СӘКЕН ИМАНАСОВҚА - 80 ЖЫЛ

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1542
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыр күлігін ерттеп мініп, сайын далада сөз өнерінің қасиетін ұлықтап өткен сырбаз ақын Сәкен Иманасовтың туғанына биыл 80 жыл. Осыған орай облыс орталығында орналасқан В. Маяковский  атындағы қалалық  орталық балалар кітапханасында «Айхай, менің көңілім-ай көл-көсір!» атты Сәкен оқуы  өтті.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Талдықорған қаласы әкімдігінің тікелей ұйытқы болуымен өткен байқауға өңіріміздің бас шаһарында білім алып жатқан мектеп оқушылары қатысып, өзара бақтарын сынады. 
Сахналық мәдениеті қалыптасқан, өлең мазмұнына терең бойлай алатын әрі тамылжыта оқитын оқушылар аталмыш байқауда өнерлерін ортаға салып, байқау көрігін қыздырды. Бірі таудан аққан бұлақтың сылдырындай нәзік үнімен ақынның лирикалық өлеңін көңіл толқытатындай деңгейде нақышына келтіре оқыса, бірі рухты жырын батыр рөлін сомдай отырып жүрекке қондыруға тырысты. Осылайша бір-бірімен бәсекеге түскен шәкірттердің ішінде Ә. Әлімжанов атындағы №27 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Ұлнұр Нұрбақыт 3-орын иегері атанды. Ал бұлбұлдай даусымен тыңдарманды тәнті еткен Мойнақ ауылдық №23 орта мектебінің шәкірті Айназ Адалқызы жүлделі 2-орынды иеленсе, №2 орта мектебінің үмітін үкілеп келген Аяжан Саятқызы байқаудың 1-ші тұғырынан бой көрсетті. Өз кезегінде Сәкен Иманасовтың «Шабындық» атты лирикалық жырын тамылжыта оқыған Ә.Әлімжанов атындағы №27 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Құралай Данабек жарыстың бас жүлдесін иемденді. Айта кетерлігі, тұңғыш рет өтіп отырған бұл байқауға қатысушылардың барлығы да жүлдеден тыс қалған жоқ.

АРДА БИ