар пікірлер бар екенін байқадық. Бірақ, оның бәрін тізбелеп отырудың берері шамалы. Сондықтан нақтылы тарихи деректерге жүгінген жөн болар. Олай болса шындықтың ауылын Ш. Уәлихановтың шығармаларынан іздеген әбестік болмас. Шоқан өзінің «Қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі» атты еңбегінде Абылай ханның 12 әйелінен 40 қызы және 30 ұлы болғанын жазыпты (шығармаларының 5 томдық жинағы, 4-том, Алматы, 1985, 175-б.). Бір қызығы, солай жазғанымен Шоқанның өзі де, 30 ұлдың, яғни аталарының есімін толық түгендеп бере алмапты. Өйткені ол келтірген кестеде Абылайдың 19 ұлының аты ғана беріліпті. Әрине, оның белгілі себептері, қиыншылықтары болғаны анық. Кестеден Сайман ханымнан төрт ұл (Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім), ал Тохта ханымнан үш ұл (Сығай, Тағай және Сүйік) тарайтыны көрсетілген. Бұдан шығатын қорытынды Әділ мен Сүйік Абылайдың ұлдары. Олай болса Сүйік Абылайханов ешқандай да Әділ сұлтанның баласы емес. Ал Әділ сұлтанның балаларына байланысты деректі «Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы» атты жинақтағы (Алматы, Қазақ энциклопедиясы, 1995) «Из переписки киргизских ханов, султанов и проч.» деген мақаладағы Тобыл және Том генерал-губернаторы Капцевичтің 1822 жылғы 9 маусымында жазған хатында бар екен. Онда: Киргиз-кайсацской Большой орды, кочующие на урочище, называемом Семью реками, и за рекой Илею (Или), потомки хана Абылая, а именно султаны: Абылай, Галий, Бигалы, Туяк, Тиналы, Сейльхан, Нуралы, Эралы, Мамырхан, Тауке и Каиб, дети Адилевы, прислав ко мне из среды своей султана Эралы с письмом, ходотайствовали о принятии их в вечное подданство России...», – деп жазыпты (214-б.). Сөйтіп, Әділдің барлығы 11 ұлы  болғандығы жазылыпты.
Ал «Казахско-русские отношения в ХVІІІ - ХІХ веках» атты кітапта (Алматы, 1964) орыс патшасының Ұлы жүз қазақтарына сыйлық берген тізімінде (1864ж.) албан руының аға сұлтаны полковник Тезек Нұралиевке «Батылдығы үшін» деген жазуы бар алтын қылыш сыйға тартылғаны айтылады.
Сонымен, жоғарыдағы тарихи құжаттарды негізге алсақ, Тезек төре – Нұралының баласы, Әділдің немересі, Абылай ханның шөбересі болып шығады.
Енді сұлтан Тезектің атына келейік. Ол туралы «Из истории казахов» атты жинақта (Алматы, Жалын, 1999) жарияланған «От Петербурга до Семипалатинска. Из «Путешествий в Тянь-Шань в 1856-1857 годах» атты мақаладан оқуға болады. Онда орыстың атақты жиһанкез ғалымы П. П. Семенов-Тянь-Шаньский  «Тезеку было немного 40 лет отроду... Он родился недоношенным ребенком, почему и получил имя Тезека (что значит по киргизски помет)» (218-б.) – деп жазыпты. Сондықтан Жетісу өлкесін аралаған әлемге әйгілі ғалымның айтқанына тоқтағанымыздың қателігі болмас. Сонымен Тезек төре есімін ешқандай Ералы емес – Тезек деген қалпында қабылдаған жөн болар. 
Келесі бір пікір Көшен төре жөнінде. Ол кісіге байланысты деректі  «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы (бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы, 1998 ) басылымының 1-ші томынан кезіктірдік. «Абылай хан әулеті шежіресі» атты мақалада (авторы Шота Ыдырысұлы Уәлихан): «...Әділ Жетісуда тұрып, Ұлы жүздің сұлтаны атанды. 1815 жылы Ташкенттің түбінде қайтыс болды. Әділдің Абылай (Құлан), Ғали, Ералы, Нұралы, Бегалы, Тінәлі, Төлек, Мамырхан, Тәуке, Қайып, Көшен және Сейілхан деген ұлдары Ұлы жүздің дулат, албан, жалайыр, шапырашты, суан руларын биледі. 1823 жылы бәрі Сүйік Абылайхановтың артынан Ресейдің билігіне (50 – б.) көшті, – деп жазыпты.
Осы деректерге сүйенетін болсақ, Көшен де Нұралы емес, яғни ол Әділ сұлтанның баласы, Абылай ханның немересі. Сонымен жоғарыдағы деректерді негізге алсақ, Тезек төре де, Шоқан мен Айсары да Абылай ханның шөберелері. 
