Биікке бастаған он белес

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1319
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай қоғамда болсын ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Бүгінгі жаһандану заманында да БАҚ саласының маңызы бұрынғыдан арта түспесе, кемімейтіні түсінікті.

Биылғы жыл Жетісу аймағындағы бұқаралық ақпарат құралдары үшін елеулі жыл болғаны анық. Басқасын айтпағанда, өткен айларда ғана облыстың айнасы болған екі аға газет – «Жетісу» мен «Огни Алатау» басылымдары бір ғасырлық торқалы тойларын атап өтті. Солардың ізін басып, екі басылымның немере емес, шөпшегіндей балғын жастағы Қапшағайдың «Нұрлы өлке» газеті де өзінің жарыққа шыға бастағанына он жыл толғанын атап өтпекші. 
Елу жылдық тарихы бар Қапшағай қаласының шежіресі боларлық газеті неге қала тарихымен үзеңгілес емес, оған неге он-ақ жыл болған деген сауалдың алдымыздан шығатыны анық. Бұл Қапшағайда жергілікті билік пен мәслихаттың саясатын халыққа жеткізетін газет бұрын болмады деген сөз емес. Қапшағай өзінің тағдыр жолында бірнеше әкімшілік-территориялық бағыныста болғандықтан, бір жылдары Іле ауданына да қарағаны бар.  Облыс көлемінде мән-маңызы бар қала аталғаны кейін болса, дербес газетінің бертінде ғана болғаны тарихтан белгілі.
Адамның өмірі секілді газеттің де кешегі күні мен бүгінгі тірлігі және келешегі болатыны – табиғи заңдылық. Шыға бастағанына биыл он жыл толып отырған газетіміздің кешегі тарихына үңілер болсақ, әңгімені сәл әріден қозғауымыз қажет шығар. 
Тәуелсіздікке қол жеткен кешегі уақытта басқа жерлер секілді Қапшағайдағы қаракөздер үшін ана тілінде шығатын басылым ауадай қажет болды. Сол жылдарда мемлекеттік тілде газет шығару мәселесін Рахат Қабылтаев, Сейілбек Маханов деген ақсақалдар қайта-қайта көтеретін.  Оның алдында қалада «НК-ТВ-2» телерадиокомпаниясының «НК-ИНФО» деген газеті болған еді.  Одан кейін Қапшағайдағы “Трансмостстройдың” жекеменшік иеліктегі «Қапшағай» газеті пайда болды. Бұл газеттің ұстанған бағдары өз мекемелерінің саясаттарын жүргізу болды әрі орыс тілінде шығарылатын. Орыс тілінде шығатын газеттерге талап қойылған соң бір бетін қазақша шығаратын. Оған қала тұрғындарының көңілі толмайтын. 
Сол жылдары «Нұр-Бірлік» деген газет ашылды. Қазақ тілі жанашырлары жиналып, тұсаукесерін өткізді. Басты стратегиялық бағыты дұрыс болмады ма, болмаса мәселе қаржыға тірелді ме, бұл газеттің ғұмыры қысқа болды. Үш ай ғана шықты да жабылды. Қапшағайдағы қаракөз бауырларымыздың қуанышы ұзаққа созылмады.
Ұзамай «Қапшағай» газетіне құрылтайшысының банкрот бола бастауына байланысты жабылу қаупі төнді. Енді әкімдіктің ақпарат кеңістігінің аясы тарыла бастады. Орыс газеті болса да болғаны дұрыс еді. Алайда, ол газет те  болмайтын болды.
2005 жылы «Жастар – 2030» деген қоғамдық жастар ұйымы құрылды. Риза Хамитова деген азаматша сол ұйымды басқаруға келді. Бұл ұйым үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тапсырыстарын жеңіп алып жүрген. Бір күні осы ұйымның мүшелері әкімдікке «Жастар – 2030» қоғамдық ұйымы жанынан мемлекеттік және ұлтаралық қатынас тілдерінде шығатын газет ашуға ұсыныс білдірді. Бәрі қолдады. Алайда газетті тіркеу деген бар. Ол кезде бұл процесс ұзаққа созылатын. Сонда да болса қысқа мерзім ішінде газеттің куәлігін алуға қол жетті.
