БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 08.10.2018
Оқылды: 3163
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жұмада бақ дарыған Балқаш ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтойы кең көлемде аталап өтті. Тойдың шымылдығы тарихи қойылыммен ашылды. Талай зұлматты басынан өткерген ауданның жүрген жолын, көтерген жүгін, көрген қасіретін көз алдымызға әкелді. Көнекөз қариялардың жанары жасқа толды. Сахналанған қойылымның әсерінен болар, жиылған жұрттың да көңілі бір босап сала берді. Жастардың әбден дайындалғаны көрініп тұр. Шыны керек, өткен дәуірге қайта барғандай болдық.

Сахна төріне Балқаш ауданының басшысы Ғалым Тоқпейісов шығып, тұрғындарды мерейлі мерекесімен құттықтады.

– 90 жылдық мерейтойға қош келдіңіздер! Биылғы жыл тәуелсіз еліміз үшін де, оның ішінде аграрлы ауданымыз үшін де тарихи сәттерге толы берекелі жыл болды. Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығын ел болып атап өтсек, ауданымыздың өсіп-өркендеп, көркеюіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан ауылдарымыздың да мерейтойы тойланды. Енді, міне, тарихы бір кітапқа жүк боларлық ауданымыздың торқалы тойын атап өтудеміз. Қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміміз нығайып, ұрпақтарының алда да алар асуы биіктей берсін демекпін.  Бүгінгі той Балқаш ауданының әр перзентінің, тілектес ағайынның тойы. Осындай тарихи күнге жетуіміз – ел тәуелсіздігінің жарқын жемісі. Елімізде әрдайым қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман болсын! Ел іргесі бүтін, халқымыз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын, ағайын!  Тойымыз тойға ұлассын! Мереке құтты болсын, ағайын! – дей келе, ол осы өңірдің өрлеуіне өзіндік үлесін қосқан бірнеше адамға «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

Құттықтау тілекті облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев жалғады. Ең алдымен, облыс әкімінің арнайы сәлемін, құттықтауын жеткізген ол өнердегі алғашқы қадамының осы жерде басталғанын айтып өтті.

– Дана халқымызда: «Той – халықтың қазынасы» деген жақсы сөз бар. Елбасымыздың: «Туған жердің өркендеуіне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі», - деген даналығы осындай ел бірлігі көрінер сәтте байқалады екен. Қашанда рухы биік елдің өресі биік болатыны белгілі. Ежелден  ынтымақ-бірлігі жарасқан, халықтың абзал қасиетімен, қазақы салт-дәстүрімен сүттей ұйыған Балқаш ауданы, міне, бүгін тоқсанға толып отыр. Бұл – тарихи дәстүріміздің сабақтастығының айқын көрінісі деуге болады. Бұл өңір мен үшін де айрықша қадірлі. Олай дейтінім, Желтораңғы ауылына сапарлап келгенде, алғашқы шығармашылық туындым дүниеге келген болатын. Қасиетті тораңғы ағашының саясында серуендейтінбіз. Сол сәт әлі күнге көз алдымда. Сондықтан сіздерге айтар алғысым шексіз. Қуаныштарыңызға ортақпыз. Мерекелеріңізбен, балқаштықтар! – деді Ақан Жылқышыбайұлы.

Әр ғасырдың өз айғағы, өз шежіресі бар. Алайда ол қағаз бетіне түспесе, ұмыт қалуы мүмкін. Осы орайда кешегі өткен тарихымызды құрметтеп, келер ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ауданның 90 жылдық мерейтойына арнап "Балқашым – байтақ мекенім» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапта аудан тарихы терең сарапталып, кейінгілерге үлгі, ұрпаққа тағылым болған ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты көрсетілген. Екіншіден, киелі өңірден түлеп ұшқан арда азаматтарды жас буын біле жүрсе деген ниетпен елге белгілі тұлғалардың өмірбаяны берілген.