Бір ескеретін нәрсе, Көшенге, Тезекке байланысты тарихи деректерді әлі де іздестіре берген жөн деп білеміз. Өйткені аталған энциклопедияның (1-том) 640-бетінде «Әділ Абылайұлы» атты мақалада (авторы көрсетілмеген) былай деп жазылыпты: «Бірнеше әйелден (Әділ сұлтанның-автор.) 10 баласы болады (Абылай, Әлі (Ғали), Ерғали, Бегалы, Тінәлі, Төлек, Мамырхан, Қайып,Тәуке, Сейілхан)». Бұл тізімде Көшен, Нұралы, Ералы есімдері көрінбейді. Сонда қалай, бір кітаптың ішінде, бір мәселеге байланысты екі түрлі пікір берілген. Осы орайда оқырман тарапынан жоғарыда айтылған мәселелерді тәптіштеп жазудың қажеті бар ма деген сауал туындауы да мүмкін. Ондай болса айтарымыз, Шоқандай ұлы тұлғаның өмірбаянына қатысты мәселелерде «ұсақ-түйек»  деген көзқарас болмау керек. Өйткені Шоқанға байланысты түймедей дерек көзі де біз үшін қымбат.
Сондай тың деректер ұшын таяуда қолға түскен бір кітаптан байқағандаймыз. Ол кітап аты: «Письма Г.Н. Потанина т. 1 (сост.   А. Г. Грумм-Гржимайло, С.Ф. Коваль, Я.Р. Кошелев, Н.Н. Яновский - 2- е изд. Перераб., доп.- Иркутск: Изд- во  Иркутск. ун- та, 1987. 280 - с.)». Осы еңбектің алғысөзінде Г.Н. Потанин жазып қалдырған барлығы 662 хаттың 630 әлі еш жерде жарияланбағандығы жазылыпты: «Ал бірінші томда берілген 70 хаттың бес жерінде Шоқан есімі аталады, оған байланысты ойлар айтылған. Соның біреуіне ғана тоқталайық. Г.Н. Потанин 1860 жылғы 26 тамызда (Петербург)  Н.С. Щукин деген адамға жазған хатында былай депті: «Кто это написал лесть Гасфорду в августовских номерах «Северной почты»? Мы с Валихановым хотим перебрать все и старые лакейские статьи» (52-б.) Осы қысқа жазбаның өзінен біраз нәрсені бағымдауға болады. 
Осымен Шоқан тұңғиығы, яғни оның өмірі мен ғылыми мұраларының зерттелуі хақындағы кейбір даулы, әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер төңірегіндегі ой-түйсіктерімізді аяқтаймыз. Алайда, бұл жоғарыдағы пікірлерге нүкте қою емес, келешекте де жалғасын табар деген ойға жетелейді. Өйткені, Шоқан алыстаған сайын биіктей беретін ұлы тұлға.
Осы кезге дейін шоқантану саласында атқарылған кейбір істердің шет-жағасын жоғарыда айтқанбыз. Дегенмен, тындырылған шаруаларға кеңірек тоқтала кеткен артық емес, өйткені, ауызды құрғақ шөппен сүртпей, барды бар деп көрсеткенге не жетсін. Сол жүзеге асқан шаралардың ішіндегі ең сүбелісінің бірі – Ш. Уәлихановтың таңдамалы шығармаларының бес томдығының жарық көруі. Осындай айтулы шығарма академик Әлкей Марғұланның үлкен еңбегі, басшылығының арқасында екі рет басылып шықты (1961-1972, 1984-1985 ж.ж). Бертінде Шоқан шығармаларының бірнеше томдық жинақтары тұңғыш рет баспадан жарық көрді. Бұдан басқа көптеген көркем туындылар, романдар, повесть, ғылыми монографиялар және мақалалар жариялануда. Алматы, Көкшетау, Семейде  Шоқанға ескерткіштер орнатылса, ол қайтыс болған өңірде «Алтынемел» мемориалдық мұражай- кешені ашылды. Көкшетау облысының бір ауданына, қаладағы жоғары оқу орнына, Алматыдағы Ғылым академиясының тарих және этнология институтына және №68 орта мектепке ғалым есімі берілді. Ал кең-байтақ республикамыздағы бірнеше шаруашылық, ондаған көшелер оның атымен аталды. Шоқан туралы 1985 жылы түсірілген көп сериялы телефильмді аса қызығушылықпен, мақтанышпен көргеніміз әлі есімізде. Бұрынырақ атақты актер Нұрмахан Жантөрин ойнаған көркем фильм экранға шықты. Ш. Уәлиханов атындағы бейнелеу өнері мен архитектура саласындағы Мемлекеттік сыйлық және ҚР Ғылым академиясының қоғамдық және географиялық ғылымдар саласындағы сыйлығы тағайындалды. Шоқан есімін Ресей жұртшылығы да ардақтайтынын 1989 жылы Омбы қаласында болғанымызда байқаған едік. Омбылықтар жерлесіміздің атымен қаладағы орталық көрікті көшесінің бірін атапты. Ертіс жағалауынан бастау алатын сол көшенің аяғына дейін жаяу жүріп, бітер тұсындағы зәулім Спорт сарайының маңында тұрып жатқан жергілікті қазақ ағайындармен әңгімелесіп, Шоқанға деген ыстық лебіздерін тыңдау бір ғанибет болып еді. Осы бертінде ғана оның тұғырға қонған еңселі бейнесі сол көшенің өзі оқыған кадет корпусына таяу тұсына, Қазақстан Республикасы консулдығының алдына орнатылғаны белгілі. Биыл іссапармен қалада болғанымызда аяулы қандасымыздың қоладан құйылған мүсініне бас та игенбіз. Жалпы, Шоқанның ой-санасын жоғары бағалап, қысқа да нұсқа, өте түйінді пікір айтқан профессор Н.И. Веселовский: «Шығысты зерттеу әлемінің аспанынан құйрықты жұлдыздай жарқырап ағып өткен», – деп өкінішпен жазғанымен Шоқан Уәлиханов есімі ХХ ғасырда қайтадан жаңғырып, қазақ әлемінің жарық жұлдызына айналғандығы ақиқат.
