МЕРГЕНБАЙ БАТЫР

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 5378
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Елі үшін туып, еңбек етіп, әділет жолында қиянат көргеніне қарамастан туған жерінен алыстамайтын жандар болады. Әйгілі Қарқара көтерілісі кезінде алдыңғы саптан көрініп, қарапайым қазақтың қамын жеген Мергенбай батырды сондай жанның қатарына жатқызамын. Ол кісі жайында ел ішінде көптеген әңгіме бар. Соларды жинау, бір ізге түсіру мақсатында Текес ауылына барғанымда Нарынқол өңірінде туып-өсіп, ұзақ жыл «Тегістік» қой кеңшарының директоры, Қақпақ ауылының әкімі болған Әбікен Қожыкеевпен кездестім. Ол 1916 жылғы көтерілістің қаһарманы – Қожеке батырдың немересі. Ал мен түскен үйдің иесі – Мергенбай батырдың баласы Құдайберген ата.

 

   Кездесу барысында Мергенбай мен Қожекенің достығы, ел басына түскен нәубетті бірге көргені жайында көп әңгіме айтылды. 1916 жылғы Қарқара көтерілісінде Жәмеңке, Ұзақ батырлар бастаған қолға Мергенбай, Қожеке, Монай, Мұқан сынды жігіттердің ілескені сөз болды. Бір өкініштісі, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» атты повесінде Мергенбай батыр туралы деректер жазылмайды. Оның себебі, 1930–1932 жылдары ОГПУ тілімен айтқанда Мергенбай «контра», «банды» деген атты иеленеді. Әрине, қара күйе жағылған адамды коммунистік партияның  ақтап алуы мүмкін емес еді.
   Кеңес өкіметі 1918 жылы Нарынқолда орнағанымен, артынша ақ гвардияшылар тобы басып қалады. 1920 жылдың жазына қарай жергілікті халықтан құралған жасақ 300-дей ақтың атты эскадронын Талдысай аузында қоршауға алып, жояды. Сөйтіп, Нарынқолда Кеңес өкіметі қайта орнайды. Осы ұрыс кезінде Мергенбай Жаманкөзұлы, Қожеке Жарылқасынұлы, Оразымбет Қазыбеков, Құдайберсін Жауғашев, Жазылбек Серібаев секілді батыр жігіттер көзге түседі. Солардың ішіндегі батырлығы басым Мергенбайдың ерлігін, адамгершілігі мен жақсы қасиетін көпшілік әлі айтып жүреді. Сондай ерлігінің бірін Әбікен Қожыкеев әңгімелеп берді.
   Осы өңірде Байқұлақ деген бай өмір сүріпті. Әлгі байдың 1000-ға жуық жылқысын жылқышылар өгіз мініп бағады екен. Бір күні қырғыз барымташылары жылқышыларды соққыға жығып, үйір-үйір жылқыны айдап әкетеді. Бұған қапаланған сараң бай Мергенбайға: «Жылқыларымды қайтарып әкеп берсең, ақысын төлеймін» деп уәде береді. Жанына қаруланған 5-6 жігітті ертіп, Сырт жайлауындағы қырғыздар мекендеп отырған жерге аттанған Мергенбай жылқыны табады. Атыс-шабыс болып, 2 қырғыз мерт болады. Ақырында кездескен қиындыққа қарамастан жылқыны иесіне жеткізіп береді. Алайда сараң бай өтемін берер кезде уәдеде тұрмай, сөзден жалтарады. Бұған ашуланған Мергенбай біраз жылқыны күшпен алып, Текестегі кедей-кепшікке бөліп береді. Осы кезде кісісі өлген қырғыздар Жаркент уезінің басшысы Колпаковскийге барып шағымданады. Ол кезде Сырт жайлауын мекендеген қырғыздар Жаркентке бағынған. Бірер күннен соң Мергенбайды жанындағы адамдарымен Жаркентке сотқа шақыру келеді. Мұны естіген Жәмеңке батыр олардың қасына сөзге шешен, тілге тапқыр Қаражанды қосып жібереді.
