Ұлттық операның раушан гүлі

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 2214
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен жұмада Қарасай ауданы, Шамалған ауылындағы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы «Атамекен» тарихи-мәдени  орталығы»  мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында Алматы облысының мемлекеттік архивінің отбасылық қор иелері Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бахытбек Қошмұханбетов және көрнекті опера әншісі, ұстаз, профессор, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының халық әртісі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Мемлекеттік сыйлығының және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты Роза Жаманова архивке өз қолымен болашақ ұрпаққа мұра етіп тапсырған өмірбаяндық, қызметтік, қоғамдық жұмыстарын баяндайтын, сахна төрінде сомдаған рөлдерін бейнелейтін құжаттар мен суреттер енгізілген,  өнерсүйер қауымға және көпшілікке арналған «Өнердегі, өмірдегі қос жұлдыз» атты жинақтың тұсаукесер салтанаты өтті. 

Жинақ Алматы облысының әкімі А. Баталовтың қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша және Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Әбдуәлиевтің ұйымдастыруымен басылып шықты. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Шын мәнінде Қазақстанның әрбір жетістігі артында алуан түрлі тағдырлар тұр», – деп айтқандай дара тұлғалар, халқының мәдениетінің игі жолында келешегі үшін табандылықпен еңбек көрсеткен көпшілік кауымның ортасында зор беделге ие болып, елдің ілтипаты мен сый-құрметіне бөленіп, еңбегімен мемлекет тарапынан жоғары бағаланып мәртебелі наградаларға ие болған Бақытбек Қошмұханбетов пен Роза Жаманованың өмірі мен өнерін білмейтін қазақ жоқ деп ойлаймын. Олар қазақ әдебиетіне, қазақ өнеріне, операсына толағай табыс пен өшпес із қалдырды. 
Роза Үмбетқызы 1928 жылы, 16 сәуірде Ақтөбе қаласында туған. Әке-шешесінен ерте айырылған Роза жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. Музыкаға сүйіспеншілік жетелеп, бос уақытын музыка аспаптарында ойнауға арнайды. Ол әуелі габойда ойнауды үйренеді. Бірақ кейіннен ынта-назары фортепьяно аспабына ауысады. Тәрбиешілер, мектеп мұғалімдері Розаның музыкаға деген жоғары қабілетін аңғарып, Орал музыкалық училищесіне қабылдануына ықпал етеді. Роза Жаманова Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, осы білім ордасында оқып  жүріп, еңбек жолын бастап, 1953 жылы Абай атындағы Қазақ  мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жеке дауыстағы әншісі атанған. Училищені үздік бітірген Роза консерваторияға қабылданады. 1954 ж. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның вокалдық факультетін бітіреді. 1958 ж. желтоқсанда Роза апамыздың Мәскеудің үлкен театр сахнасында табанды еңбектеніп «Біржан-Сара» операсында Сараның ролін ойнап, мәскеуліктер «Таңғажайып құбылыс» деп танып, КСРО-ның халық әртісі атанғаны баршамызға аян.
Өнер иелері А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай»,            М. Төлебаевтың  «Біржан-Сара», Брусиловскийдің «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғын»,                С.  Мұқаметжановтың «Айсұлу», «Алпамыс», Е. Жұбановтың «Жиырма сегіз» бен «Еңлік-Кебек»  сияқты 20-дан астам қазақстандық композитордың операларында басты партияларды әлемдік, ұлттық операларда сахналық бейнелерді аса шебер сомдаған, соның ішінде қазақ қойылымдарында басты кейіпкерлер ролін ойнауда ұлттық нақышы, мінез-құлқы, сезім, қуаныш пен өкініштің қарама-қайшылығы, бақыт пен қайғының айырмашылығын аса шеберлікпен ерекшелеген тұлғалар.
Розаның әкесі Үмбет – кеңес, партия қызметкері. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында туған. Орынбордан жұмысшылар факультетін бітірген, мұғалім. Алашорданың Жымпиты бөлімінің жұмысына қатысқан. Алматы, Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды, Саратов, Орынбор қалаларында басшылық қызметте, Орынбордың Адамау ауданында (ол кезде Ақтөбе облысына қараған) аудандық партия комитетінің хатшысы болған. 23 ақпан 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған. Кейін ақталған.
Шешесі Зібира Димухамедова 1895 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында туған. Сауатты. Латынша, арабша оқу, жазу білген. Аса дәулетті байдың қызы, «халық жауының» әйелі қашып, жасырынып жүрген. 1945 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында қайтыс болған.
