Сыңар болсаң пендеңді шиыр, өмір

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 2321
Бөлім: РУХАНИЯТ

МЕН ТУҒАН ЖЕР

Мен туған жер – жер біткеннің төресі,
Тауы – мұнар, ойы – жұмақ, белесі –
бесігіндей тербетілген анамның.
Маңдайымнан сипағандай желі есіп.

Даласы – кең, шапанындай әкемнің,
Қол созғандай көктен жұлдыз әпердің.
Туған жердің босағасы мың артық,
Кілем жайған төрінен де шетелдің.

Суы – зәм-зәм, бал татыған бұлақтың,
Исі жұпар, мас қылардай құрақтың.
Өзені асау – арқыраған арыстан,
Екпінімен таудан тасты құлатқан.

Ауасы саф, тынысыңды ашады,
Қадамыңа гүлден шашу шашады.
Сағынғанда жусанынан бір иіске,
Жусан исі құмарыңды басады.

Теріскейде қарағайы тізілген,
Қарақаты моншақ дерсің үзілген.
Қымыздығы сусыныңды қандырып,
Нұр ойнатар қуаң тартқан жүзіңде.

Сағынысып жолға қарап құз да тұр,
Мұнда келсек, біз баламыз, біз батыр.
Жата қалып топырағыңды сүйейін,
Туған жерде әкем басқан із жатыр.

Осы жерде әлдиледі анашым,
әнге бөлеп көк пен жердің арасын.
Бар балаңды тек өзіңе табынтқан
Уа, Туған жер, неткен асыл, дарасың!

МЕН – ҚАЗАҚПЫН

Менің жерім – жерұйығы мекеннің,
Қызықпаймын қызығына бөтеннің.
Елім барда, көңілдегі кетер мұң,
Мен бақытты екенмін!

Айтылған сөз, берген сертке бекеммін,
Қазағымды мендей сүйіп өтер кім?!
Қаракөздің жыртқызбаймын жағасын,
Мен намысқой екенмін!

Көкжал-бөрі, көк аспаным, көк туым,
Дана қартым, ибалы қыз, текті ұлым.
Жауға кеткен қайтарамын есемді,
Сірә да мен кектімін!

Есер емен, соқтықпаймын бекерден,
Ынжық та емес қыл бұрауға еті өлген.
Қорлағанның түбіне әсте жетем мен!
Ата салты, аманаты өтелген,
Қазақ болып өтем мен!

ЖҮРЕКТІ ЖҰЛЫП БЕРЕМІН

Мың жылдық қарсыз қарайып қалып та барады шың басы,
Дария қарттар азайып, тартылды ақыл жылғасы.
Төгіліп болып шын өнер, қалған ба деймін тұнбасы,
Мен жүрген мына бір әлем – өмірдің тек сұлбасы.

Аламан бәйге шабысып, арғымақ болса жабағым,
Ағалар баптап, шыңдаса, қайтармай жастың талабын.
Жайылым малға, бала үйге, егінге толса алабым,
Жауынан ықпай батырым, алынбас болса қамалым.

Тыңдаушысы табылып, сөз қуанса деп едім,
Көргендісі көбейіп, көз қуанса деп едім.
Етегін жауып ессіздің, бөз қуанса деп едім,
Шын дұшпанға атылып, жез қуанса деп едім.

Еңсесін тіктеп, еленіп, ез қуанса деп едім,
Түзетіп уық, кереге «тез» қуанса деп едім.
Асылдан асыл, ағайын, қатты да айтты демегін,
Өзің үшін, қазағым, жүректі жұлып беремін!

АСЫҚПЫН

Кеудеңде жарқын жаға алмасаң жұғымды от,
Досыңа да, дұшпаныңа да құның жоқ.
Сусыған уақыт кетпесін текке шығын боп,
Кешеден қашық, ертеңнен жақын күнің жоқ.

Тәуекел шешім тұлдыр арманды тұр ықтап,
Қалар ма-ай жетім тұрса да торып қырық бақ.
Өмірдің заңы өзіңді кепілге алатын, 
қашқаныңмен де қас қағым сәтте құрықтап.

