Ата салты адастырмайды

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1196
Бөлім: РУХАНИЯТ

Оқушылар сарайында   жеткіншектер  «Жетісу»  газетінің бас редакторы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрінмен кездесу өткізді. Жүздесу еркін ауанда, тәлім-тәрбиелік негізде жалғасын тапты.

Ақын бүгінгі жастардың алдында қандай міндеттер тұр,  ұлттың намысын қорғайтын қыз-жігіттер өздерін қалай тәрбиелеуі керектігі жайлы сөз қозғады. «Алдағы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылы деп жариялады. Оның мақсаты – жастарға  жан-жақты қолдау көрсету, жұмыс табуына, баспанамен қамтылуына ықпал ету, жастар арасында елжандылыққа тәрбиелейтін шаралар өткізу», – деп бастады Әміре Әрін алғашқы әңгімесін.
– Тәуелсіздікті тұғырлы ету сендердің қолдарыңда, – деді жастарға қарата. – Тәуелсіздік алу – бір бақыт, оны  сақтау – мың бақыт. Балаға жақсы қасиеттің барлығы ана сүтімен беріледі.  Тілі қазақша шықпаған, «айналайын», «қоңыр қозым» деген сөзді естімеген баланың ата-ана мен еліне мейірім көрсетуі екіталай. Сондықтан, «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзді  ұмытпаңдар. Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – тажал»  деген еді. Шет елдің маңдай алды оқу орындары  Оксфорд, Кембридж университеттерінде білім алып, бір-ақ елге көк тиын пайда келтірмейтін, ұлтына жаны ашымайтын жастардың бар екені ащы да болса шындық. Сондықтан, тәрбиенің негізі – ата салт пен дәстүр.
Ақын балалармен жүздесу барысында өзінің анасын еске алды. Асыл анасы маңдайынан сипап отырып: «Менің балам танымал журналист болады.  Елдің алдында жүреді.  Біздің атымызды шығарады.  Басыңа, балам, бақ қонсын!» – деп жиі айтатын көрінеді. Бүгінде қоғам қайраткері бұл сөзді сағынышпен, ерекше толқыныспен еске түсіріп отырады. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Бүгінде  ел-жұрттың алдында абыройы тасып, алқалы жиындарда аталы сөз айтып жүрген қызыл тілдің шеберін шынымен де анасының батасы демеген шығар, бәлкім?!
Балардың сұрауымен ақын «Анама», «Абайға» деген өлеңін оқыды. Журналист кездесу барысында елімізде жастардың оқуына, кәсіппен шұғылдануына  жағдайдың жан-жақты жасалып жатқанына тоқталды. Мысалы, бүгінде  кәсіпкерлікпен шұғылдануға кең қолдау білдірілуде. Өз ісімен шұғылданамын деген адамға мемлекеттен 3 миллион теңге қайтарымсыз қаржы беріледі. Тек айналысатын шаруасының тиімділігін айтып, жобаны қорғасаң болғаны. Қаламгер жастардың жат ағымдардан сақтануы керек екендігіне де назар аударды.
– Бүгінде жат ағымның өкілдері – уахабистер көп. Исламның атын жамылып, басқа жолға түсіруге тырысады. Ислам үшін жан пида деп, жиһадқа баруға үндейді. Егер тарихты, дәстүрді  жақсы  білсеңдер, сатқындыққа бармайсыңдар. Рухы мықты адам  бағытынан шатаспайды. Адал адам айнымайды. Наным, сенімі мықты адам қиындыққа мойымайды. Еңбектің түбі бір ақталатынына сенеді. Басты міндетіміз – елдің ішіндегі тұтастықты сақтау, – деп ақтарылған ел азаматы жеті ата құндылығы, ру, тектің артықшылықтары жайлы да әңгіме өрбітті. – Әркімнің сөзіне сенбеңдер. Мемлекет ұстанған жолмен ғана жүріңдер. Біз мықты елдің ұрпағымыз.
Кездесу кейіпкері аталарымыз ежелден біліммен шұғылданғанын, алтын мен темірді басқалардан бұрын біздің  бабалардың қорытқанын жеткізді. Кездесу барысында балалар ақынға ұтымды сұрақтар қойып, өздерінің білім-білігінің жоғары екендіктерін байқатты. «Шәкіртіңіз бар ма?» – деген сауалға ақын: «Шәкіртім бар. Менің шәкірттерімнің алды өзімді өкшелеп келеді. Қазір  «Жетісу» газетіне сайдың тасындай мықты жігіттер алып, тәрбиелеп келеміз. Бәрі сөз зергерлері. Шетінен ақын, жазушы. Кез келген аламанда суырылып, алға шығып жүр. Оларға артар сеніміміз мол», – деді.
Шарада бір жеткіншек: «Мен де журналист болғым келеді. Оларға баспана жағынан көмектесе ме?» – деген сауал қойды. «Әрине, биыл біздің  жеті журналист  жаңа пәтер алды.  Сенесіздер ме, солардың көбі жұмысқа бір-екі жыл бұрын ғана келгендер. Біздің ұжымда әлі үйсіз жүрген 4 журналист бар. Ендігі арманым – соларға баспана әперу. Алла қолдаса, ол да болып қалар», – деп жауап қатты жас журналистердің тәлімгері. Келесі кезекте оқушылар тарапынан: «Журналистік мамандықты таңдағаныңызға ризасыз ба?» – деген сұрақ түсті. Ақын ойланбастан: «Өмірді басынан бастау бұйырса, ойланбастан осы мамандықты қайта таңдайтын едім. Журналист абыройлы қызмет. Мамандықтардың ішінде  Президентпен де, облыстың әкімімен де тең дәрежеде сөйлесетін тек журналист қана», – деді. «Өмірлік ұстанымыңызды айтыңызшы», – деді бір жеткіншек. Оған Әміре Әрін: «Өмірлік ұстанымым – өз  ар-ұятымның алдында адал болу. Адал еңбек еттік, табысымыз бойға жұқты. Ел-жұрттың бетіне тіке қарай аламыз. Осыдан артық бақыт бар ма?!» – деп ақтарылды. Тәрбиелік мәні зор кездесуден ел болашағы саналатын оқушылар үлкен әсер алып тарқасты.
Шынымен де, табаныңнан таусылып жұмыс істеп,  соңында оның тәтті дәмін татқанға не жетсін?!  Жан рахаты – сүйікті кәсіппен шұғылдану. Ендеше, әріптес ағаның өмірлік ұстанымы кім-кімге де сабақ. Кездесу барысында балалардың рухтанып, өмірлік жолдарын тағы да айқындап шыққаны ойлы жүздерінен байқалып тұрды!

Гүлжан ТҰРСЫН