Содан алғашқы номерін шығару қолға алынды. Бұл 2008 жылдың қыркүйек айы еді. Сол кездегі қалалық әкімдіктің «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мира Аитова, Ілияс Сүгіров бар, ақылдасып, Жамбыл ауданынан Рәтбек Терлікбаев бас редакторлыққа шақырылды. Басқа ауданда жұмыс істеп жүрген ол бұл жұмыстан бас тартты.  Алайда, алғашқы санына қолқабысын тигізгені анық. 
Газеттің атын қоюда 12-14 нұсқа болды. «Нұрлы өлке» аталуының себебі Жаңа Іле қаласы салынады, тек Қапшағаймен шектелмей кереге кеңейіп, бұл жер нұрлы өлкеге айналады деген ойдан туындаса керек. Нәтижеде «Нұрлы өлке» деген атқа бәрі бірауыздан тоқтады. 
Газет шығаруға мемлекеттік тапсырыстың қаржысы ұтып алынғанымен бас редакторсыз, мамансыз газет шығарудың оңай іс емес екенін өмір көрсетті. Баспахана мәселесі де шешілмеді. Алғашқы номер шыққанда газеттің редакциясының да болмағаны анық. Бір сөзбен айтсақ, газеттің материалдық-техникалық базасы болмады.  Жауапкершілік «Жастар – 2030» қоғамдық ұйымының басшысына жүктелді. Газет редакциясы оның жекеменшік пәтері болды. Газеттің қаз тұра бастаған жылдары оған облыстық ішкі саясат басқармасында қызмет еткен Ғалиасқар Сарыбаев пен Ғалым Жазылбековтің ерекше  қамқорлығы болғаны ел есінде. 
Әрине, газетті бір-ақ адамның шығаруы мүмкін емес. Бұл еңбектің нәтижесі, ұжымның еңбегі мен маңдай терінің арқасында келетін дүние. Он жылдық белес көлемінде газет редакциясында бірталай журналистің еңбек еткені анық. Олардың қатарында газеттің алғашқы күндерінен өз үлестерін қосқан Риза Хамит, Ләззат Шекербекова, Гауһар Айтымбетова, Г. Тажикова, Әсел Сүлейменова, Айдос Байшағыров, Гүлсара Адакова, Айгүл Аитова, Сапарғазы Болсынбеков, Жанұзақ Байжұманов, Г. Қалмұрзаева, Ю. Потеряева секілді жандар болды. Бір жарым жылдай бұл газетті Жолболды Бобыханұлы басқарды. 
Бұл күндері олар салып кеткен жолды газет редакторының орынбасары Зарыққан Есілбаев, тілшілер Альбина Лаврова, Айжарық Көптілеуов, дизайнерлер Александр Згибнев, Николай Жук, корректор Қасымкүл Танабаева және басқалар жалғастыруда. 
80-90 жылдық тарихы бар аудандардың газеттерімен салыстырсақ, әрине, газет он жасар бала секілді. Бұл бір қарағанда қас-қағым сәт болғанымен өзіндік өмір жолы бар, қуанышы мен қиындығы қатар келген, жетістігі мен кемшілігі де болған жылдар тізбесі. Осы онжылдықты  атап өту дегеніміздің өзі – өткенге тағзым, бүгінге салауат, болашаққа аманат. Осылай пайымдағанды жөн деп санаймыз. 