Жасқанба жоққа, мастанба барға тасып тым,
Дәл осы күннің қымбат-ау құны, жас, ұққын.
Өрекпіп көңіл өртеніп жүрсем сөкпеңдер,
Өмір сүруге, өмір сүруге асықпын!


ТІРІМІН МЕН

Дос, қуан,
Дұшпан, түңіл,
Тірімін мен!
Өлгем жоқ,
сабақ алдым сүрінуден.
Дүрсіл қағып кеудемнің қақ төрінде
Алаулаған жүрегім
тұр ілінген.

Ашылды
өкпем тағы,
Көсілем мен,
Сынаған сайын Өмір
Өсіп-өнем.
Жіберген жер бетіне хақ тағалам
Жетім боп қалмасын деп есіл өлең.

Жарқ еткен жасын менмін түнек күнде,
Тап болдым жүдеп жүріп бір екпінге.
Арамза, таса тапсаң тығыла бер,
Адамзат,
жырымнан ал, тілек бірге.

Ешқашан құмартпағам жеңіл іске,
Қол сынса жасырады жеңім ішке.
Қайрайтын қынабында қыңқ еткізбей,
Рахмет жеңіске емес, жеңіліске!

ОЯТТЫ ТАҢЫМ

Тағы да күліп оятты таңым,
Төгіліп нұры тұрды атып.
Бойымды билеп, боялып жаным,
Құйылып келді жыр-жақұт.

Тыныш түндегі тұнық түстерім,
Мамыражай, мамық күй кештім.
Қалықтап ұшып, тербеліп түскен,
Әлемді ғажап сүймес кім?

Шайқаған жылы самал-дүр бағы,
Шақырған мені белеске.
Тәтті түс пе екен таң алдындағы,
Еліткен әлде елес пе?

Жымыңдап барып жұлдыздар сөнді,
Қалайын дей ме тіл қатып.
Жүрекпен сүйіп, осының бәрін
сезіну, шіркін, бір бақыт.

Қалдырып күйбең тіршілік, ісім,
Құшағыңды аңсап ең ыстық.
Ертеңгі күнге нәр алу үшін,
Келемін қайта, Кеңістік!

ӨМІР

Құйын өмір, біреуге қиын өмір,
Біреуге бос, біреуге түйін өмір.
Алшы түссін тағдырым пешенеме,
Сынар болсаң пендеңді шиыр, Өмір!

Не түссе де жазмышқа көтеремін,
Азап берсең қоса бер шекер-емін.
Ашындырған ащыңды татпағанда,
Дәмін білмей тәттінің өтер едім.

Сор ұсынсаң бағыңды қоса бергін,
Еменнен бер қапталын босаң ердің.
«Шарт» еткенде жүзіме шапалағың,
Сипаса деп маңдайды тоса бердім.

Сый қып тағы сақтадың әлі нелер?
Арыма бер не берсең, әліме бер.
Жеңіс қимай саған сын, желкелесең,
Жеңе алмасам, маған сын бәрін егер.

Сиқыр өмір, арпалыс, сылаң өмір,
Біреулерге қалтарыс, бұлаң өмір.
Қанжар сұқсаң сыртымнан амалым жоқ,
Қылыштасаң қасқайып тұрам, Өмір.

УАҚЫТҚА БАЙЛАУ БОЛЫП...

Уақытқа байлау болып жарымайсың,
Бір күннен бір күн жүйрік, жеткізбейді.
Безбенінде Тәңірдің тарыдайсың,
Алдыңнан мың қараны өткіз мейлі.

Өмірдің құба белі құлдыратып,
Қыл бұйдамен құлындай жетелесе, 
ере бердік. 
Өткенді бұлдыратып,
тез жеткізеді екен-ау төтелесе.

Аптыққанда аңдамай ақтарып ап,
Жатамыз көңіл толы ақ шараны.
Қайтарымға келмейді, 
қайтпасы хақ,
басымыз тасқа тиіп жатса дағы.

Жүрейікші жолымыз тоғысқасын,
Жамандықтың жұқтырмай қара майын.
«Арғы жаққа» кетпейміз қол ұстасып,
Осы өмірде сыйласып қал, ағайын!

Айгүл ЖҰМАДІЛ