   Қаражанның тапқырлығы жайлы әңгіме көп. Соның бірінде Қаражанның алдынан екі жолаушы жолыққаны айтылады. Аз-кем амандықтан соң жолаушының бірі Қаражаннан насыбай сұрайды. Қаражан: «Е, сен де сол жылқылы ауылдан екенсің ғой», – деп сұрағанын береді. Қош айтысып, өз жолдарымен кетіп бара жатып екінші жолаушы:
– Жаңағы кісінің сөзіне түсінбедім, нені айтқысы келді? – деп бірінші жолаушыға қарайды. Сонда біріншісі:
– Жылқы өзінің тастаған қиын өзі жемейді емес пе?! Соны ескерткені ғой, – депті.
Сол сөз шебері, тапқыр Қаражан Жаркентке сотқа бару үшін Мергенбайларға ілеседі. Тиісті жерге келсе, қырғыздар бұлардан бұрын келген екен. Бес-алты жылқы мамаағашта байлаулы тұр. Ішінде құлағында ені бар бір торы ат ауыздығын шайнап тұрғанда, тілінің ұшындағы қалын Қаражан байқап қалады. Сотқа кіргенде болған оқиға туралы бірінші қырғыздардан жауап алынады. Екінші жақтан сұралғанда Қаражан:
– Осыдан бір жыл бұрын осы қырғыздар біздің бақташыларымызды соққыға жығып, бір үйір жылқымызды айдап әкеткен. Сол кезде ұрланған жылқының бірі сыртта байлаулы тұр. Құлағында ені, тілінің ұшында қалы бар, сенбесеңдер барып көріңдер! – деп әңгіменің тереңде жатқанын меңзейді. Мұндай мәлімдемеден кейін сот орындаушылары тексеріп, оның сөзі рас екенін дәлелдейді. Осындай дәлелді алға тартқандықтан қырғыздар төлемін өтеп, Мергенбайлар елге жеңіспен оралады.
   Сөйткен Мергенбай Жаркент – Нарынқол комендатурасының басшысы Шальдинмен жақсы таныс, жан аямас тамыр болған. Кеңес өкіметі Нарынқолға жаңа орналасқан жылдардың бірінде Жабыр тауында жүрген Мергенбай жылқыны Текес өзеніне айдап түседі. Өзенге келсе, екі ат жеккен арба өзеннің дәл ортасында тұр. 4-5 қызыл әскер атты арбаны шығара алмай, суға малшынып жүр. Әлгілердің икемсіздігін көрген Мергенбай аттан түсіп, өзеннің ортасындағы арбаны белуарынан келген суға қарамай күш салып итереді. Жәрдемді сезген қос ат арбаны жұлқылай сүйреп, өзен жағасына шығарады. Осының бәрін сырттай бақылап тұрған қызыл командир: «Міне, нағыз батыр!» – деп Мергенбайдың арқасынан қағады. Екеуі қол алысып, дос болады. Кейіннен сол Жаркент – Нарынқол комендатурасына, Шальдиннің қарамағына комотряд болып жұмысқа алынады.