Тұтас бір аймақтың жылнамасына айналған газетіміздің 10 жылдық белесіне көтерілгенде біз де өткенімізді таразылап, болашағымызға бағдар жасап алар жауапты шақтамыз. Осы орайда бүгінгі қалалық газеттің мазмұнының да, көтерер жүгінің де күн санап байып, халық арасындағы абырой-беделінің өсіп отырғандығы бізге зор жауапкершілік жүктейді. Жұртшылық іздеп жүріп оқитындай тартымды басылым жасауға жан-жақты мүмкіндік те бар. Газеттің жеке веб-сайты да «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған»  заманды әйгілеп отыр,
Газет редакциясы бұрын Қапшағайдағы СЭС мекемесінің ескі ғимаратында отырған болатын. Былтырғы жылдың соңында қала әкімінің ұсынысымен  «Ақпараттық сараптама орталығы» құрылып, үкіметтік емес ұйымдар бар, газет редакциясы, Ауған соғысы ардагерлері, ұлттық мәдени орталықтар бар, бәріміз осы жаңа ғимаратқа көшіп келдік. Ескі ғимарат қала әкімдігінен алыста болатын. Жаңа ғимарат бізге жаңаша жұмыс істеуге серпін берді. Осы тұрғыдан келгенде заман талабына сай жаңаша ойлайтын қала әкімі Талғат Қайнарбековке ризамыз. 
Бір ғана нәрсені көлденең тартайын. Алматы облысында бірде-бір газет редакциясының мұражайы жоқ. Әкімнің қамқорлығының арқасында газеттің мұражайын ашуды қолға алып жатырмыз.
Бұрынғы жылдары газетке жазылу пошта арқылы жүргізілетін. Алайда, жасыратын не бар, пошта монополист болып, біздің өзімізге тиесілі  ақшамызды алуымыз қиындап кеткендіктен облыста бірінші болып олармен келісімшартты бұздық. Нәтижеде өз қаржымызға өзіміз ие болатындай жағдайға келіп, жұмысымызды жүргізуімізде жеңілдік пайда болды. Бұл күндері оқырманға газетті өзіміз жеткізіп беріп отырмыз.  Соған орай оқырмандар тарапынан газеттің жеткізілуі туралы бұрындары жиі еститін өкпе, сындар, арыз-шағымдар жоғалды. 
Тағы бір айта кететін дүние, газетіміз бұрындары мемлекеттік және ұлтаралық қатынас тілінде  шығатын. Елбасының тұғырлы үштілділік саясатын қолдағандықтан  бүгінде ағылшын тілінде шығара бастадық. Одан бөлек, өзге ұлт диаспораларының мәдениеті мен тілінің дамуына қосқан үлес, қамқорлық ретінде Қапшағай өңірінде тұратын мың жарымдай корей ұлтының өкілдеріне арнап корей тілінде де мақала шығаруды қолға алдық. Бұл орайда корейлердің «Коре Ильбо» атты республикалық басылымымен тығыз байланыстамыз.
Газет қазіргі нарық заманында тек ақпарат қана беріп қоймай, оқырмандарды өзіне тарта білуі керек. Сол себепті басылымның сыртқы көрінісіне, дизайніне мән беруі қажеттілік болып отыр. Дизайн жағынан облыстағы басқа басылымдардың көш басында тұрғанымызды ұялмай айта аламын.
Оқырман аудиториясын дәрігерлер, ұстаздар, қазақ тілі мен әдебиетіне жанашыр қауым құрайды. Газеттің көтеретін тақырып аясы – қала мен өңірдегі әлеуметтік, саяси мәселелер, әдебиет, мәдениет салалары,  өнер, ғылымға байланысты жаңалықтар, тарихи зерттеулер, көрнекті қайраткерлер өмірінен очерктер.
Қапшағай аймағындағы ұлт рухының шырақшысы болған «Нұрлы өлке» газеті халқымыздың рухани өсуіне, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі бекемдене түсуіне еңбек сіңіріп келе жатқан басылым екенін өз үні, өз ұстанымы арқылы дәлелдеп отыр.
Он жыл – газет өміріндегі елеулі белес. Бүгінгі «Нұрлы өлке» – толысқан, қалыптасқан Қапшағай баспасөзінің қарашаңырағы. Осынау жылдарда газетпен бірге болған барша оқырманға ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінгі той – тек бір газеттің немесе бір ұжымның тойы емес, халықтың тойы деп білгеніміз дұрыс. «Өңір баспасөзінің қайнар бұлағы – «Нұрлы өлкеміз» халықпен бірге жасай берсін!» деген тілегімізді айтамыз.

Алтынбай СИҚЫМБЕК, 
Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетінің бас редакторы