Сөйткенмен іс бітті деп бұл тақырыпты жылы жауап қойсақ, бұл елдігімізге сын емес пе?! Бұлай деуге бізді итермелеген себептердің бірі – Шоқан туралы ой толғаған Қ. Әбуов, Шотаман Уәлихан, И. Шәмшатұлы және т.б. зерттеушілердің баспасөзде жарияланған мақалалары. Соның біреуінен үзінді келтірейік: «Шоқанның жазғандары, ой-түйсіктері күні бүгінге дейін қазақ оқушыларына жетпей жатыр. Дербес, тәуелсіз болған елге бұл лайық па? Шоқан алдымен өз халқының тарихын, мәдениетін зерттеп, оның болашағына көз жіберіп, алаңдамап па еді? Реформалар жайлы айтқаны бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне мұрын тіреп тұрған жоқ па? Жас жігіттің көрегендігі, кемеңгерлігі бізді, ұрпақтарын таңғалдырмай ма? (Шота-Аман Уәлихан. Ақиқат, №1, 1996, 49- б.). 
Енді тағы бір пікірге құлақ түрейік. Қабылан Көрпебаев «Ұмытпаңдар мені» атты мақаласында (Егемен Қазақстан, 26.09.2001) Шаңқанай аулындағы Шоқанға арналған мемориалдық мұражай-кешеннің бүгінгі жағдайының өз деңгейінде еместігін тілге тиек ете келе «...Шоқан рухын сыйлайтынымыз рас болса, республикалық бюджеттен қаржы бөлу кезек күттірмейтін мәселе» деген жан айқайымен бөліседі. 
Сонымен Шоқан есімін ардақтау, оның ілімін игеру бір күннің ғана шаруасы емес, ол әрқашанда есте тұтып, ой сүзгісін үздіксіз дамытатын процесс екендігі ақиқат. 
Сөзімізді қорытындылай келе Алматыдағы Шоқан ескерткішіндегі: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», – деген тасқа ойылып жазылған сөзіне тағы бір зер салайықшы. 
Шоқанның айтқаны келіп жерімізде азаттық таңы атып, Қазақстанның дербес мемлекет болғанына да жиырма жеті жыл толады. Осы кезеңде еліміз әлемге кеңінен танылды. Бүгінгі тәуелсіздік кезеңі Шоқан аңсаған, армандаған заман деуге толық негіз бар. 
Ш. Уәлиханов өз еңбектерінде білімнің жалпы адамзатқа ортақ құндылық болғандықтан қазақ халқы да одан қалыс қалмауын баса айтады. Ең бастысы, халқымыздың тілі мен діліне, мүддесіне сай даму қажеттілігіне назар аударған болатын. Егемен ел болғанымыз, бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай білім саласында да дербес саясат жүргізетін мүмкіндік туды. Бүгінде ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қазақ тілінде оқитын мектептер саны еселеп артты. Ал жоғары оқу орындары бұрын түсімізге де кірмейтін әртүрлі мамандықтар бойынша қазақ тілінде студенттерге білім беруде. Осы үрдісті мықтап дамытуда, ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрді жандандыруда, асыл қазыналарымызды игеруде, әсіресе ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде Шоқан көрсеткен өнеге, қалдырып кеткен рухани-әлеуметтік бай  мұраның берері мол екенін ұмытпағанымыз жөн. Сонымен бірге Шоқан өмірі Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылдық»,  – деген сөзінің айқын дәлелі. Осыны да естен шығармайық. 
Шоқан сынды ұлы тұлғаның ілімінен ой сүзіп, оның өнегелі өмірі, озық ой, білім, парасаты негізінде жас ұрпақты тәрбиелеу, білім-ғылым биігіне жетелеу, халқын сүюге баулу маңыздылығы әлдеқайда қымбат екенін ескерген ләзім. Өйткені, Шоқан тағылымы халқымыздың келешегіне,  рухани өркендеуіне әрдайым серпіліс беріп, ықпалы зор өшпес мұралар санатынан орын алатындығы ақиқат. 

Өмірзақ СҰЛТАНОВ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 
С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты