Ұстазыма ұсынам раушан гүлін

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1586
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қараңғылықта келе жатып, титтей жарық көрінсе соған қарай, бағытымызды бірден өзгертеміз. Бұл кез келген адамның еркінен тыс орын алатын жағдай. Оны түсіндіріп отырудың өзі артық. Білім де сондай. Ол шөл далада орналасқан құдық іспетті. Оған жету үшін қалың құмықтарды аттап, аяққа оралған борпас құмдарды кешіп өтуімізге тура келеді. Қазақтың: «Білім инемен құдық қазғандай», – дейтіні сол.

Бұл әңгіме қайдан шықты дейсіз ғой?! Қашанда күздің боларынан боладысы қызық. Қыркүйек жақындай қалса, балалардың оқуға асығатыны белгілі. Жүректері лүпілдеп, білім ордасымен қайта қауышатынына қуанып, көңілдері күзде піскен жемістердей алқызыл түске боянады. Алдымен киімдерін түгендеп, оқу-құралдарын сақадай сайлап алуы шарт. Себебі алдағы  тоғыз ай ақыл майданында арпалыс күтіп тұр. Ол үшін жақсы қарулануы міндет. Әрине, бәрі өзі үшін. Десе де, осы тұста ата-аналарға біраз салмақ түсетіні даусыз. 
Неге дейсіз ғой? Бір баланың қамын жасаудың өзі қазіргі заманда үлкен қаражатты қажет етеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда көпбалалы отбасылардың шыбын жаны шырқырайтыны жасырын емес. Бұрынғыдай үлкеннің киімін кішісі пайдаланатын уақыттың артта қалғаны қашан?! Оның үстіне бүгінгі мектеп формалары да сын көтермейді. Келесі жылға дейін кетеуі кетіп қалады. Шамаңа қарай көсілейін десең ақшаның құнсыздығы қолбайлау. Одан қалса қоғамның кейбір қарекеті де қонышыңнан басады. Олай дейтініміз, қатарласынан қалғысы келмеген ұл-қызыңа жағдайың келсін-келмесін барынша жақсысын алып беруге тырысасың. Көңіл жықпастың кейпі. Заман соны талап етіп тұрған соң қарсылық көрсетудің өзі қолайсыз. Әрбірден соң перзентіңнің жанарындағы жарқылға арбалып қаласың. Мұндай жағдайда көпшіліктен көмек сұрауға тура келеді. 
Мұны ескерген мемлекетіміз «Мектепке жол!» акциясын қолға алды. Қайырымы мол азаматтар көпбалалы ата-аналарға, одан қалса, жағдайы төмен отбасыларға ақеділ пейілін ақтарып келеді. Онысы – әр қазақ менің жалғызым дегені. Ұрпақ неғұрлым парасатты болса, соғұрлым болашағымыз зор болары хақ. 
Осы орайда Еңбек ауылына қарасты № 22 орта мектебінің ұжымы «Мектепке жол – 2018» қайырымдылық акциясын ұйымдастырыпты. Ондағы мақсат жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде әрі әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету.
Бұл іс-шарамен бірнеше жыл бойы жұмыс жүргізіп келе жатқан мектептің педагог-ұйымдастырушысы Гүлнар Өмірзаққызының ісі бүгінгі күнде  әбден жүйеленген. Жұмыс барысында іс-шара жоспары жасалып, үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде. Мектепте акция туралы ақпараттық стенд құрылған. Көмекке мұқтаж оқушыларға арналған «Киім, кеңсе тауарларын қабылдау пункті» жұмыс істеуде. 
Жалпы акция бойынша бүгінге дейін 18 оқушыға  көмек көрсетіліпті. Оның ішінде Салтанат Тұрлымбетованың да балалары бар. 
– Тамыз айының соңына таман балаларды оқуға әзірлеу науқаны басталды. 4 балаға бірдей форма алуға шамамыз жетпей қалады. Тапқан табысымыз балалардың тамағынан артыла бермейді ғой. Сондай сәтте мектеп басшылығының көмегіне жүгінеміз. Осы акцияға демеуші болған барлық азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді. Мектеп директоры Рахила Ақшолақоваға алғысым шексіз, – дейді көпбалалы ана. 
Шыр етіп өмірге келген әрбір нәрестенің өз несібесі бар. Дегенмен де, көптің көңілі көл. Осылай қазақтың бір-біріне барынша демеу көрсеткені бізді де қуантады. 
Иә, алғашқы қоңырауына асыққан баланың ақ дидарынан үлкен қуаныш байқайсың. Қолындағы раушан гүлді ұстазына ұсынғанына мәз. Тағы бір баспалдаққа аяқ қондырғалы тұрғанын сезетіндей. Жанары жаутаң қағады. Жаңа достар, жаңа орта. Мүлде бөлек күй. Сыртынан қарасаң, мектеп алдына жиналған әрбір оқушы күз сыйлаған сары жапырақтардан тәж жасап, сол тәждің иесі болуға асығатындай.

Мұхтар КҮМІСБЕК