Роза Үмбетқызының жалғыз інісі 82 жастағы Болат Жаманов қазір Астанада тұрады. Кезінде кеңестік қуғын-сүргін саясаты оларды «халық жауының» отбасы, балалары деп жан-жаққа бытыратып, Роза Оралдағы жетім балалар үйіне беріліп, ал Болат шешесімен қашып Қызылордадан бір шығады. Шешесі қайтқанда жалғыз қалған Болат Қызылордадан Ташкентке қашып барып, жетім балалар үйіне тапсырылады. Онда жақсы оқып, Артекке барады. Орынбор облысында туса да, паспортында Өзбекстанда туды деп жазылады. Кейін Алматыда ҚазГУ-ді бітіріп, экономист мамандығын алады. Кейін Ақ-      төбеде, Оралда, Алматыда, өмір, қызмет жолы болды. Ақтөбе Батыс Қазақстан облысының орталығы болғанда крайпотребсоюзда қызмет еткен. Өлке тарағасын Ақтөбеден кеткен. Крайпотребсоюзда Ақтөбеде жұмыс жасаған кездерін еске алып, онда Тасқали Хайдаровпен қызметтес, сыйлас болғанын, жақсылығын айтады.
Роза Үмбетқызы інісі Болат Үмбетұлының айтуынша Ақтөбедегі теміржол вокзалы мен теміржол клубы маңындағы бір қабатты үйде дүниеге келген. Руы – Байбақты ішінде ақберді, шолан. Алматыда Чайковский атындағы көшедегі үйде 60 жыл бойы тұрған. Сол үй қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған. Роза Үмбетқызы мінезі өте жұмсақ, өте ұқыпты, дәлме-дәл жүріп-тұратын қасиеттерін айтады. Орыс тіліне жетік болыпты. Қазақша жақсы сөйледі. Адамдармен қарым-қатынаста еш тәкаппарлығы жоқ, өзін бірқалыпты және бір деңгейде ұстайтын, кісілерді бірінен-бірін жоғары не төмен көрмейтін, министр ме, тазалықшы, еден жуушы ма, бәрімен бір деңгейде сөйлесетін еді. Сөйлескенде күлімдеп сөйлейтін.
2013 жылы 27 желтоқсанда 86 жасқа қараған шақта талант иесі Алматыда дүниеден озды. Қазақстанның опера өнерінің мақтанышы, елінің даңқты қызы, мәдениет қайраткері Роза Жаманова халықтың жадында әрдайым сақталады.
Күйеуі Бақытбек Қошмұханбетов – Торғай, Қостанай жақтың жігіті. Алматыдағы опера театрында әнші болған. ҚазССР-не еңбегі сіңген артист атағын алған.  2014 жылы қайтыс болды. Роза Үмбетқызы бүкіл өмірін тек Отанға, өнерге қызметке, опера әншілігіне, қоғамдық жұмысқа, депутаттық міндетке арнады.1
Қазақ опера өнерін басқа халықтарға әлемдік деңгейде таныта білген әнші, педагогикалық қызметте де жемісті еңбек етті. Роза апамыз 40-тан астам ізбасар әнші шәкірт тәрбиелеген ұстаз, қазіргі таңда шәкірттері Ресей, Грекия, Қытай, Моңғолия, Қазақстанда табысты еңбек етуде. Оның ішінде 20-дан астам шәкірті халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері  мен лауреаттары.
Осы іс-шарада Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлы Халық әртісі, баритон, профессор Гафиз Есимов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бейімбет Қожабаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, сөз шебері Гүлшара Естетова, ардагер балерина Наталья Гудечкина, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын Арасанбай Естенов, өнертанушы Амангелді Мұхан, жас журналист Айдар Жоранов  және  Роза апамыздың шәкірттері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балапан Жұмабаева, опера әншісі Рузия Газизқызы күміс қоңыраулы, құлаққа жағымды естілетін лирика-драмалық сопрано дауысты  әнші жайлы өз естеліктерін ортаға салды. Сонымен қатар, жинақ шығарудағы  Алматы облысының мәдениет және архив саласы қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, отбасылық алтын қордың одан әрі құжаттармен толығуына бірлесіп ары қарай жұмыстарға атсалысуға өз уәделерін берді.
Шарада шәкірттері, опера әншілері  Аида Часовитина мен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртісі Дина Дютмагамбетова  Р. Жаманованың репертуарынан опера және романс орындап, ұлағатты ұстаз- дарымен қайта қауышқандай болды.
Жинақтың тұсауын Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлы, ҚР Халық әртісі, профессор Гафиз Есимов кесіп, кітаппен танысып шықты.
Архив қызметкерлері жинақты құрастыруда Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы, «Нұр Отан» партиясының АОФ жанындағы «Мирас» мәдениетті дамыту кеңесінің төрағасы, Ақтөбе қаласының тұрғыны Еркін Құрманбек жолдасқа, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы болған Мендіжан Тақаеваға, зейнеткер Балқия Рысқалиеваға алғыстарын білдіреді.
Құрметті оқырман қауым! Қазақтың Ұлттық қазына қоры  Алматы облысының мемлекеттік архиві отбасылық қор иелерінің «Өнердегі, өмірдегі қос жұлдыз» атты құжаттар жинағымен толығуы құтты болсын!
 
А. Кайыпжанова,
Алматы облысының мәдениет, архивтер және
құжаттарды мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің 
басшысы (Footnotes)