РУХТАРМЕН ТІЛДЕСЕМІН

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 1886
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адамның жан дүниесінде әрекет ететін тылсым күштер көбіне жұмбақ болып келеді. Мына шексіз ғаламның меншігіндегі жанды-жансыз, саналы-санасыз, әр түрлі пішіндегі тіршілік иелерінің  таңғажайып тұстары көп. Ғалымдар талай заманнан бері шама-шарқынша зерттеп жатқанымен, әлі де түп-тұқиянына жеткен жоқ. Жаратылыстанушы ғалымдар сипаттаған «рух» ұғымы біздің түсінігімізде шексіздік әрі адам тәні өлгеннен кейінгі өмір сүруші күш емес пе?! Кез-келген адам баласы ең әуелі әкенің беліндегі бір тамшы сұйық зат болып сырғып, ананың құрсағына түсіп, одан кейін біртіндеп етке айналуы, жан бітуі – ғылым жағынан қарағанда қалыпты үдеріс. Алайда осы аралықта орындалып жатқан тылсым құбылыстар (еттің адам пішініне айналуы) бәрібір жұмбақ күштің бар екенінен белгі береді.

Рух деген не өзі? Ежелгі үнділердің түсінігінде ол – тәннен тәнге ауысып жүретін күш. Ал, түркі тектес біздің халықта, исламда, оған дейінгі «тәңіршілдікте» рух туралы көп айтылады. Қорыта айтсақ, рух деген көзге  көрінбейтін зат есімді дәп басып айту қиын. Дін мен ғылым екеуі де бір-біріне пара-пар пайымдарды алға тартып жатады. Арасында ұштасатын дүниелер көп. Адам мына фәни дүниенің жарығын көріп, арпалысып өмір сүретін бұралаң жол – оның  екінші шексіз өміріне көтерілер баспалдағы дегенге саяды. Кейде «ұрық» сөзінің «рухқа» жақындығы болса керек деп те ойлаймыз. Ер мен әйел өз бойындағы рухтан белгілі мөлшерде бір-бір тамшыны бөліп алып, бір нүктеге тоғыстырғанда, үшінші бір адамның рухы пайда болатындай көрінеді. Уақыт өткен сайын ол жетіліп, ана құрсағынан тысқа шығады. Иә, бұл, әрине, жеке ұғым. Онсыз да бұл құбылысты ғылым әлдеқашан дәлелдеп, зерттеп тастаған. Қасиетті кітаптарда анықтамасы да әлдеқашан айтылған.

Мәселен, профессор Жауғашты Ахметовтың рух жайлы мына сөзін тыңдаған соң менің бұл тақырыптағы түсінігім тіпті жұмбақтала бастады. Медицина саласында ұзақ жыл еңбек еткен ағамыз бір сөзінде былай дейді: "Рухтардың өзі о дүниеде бірнеше топқа бөлінеді. Олар дамып, кемелденіп, дәріс алғаннан кейін әртүрлі бағытқа кетеді. Арасында қайта-қайта туылатын рухтар жерге қайтып келіп, басқа бір тәнге кіріп өмір сүреді. Ал кемеліне жеткен рухтар сол жерде жас рухтарды тәрбиелейді. Будданың өзі 550 мәрте мына әлемге қайтып келіп, басқа тәндер арқылы өмір сүріп жүріп, зорға дегенде өзінің биік дәрежесіне жеткен. Адамдарға көрінетін немесе естілетін қорқынышқа толы елестер, үйдегі заттардың өз бетімен құлап, орын алмастыруы – адам жанының ана дүниеге кеткісі келмей, мына дүниеге жабысып жүрген жаны". Ал бұған не айтар едіңіз?  Мүмкін, сіздің жаныңыз да ана дүниеге бірнеше мәрте барып келген рухтардың бірі шығар? Күнделікті көріп жүрген адамдардың арасында да қайталанғыш рух бар, бәлкім? Әлде өтірік сөз бе? Қызық...

