Кітап - көңіл айнасы

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1466
Бөлім: РУХАНИЯТ

Журналистер үйінде орналасқан «VIP ZHETYSU» кітапханасында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен кездесу өтті.

«VIP ZHETYSU» кітапханасы көркем әдебиет, детектив, триллер, комикстер сынды 350-ден астам түрлі жанрдағы кітаптарға толы. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туындыларының толық нұсқасы да бар. Сондай-ақ, көзіқарақты оқырман сүйіп оқитын үздік әлемдік бестселлерлер: «Гарри Поттер», «Соғыс және бейбітшілік», «Кішкентай ханзада» және көптеген басқа шығармалар кездеседі. Тәлімі мол кездесу барысында Жақсылық Мұқашұлы:
– Заман ағымы өзгерсе де, құнын жоғалтпайтын бір дүние бар, ол – кітап. Ал кітапхана – кітап мекендейтін парасат қоймасы. Ондағы қазына сарқылмақ емес. Қазіргі таңда көп кітаптар жарық көріп, жазушылардың жаңа легі шығып жатыр. Меніңше, шығарма оқырманға ой салса, сол жазушы үшін басты олжа деп білемін, – деді. Сонымен қатар, ол ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдерін оқып, оқырмандарды бір серпілтіп тастады. 
Кездесу барысында қатысушылар толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Ал шара соңында «AmalBooks» баспасының негізін қалаушы, бірнеше кітаптың авторы Бақытжан Бұқарбай өзінің «Күміс кітап» атты туындысын оқырман қауымына таныстырып, қолтаңбасы жазылған кітапты тарту етті. Оқу залында бұған дейін оқырмандармен Бейсен Құранбек, Елдос Баялышбаев, Қайрат Әбдірахман сынды клуб мүшелерімен кездесулер өткен болатын. 

Әмина Құдайбергенова