   Алайда арада Кеңес өкіметінің қазақ халқын түбегейлі құртуды көздеген зымиян саясатын ұғынған Мергенбай батыр Қытайға қашып, жан сауғалаған жұртты шекарадан өткізуге қатысады. Сөйтіп қатарынан бес көшті аман-есен шекара асырады. Дәл алтыншы көш асудан өтіп жатқанда бір нар түйе мен бір қария құздан құлап өліпті. Ақырында әупірімдеп өткен көш Хантәңірі шыңының шығыс жағындағы бір сайға барып тоқтайды. «Енді артымыздан ешкім қуа қоймас, осы арада бірер күн тынығып алайық», – деп шешеді көштегілер. Осы мезетті пайдаланып қалуды көздеген Мергенбай батыр қасына 5-6 жігітті ертіп, асудан қайтадан артқа өтеді. Себебі, бергі жақта көшке ілесе алмай қалған елдің қамы тыныш жатқызбаған еді. Соларға қорған болып жүргенде бір жансыз Нарынқолдағы комендатураға көштің қай сайда жатқанын айтып қояды. Жеделдете жеткен қызыл әскер көшті жан-жағынан қоршап, елді мылтық атып қорқытып, Нарынқолдағы түрмеге айдап әкеп қамайды. Мұны естіген Мергенбай батыр түн жамыла Нарынқолға жетеді. Аңдып басып, үйлердің қалқаларына жасырына жүріп Шальдин отырған кабинетке жетеді. Есіктен кіріп келіп, Шальдинге қаруын кезеніп, қамауда отырған елді босатуын талап етеді. «Талап орындалмаған жағдайда комендатураның күлін көкке ұшырамын», – дейді Мергенбай батыр. Алайда ескі досы Шальдинді өлімге қимай, қолындағы шай ішіп отырған шынысын оқпен атып түсіреді. Тез қимылдап, қараңғыға сіңіп, көзден таса болады. Ертесі көштегі елдің біразы босатылады, бірсыпырасы сотталып, Сібірге айдалады. Сотталғандардың ішінде бір әкеміз Уәлібай ата да болыпты. Түрмеде біраз жыл отырған соң қашып шығады да ауылға келіп, содан Қытай жеріне өтіп кетеді.
   Көшті ұстап берген сатқынды бір апа таниды екен. Әлгіні ұстап алып, жағасынан сілкілеп, үстіндегі киімінің дала-даласын шығарыпты. Кейіннен Қытай жеріне қайтадан қашып өткендер Ақдала, Ақсу, Қарасу елді мекендеріне қоныстанады. Міне, алтыншы көштің қысқаша тарихы осылай.
   Мергенбай батыр жайында уақытында ақын Көдек Байшығанұлы жырласа, беріде әкеміз Тілеужан Сақалов ел ішіне білгенін айтып жүрді. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мәкен Әлиасқарұлы «Замана зардабы», белгілі журналист Жанболат Аупбаев «Тянь-Шанның ковбойы» атты мақала жазса, Текес ауылының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Алтай Байбосынов естеліктеріне қосты. Одан бөлек Қытай жерінде тұратын қандастарымыз жазған еңбектерінде аты аталып, кітап, газет-журнал беттерінде халыққа ұсынылды. Мұның бәрі ұрпағымыздың болашағы үшін істеліп жатқан игі істер. Келешекте халқымыздың тарихын терең зерттеп, жазып жүрген ғалымдар ескерсе деген ниеттеміз.
  Менің әкеммен аттас тағы бір Мергенбай сол заманда өмір сүріпті. Ол туралы «Президент және халық» газетінің 2016 жылғы 18 қарашадағы №46(584) санында жарияланған «Мергенбай батыр, оның замандастары мен ұрпақтары туралы сыр» атты мақалада жазылды. Сонда: «Албан тайпасында осы уақытта өмір сүрген екі Мергенбай болған. Оларды бір-бірімен шатастырудың реті жоқ. Бірі Ерденұлы Мергенбай болса, екіншісі, бүкіл Албан білетін Құсық атадан шыққан батыр Мергенбай. Олар өз халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, сол жолда қаза тапқан есіл ерлер»  делінген.
   Шаһиттіктің дәмін татып, елінің, жерінің тыныштығы үшін жан қиған жандарды Алла алдынан жарылқасын!

Болатхан Нүсіпбеков,
БҰҰ Халықаралық Адам
құқығын қорғау
комитетінің Қазақстан Республикасындағы
өкілдігінің бас сәулетшісі