Адамдар арасында ерекше қасиетке ие жандар да көп кездесіп жатады. Олар біздің танымымыздағы әулие, көріпкел, бақсы, емшілер. Бүгінгі қоғамда оларға иланып сенетіндер де, керісінше, қаралап теріс айналатындар да бар. Дегенмен, кейде жақындарымыздың сол бақсыларға барып, дертінен арылып жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан, олардың тылсым құдіретіне  мүлде көз жұма қарай алмайсыз. Оларды кейбір зерттеушілер рух биігіне көтерілген парасатты жанға балайды. Солай да шығар. Мен өзім танитын бір көріпкел ағамызбен көптен бері сөйлесіп жүрдім. Ол кісінің әңгімесін алғаш тыңдағанымда маған бейне бір ертегі айтып жатқандай, өте күлкілі естілетін еді. Кейіннен рух туралы сөйлесе жүріп, әлгі ағамыздың тылсым дүниесіне тереңірек бойлап кетіппін.

Жақында бір ағамыз (аты-жөнін жарияламай-ақ қояйын) мені жұмысқа іздеп келді. Рухтар әлемінен аян берген сан алуан таңбаларды қағазға түсіріп алғанын көрсетті.  Кез келген адамның болжамдары мен наным-сеніміне құрметпен қарайтынымды көрсетіп, ағамызбен еркін әңгіме өрбіттім.

– Өзіңіз туралы айтыңызшы, – дедім.

– Мен  1963 жылы Қарасу ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем малшы болған. Мектепті Жамбыл ауылында, кейіннен Ұзынағаштағы интернатқа ауысып оқыдым. Мектеп бітірген соң әскерге барып келдім. Ауылда бір жыл жүрген соң Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училишесіне түстім. Соның арқасында ауылдағы халық театрында жас артист болып жұмыс істедім. Дәл осы тұста мен өнерге етене жақындадым. Музыканы, ән айтуды жақсы меңгердім.

– Ал бойыңыздағы көріпкелдікті қашан байқадыңыз?

– Бұл қасиет сол Қаскелеңде оқып жүргенде-ақ байқалды. Түнде неше түрлі түс көріп, қинала бастадым. Қасымдағы жігіттер менен бойын алып қашатын болды. Тіпті, қасыма қонудан қорқатын дәрежеге дейін жетті.

 – Сонда қалай, қорқынышты не болды?

– Енді... Белгісіз біреулермен сөйлескенімді көрді ғой талай. Мен жатқан бөлменің есік-терезесін тықылдатып, неше түрлі дауыстар атымды атап шақыратын еді. Жігіттер: «Сенің бойыңда бірдеңең бар», –  деп қашады. Алғашқы белгілері сол екен. Қысып жүрді. Өзіме де оңай тимеді. Миым шаршайды. 1993 жылы Заречный ауылындағы қазақ мектебіне жұмысқа орналастым. Сол кезде ойладым, мүмкін жер ауыстырған соң әлгі елестер тыйылар ма екен деп. Жоқ. Бәрібір қайталанды. Тіпті үдеп кетті. Бір күні жиналыстан келе салып, шаршап ұйқыға кеттім. Сол ұйқы өліп тірілгенмен бірдей болды. Былайша айтқанда уақытша  өліп қалдым.

– Мәссаған...

– Иә, жан-жақтан қаумалаған күштер мені қинап, қылғындырып жатқаны есімде. Әрі қарай өліп кетсем керек, бір керемет жерлерді көрдім. Өмірімде ондай табиғатты көрген емеспін. Жаннаттың миуалы бағы болса керек.

– Тоқтаңызшы, сонда сізді ешкім сұраққа алып, тергемей-ақ бірден пейішке алып кетті ме?

– Енді, нақты білмеймін, пейіш емес те шығар. Бірақ, айтып отырмын ғой, мен ондай ғаламат жерді  ешқайдан көрмеппін. Сұлу табиғатына таң-тамаша болып, сол жерден кеткім келмей  жүргенімде кенет бір дауыс естілді: «Саған әлі ерте, сен жассың, кері қайт», – деген. Әлгі сөзден тіксініп, шошып ояндым. Көзімді ашсам жерде құлап жатырмын.