* Лебіз

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы:

– Балқаш ауданы сәні мен әні келіскен киелі мекен. Кешегі ел қалаулысы Дінмұхамед атамыздың топырағы бұл. Ол кісі мені "біржапырағым" деп бауырына басушы еді. Сол сәт әлі санамда жаңғырып тұр. Осы жерге жиі келіп, әке-шешесі туған топырақты көріп қайтатын. Ол уақыт та тарих қойнауына кетті. Бұл аймақтың табиғаты өте көркем. Іле өзенін қуалай өскен бұталы орманы, дән теңізіне тербелген жазық даласы, төрт түлік малға төсін ашқан құтты жайлау, қырлары, көк жасыл желекке бөленген ауыл үйлері, қоңақжай халқы жаныңды баурап алады. «Туған жерім – алтын бесігім» деп туған жерді көркейтуде аянбай тер төккен еліміздің перзенттерінің бір шоғыры осында. Халқымның ерлігі – еңбекте, арманы – әнінде, қуанышы – күйінде, бақыты – бауырмалдығында, жасампаздығы – жарқын істерінде деп түсінемін. Мұндай қасиет те балқаштықтарға тән. Мен бүгін шын қуанып отырмын. Осынау дүбірлі тойға мұрындық болған ауданның арда азаматтарына ризамын. Ауылды көркейте беріңдер!

Жанұзақ МҮСӘПІР,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Қасиетті туған жер! Бойымдағы бар жақсы қасиеттерім үшін мен саған қарыздармын. Қажырлылық пен қайсарлықты  асау желің үйретсе, жомарттық пен ақпейілділікті құмды өңірің мен сай-салаңнан көңілге түйдім. Шыдамдылық пен байсалдылықты шетсіз де шексіз далаңнан алдым. Бұл менің жүрек сөзім. Мұнда егістегі дән сабағынан бастап мөлдір суына дейін еңбекпен жазылған шежіре жатыр. Оған жас ұрпақтың әлі талай көз жеткізетініне сенімім мол. Шыны керек, бүгінде бұрын-соңды болмаған мәдени-тарихи жетістіктердің бірінен соң біріне қол жеткізіп жатырмыз. Соның бәрі ынтымақ пен берекенің жемісі. Ондай мейірбандық Балқаш жұртында да бар. Мен бүгін «Туған жер – тұғырым» атты шығармашылық көрмемді көпшілікке ұсынып отырмын. Онда 40-қа жуық картинам қойылған. Солар арқылы туған жерімнің әсемдігін суретпен көрсетуге тырыстым. Менің әрбір жетістігім осы мекенмен тікелей байланысты. Сондықтан жасай бер, бақ дарыған Балқашым!

Шара барысында ұлттық ойындарымызға да орын табылды. Ән-күйге құлақ құрышын қандырған көпшілік түстен кейін қазақ күресін тамашалады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған палуандар бозкілемнің үстінде белдесті. Ең  қызықты сәт финалда болды. Қазақтың мақтанышына айналған, балқаштық Руслан Әбдіразақ ақтық сында Ақкөлдің арысы атанған Әлімжан Жұмахметке жол берді. Талай жүлдені қанжығасына байлаған қазақ батырының бұл жолы інісіне жол бергені көпшілікті риза етті. Жанкүйерлер қос жеңімпазды төбесіне көтеріп алды. Бірін-бірі бауыр тұтқан ауданның ат жалын тартып мінер азаматтары осылайша елдің мейманасын тасытты.

Той күні бойы жалғасты. Ауыл-аймақтан жиналған көкпаршылар ұлттық ойынымыздың көркін қыздырды. Алыстан ат арытып келген қонақтар салым салған сайыпқырандардың ептілігіне таңданып қайтты. Шабандоздар да шатқаяқтап қалған жоқ. Көкпардың соңы бәйгеге ұласты. Жердің шаңын шығарған жүйріктер  елдің де мерейін тасытты. Аламан бәйгеде Миялы ауылынан келген Бақыт Атайбековтың «Берікқарасы» бас жүлдені қанжығалады. Ал құнан жарыста жамбылдық «Тұмар» есімді тұлпар топ жарды. Тай бәйгеде ақкөлдік "Айқасқа" алдына жан салмады.

Мерекенің соңы гала-концертке ұласты. Эстрада жұлдыздары ән шырқап, жастар би биледі. Жүздері бал-бұл жайнаған аудан тұрғындары түгелдей көшеге шығып, отшашуды тамашалады.

Қайтарда жүзге келген кәрі әжемнің мына бір сөзі ойыма орала берді: «Балам, қай қиырда жүрсеңдер де іргелеріңді туған жерден ажыратпаңдар. Мына байтақ дала қаңырап бос қалмасын. Онда сенің алтын бесігің тербетулі тұр».  Бұдан асырып қалай айтарсың?! Алтын бесігіміз аман болсын қашанда.

                                              Мұхтар КҮМІСБЕК

Балқаш ауданы