Өнер өзегі

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1171
Бөлім: РУХАНИЯТ
Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымы 46-шы концерттік маусымын ашты. «Думанға толы рухты елім» атты салтанатты кеш шымылдығы тарихтан сыр шертетін театрландырылған көрініспен түрілді.
Концерттік бағдарламаға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмар қатысты. Ол облыстық  филармонияны өңір мәдениетінің өзегіне теңеді.
– Сүйінбай атындағы облыстық филармония қырық жылдан аса мәдени іс-шараларының басы-қасында жүрген үлкен ұжым. Жыл сайын бағдарламасы толығып, жұмыс сапасы да жақсарып келеді. Тек облыс көлемінде ғана емес, республика мен халықаралық деңгейде де кез келген концерттік бағдарламаны алып шыға алатын қара шаңыраққа алғысым шексіз, – деді ол.
Концерттік бағдарлама-да Бейбіт Мұсаев, Эльмира Дәуренбекова, Сая Есенгелдинова, Құралай Шаяхметова, Төлеутай Серіков, Кенжекей Ақжолова сынды өнерпаздар әннен шашу шашты. Сонымен қатар, «Сазген», «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері, М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, үрлемелі аспаптар оркестрі, эстрада, классика жанрындағы әншілер де өз өнерлерін көрерменге тарту етті. «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің орындауындағы «Талды арулар», «Дивертисмент», «Халықтар достығы» сынды би мен би қойылымдары  көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымында екі жүзге жуық адам жұмыс істейді. Өнерпаздар арасында 4 ҚР еңбек сіңірген әртісі, 2 ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 20-ға тарта ҚР Мәдениет қайраткері бар.
 
Қабыл ИСА