– Далада ма?

– Жоқ, үйде, бөлменің ішінде. Содан шошып ояндым. Әйелім аптығымды басып, су ішкізді. Сол күннен бастап әлгі қасиет бойыма кәдімгідей дарығанын байқадым. Осы оқиғадан кейін болжамдарым тура келе бастады. Үйге қонақ келе жатқанын күні бұрын сезетін дәрежеге жеттім. Жоғалған затты түйсігіммен тауып алатын болдым. Жаным тынышталғанымен, отбасымды мазалай бастады.

– Неге, ол қалай?

– Үйде жүргенде балаларым: «Әке, артыңызда бір апа тұр, мысық тұр, ит тұр», – деп қорқып, шырқырап жылайтын болды. Оны көрген әйелім: «Сені жын ұрған, біз сенімен тұра алмаймыз», – деп менен суына бастады. Сөйтіп жүріп ажырасып тындым. Оны несіне жасырамын? Ажыраспауға да болар еді, бірақ балаларыма жаным ашыды. Тыныш өмір сүргенін қаладым.

– Иә, әке мейірімі деген де бөлек дүние ғой...

– Енді қайтемін? Балаларымның зәрезап болып жүргені дұрыс емес қой. Не көрсем де өзім көрейін деп ойладым. Сөйтіп ажырастық. Содан, Қарғалыға қайтып келдім. Ауылда азды-көпті «көріпкел» деген атағым шықты. Жоқ іздеген адамның ризашылығына бөленіп жүрдім. Малы жоғалған адамның бәрі маған келіп жөн сұрайтын болды. Көріпкелдіктің де өзіне тән қиындығы бар. Жаның қысылғанда осы бір машақат тірліктен біржола ажырап кеткің де келеді. Бір күні ондай ойға да келдім. Айналадан білікті молдалар іздеп, емделмек болдым. Мүмкін менің бойымдағы толықсыған күш –жындардың ордасы болған шығар. Ел мақтаған бір молданы тауып, емделуге бардым. Ол мені көре сала ат-тонын ала қашты.

– Неге?

– Молда: «Сен мені сынап келдің, қабылдамаймын», – дейді.  Сонымен не керек, бармаған молда қалмады. Түркістанға дейін сабылдым. Ақыры, молдадан қайыр болмаған соң, ғалымдарға жүгінуге тура келді. Сөйтіп атақты ғалым, академиктерге барып арыз-арманымды айттым.

 – Кімдерге бардыңыз, атап айта аласыз ба?

– Алдымен Әбен Нұрманов, Әбілхан Ерманов сынды тылсым дүниені зерттеп жүрген мықты ғалымдарға бардым. Олар мені ең әуелі сынап көрді. Сосын менің дертімнің шипасы тек – адам емдеу екенін алға тартты.

– Басқа емі жоқ па екен сонда?

– Иә, мен де соны сұрадым ғой. Бірақ олардың айтуынша, бұл қасиеттен біржола айыққың келсе, басыңды кесіп лақтырып жібер, – деді. Осы сөзден кейін бойымдағы бұл қасиеттің тек сүйекпен бірге кететініне көзім жеткендей болды. Бір күні атақты оқымысты, діндар Бақтыбай Айнабеков деген ағамызға бардым. Ол кісі мені зерттей келіп: «Сен рухтармен тікелей байланысқа шыға алатын, сирек кездесетін адамсың. Ол қасиет мың жылда бір адамға беріледі. Ендеше  кез-келген уақытта жеті қабат аспанның үстіндегі рухтармен еркін сөйлесе бересің. Өз мүмкіндігіңді пайдалан», – деді.  Осындай жоғары баға берген ағамыздан аздап қысылып: «Аға, шындығын айтқанда, мен намаз оқымаймын, шылым шегетінім тағы бар. Бұның бәрін қатар алып жүруге ыңғайсызданамын», – деп едім ағамыз ойланбастан: «Жоқ, рухтар оған қарамайды, ештеңеден қысылма», – деді. Содан кейін ғана  менің көңілім орнына түскендей болды.

– Е-е-е, онда талап ауыр емес екен ғой. Дәл осы күні немен айналысып жүрсіз? Жұмыс істейсіз бе?

– Менің тұрақты жұмысым жоқ. Бұрын істеп көрдім. Опа таппадым. Құдай өзі береді екен күнделікті нәпақаны. Осы күні мен үлкен бір істің қасында жүрмін.

– Қандай?

– Былтыр мені қызылордалық азаматтар шақырды. Үштаған деген жерге  бардым. Сол жерде Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас (Яфәс) деген үш ұлы жатыр.

– Қызылорданың қай жерінде?

– Қызылордадан Қарағандыға кетіп жатқан күре жолдың бойында, Шиелінің қарамағындағы иен дала ғой. Үштаған дегеніміз – үй табан, таған, тіреуіш деген сөзден шыққан. Жойқын топансудан аман қалып, Қазығұрттың басына келіп тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесінен Нұхтың отбасымен қоса бір қауым ел қайта тіршілік ете бастады. Жаппастан осы азиялықтар тарайды: түркі тектес халықтар мен қытайлар, ирандықтар. Сол сияқты Хамнан еуропалықтар, Самнан африкалықтар тарайды. Бүкіл әлемнің халқы осы үш атадан тарайды.

– Адамзаттың бәрі Қазақстаннан тараған екен ғой...

– Жақында сол Үштағанда үлкен жиын өтті. Нәтижесінде, «Үштаған» атты халықаралық қор құрылды. Мен сол қор президентінің орынбасары болып тағайындалдым. Үштағанда жердің кіндігі бар. Ол жер рухтармен байланысқа шығатын киелі жер. Жерасты жолдары бар. Менің маңдайыма бұйырған бақ – сол рухтар әлемімен байланысқа шыға алатыным. Маған «мәліметтер» түседі.

– Қалай түседі?

– Әртүрлі жағдайда. Сөзбен де, таңбамен де түседі. Мына дәптердегі таңбалардың шешімі ақырындап түсіп жатыр. Біз өте маңызды, үлкен жұмыс бастадық. Руханиятты оятуымыз керек.  Рухани жаңғыруымыз керек. Біздің небір батыр, әулие  бабаларымыз белгісіз жерлерде елеусіз жатыр. Қаншама тарихи жер-су аттары өзгеріске ұшырап, ұмыт болды. Соның бәрін қайта жаңғырту бәріміздің парызымыз. Жаңадан құрылған қордың есепшоттары бар. Оған тек біздің Қазақстан ғана емес, әлемнің барлық елінен қаржы аударып, көмек қолын беруіне болады. Олар келіп өздерінің ата-бабалары жайлы деректер алуына біз көмектесеміз. Үштағанға қызығушылар көп. Шетелдіктерде бар.

– Сонымен орыс, қытай, қазақ, мейлі кім болса да, ағайынды үш кісінің баласы болды ғой. Мұның ақыры «қазақ жері менің де атамның жері» деген сылтаумен талан-таражға түсуге әкеліп соқпай ма?

– Жо-о-оқ, керісінше, барлық ұлт бір атаның баласындай ынтымағы жарасып, ғұмыр кешетін болады. Біз оларды бейбіт өмірге шақырамыз. Біз сол рухтар әлемін қастерлей білсек, болашақта қазақ елінің экономикасы 11 есеге көтеріледі. Бұл менің сөзім емес, рухтар әлемінен түскен мәлімет.

– Айтқаныңыз келсін. Дегенмен, қорқынышты екен. Арнайы іздеп келгеніңізге рахмет, аға! Аман жүріңіз!

Осымен рух әлемін шарлап қайтқан әңгімемізге нүкте қойылды. Не болып кетті өзі деп ойға шомып, отырып қалдым.

Бақтияр  АЙТАЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы