Алғыс арқалаған ансамбль

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1624
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің тарихында алтын әріптермен жазылған жарқын кезең бар. Ол – аты аңызға айналған «Жетісу» студенттер ән-би ансамблі. Жастардан құралған әйгілі өнер ұжымы аз уақыттың ішінде Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанып, министрліктің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен бірге, Кеңес кәсіпкерлер одағының бірнеше медаліне ие болды.

Ансамбльдің алғашқы шығармашылық жолы 1978 жылдың 8 мамырынан басталады. Осыдан табаны күректей қырық жыл бұрын, көктемнің шуақты күнінде,    І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының сахнасында өнер ұжымының тұсауы кесілді. Ансамбльдің тұрақты жетекшісі сол кездегі институттың ректоры, тумысынан ұлтқа жанашыр Мырзатай Жолдасбеков еді. Ол әрбір ансамбль мүшесіне бағыт-бағдар беріп, шығармашылығына шабыт сыйлайтын. Ал көркемдік жетекшісі музыка факультетінің деканы, ҚазССР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, оқу ісінің үздігі Ақсұлу Манаспаева болды. Өнерлі студенттерге елге белгілі хормейстерлер Сергей Морозов пен Отто Рефиниус музыкалық жетекші болып қызмет етті. С. Морозов ән айту және музыка кафедрасының меңгерушісі, өнер әлемінен хабары мол болумен бірге жастарға көп қамқорлық көрсетті.
Ансамбльдің құрылуына шығармашылық жағынан қолдау танытып, демеушілік жасаған – СССР Халық әртісі Нұрғиса Тілендиев. Сонымен бірге, ақын Қадыр Мырзалиев, белгілі балет әртісі Дәурен Абиров, өнер майталмандары Меңтай Тілеубаев, Кенжебек Күмісбеков, Галина Хасанова, Амантай Есімбеков сынды қайраткерлер студенттердің алғашқы аяқалыстарын қолдап, болашақ бағыт-бағдарын айқындап отырды. Жастардың өнерін сол кездегі Талдықорған облыстық партия комитеті мен кәсіподақ кеңесі де жоғары бағалап, ары қарай жандануына мүмкіншілік жасады.
Өнер ұжымының тарихы сан қатпар. 1977 жылы облыс орталығында бірінші Бүкілодақтық фестиваль дүркіреп өтеді. Оған институттың ректоры Мырзатай Жолдасбеков қатысады. Фестиваль өздігінен құрылған көркем шығармашылық ұжымдарына арналды. Сонда ректор халықаралық фестивальдің жеңімпаздарын облыстық комсомол комитетіне шақырып, Талдықорған педагогикалық институтына (қазіргі ЖМУ) оқуға түсуге ұсыныс жасайды. Оқу орнының басшысы өнерлі қыз-жігіттерге оқытушыларды бірден бекітіп, қорытынды емтихан тапсыру үшін «Қарлығаш» спорттық сауықтыру лагеріне жібереді. Емтиханнан 22 өнерпаз жоғары баға алады. Олардың ішінде Татьяна Полтавская, Айжан Әбілмәжінова, Владимир және Александр Гейнц, Галия Арапова, Әкімжан Тоқтақынов секілді талантты өнер иелері болды. Бұлардың бәрі жаңадан ашылған музыка-педагогика факультетінің студенттері атанады.
Елдің жоғары бағасын ала бастаған ансамбльге кейінірек Гүлмайдан Сүндетова, Ғалым Сүлейменов, Әмина Айтова, Замира Тілешова, Азат Құсайынов, Асқарбек Бозамбеков, Фарида Құдайбергенова, Сталик Райыбеков сынды талантты өнерпаздар келіп, ұжымның абыройын одан әрі асқақтатты. Ансамбльдің аз-кем құрылу тарихы осындай. Ұжым тек ән салып қоймай, би өнерін де паш етті, хормен танылды, вокалды халық аспаптарында ойнады.
Сол кездегі облыстық «Заря коммунизма» газетінің тілшісі ансамбльдің алғашқы шығармашылық концертін: «Ансамбль мүшелері концертін Нұрғиса Тілендиевтің «Жетісу» шығармасымен бастады. Онда жетісулықтардың еңбек жолы көрсетіледі. Концерттің «Туған ел» деп аталуы да тегін емес. Ансамбльдің репертуарында ән өнерінің бай қоры бар. Таңдалған әндер мазмұнында Отанға деген махаббат, Жетісуға деген сүйіспеншілік сезіледі. Концертте С. Мұхамеджановтың «Жорық жыры», М. Төлебаевтың «Кестелі орамалы», Е. Рахмадиевтің «Хоралы» шырқалды. Әсіресе, А. Гейнцтың, К. Жарқынбаеваның, Б. Әлібаеваның таланттарына еріксіз таңданасың. Көрермендер әншілерді ерекші ықыласпен қабылдады», – деп тебірене жеткізді.
Студенттердің бағдарламасында көпшіліктің жүрегіне жол тартатын өнер туындылары көп болды. Атап айтқанда, «Балбырауын», «Қосалқа» секілді Құрманғазының күйлері, Нұрғиса Тілендиевтің «Жетісу», «Өз елім», «Ақ шағала», «Ғанилар ешқашан өлмейді», «Шаттық жырлары», «Жеңіс салтанаты» музыкалық шығармалары, Талдықорған қызылшашыларының маршы көпшілік сүйіп тыңдайтын туындыларға айналды. Ансамбльдің аты одақтас елдер арасына және алыс-жақын шетелге кеңінен тарады. Әнші, бишілердің, аспаптарда ойнайтын шеберлердің дарыны расында да ерекше еді. Әр жылдары өнер ұжымының концерттік бағдарламаларына Мәскеудің, Латвияның, Германияның, Испанияның, Ресейдің, Болгарияның, Өзбекстанның, Францияның және Қытайдың көрермендері тәнті болысты.
1990 жылдың жазында Алматы қаласында «Азия дауысы» фестивалі өтеді. Оған 15 мемлекеттен өнерпаздар қатысады. Сол байқауда ансамбль мүшелері  елге танымал өнер жұлдыздарымен бірге сахнада ән шырқайды. Республикалық «Қазақтелефильм» телеарнасы ансамбльдің тынысы жайлы «Жетісудың жастығы», «Жетісу» атты деректі фильмдер түсіреді. Соңғы фильм қазіргі таңда ЖМУ-дің музей қорында сақтаулы. Өнер ұжымының жекелеген әншілері талай телебағдарламаларға түсіп, әннен шашу шашты. Олардың ішінде әйгілі «Алтыбақан», «Тамаша», «Ақындар айтысы» бағдарламалары бар.
«Жетісу» халықтық ән-би ансамблі – көпшілікке кеңінен танымал ұжым. Университеттің ғана емес, республиканың есімін әлемге әйгілеген ұжымнан Т. Полтавская, Г. Сүндетова, Ғ. Сүлейменов, Ж. Таубалдиева,  С. Әжібекова, Х. Валитова сынды танымал өнер жұлдыздары түлеп ұшты. Бүгінде ансамбль құрамында болған бірқатар өнерпаздар ЖМУ қабырғасында абыройлы еңбек етеді. Олардың еңбегі мемлекет тарапынан еленіп, биік белестерді бағындырған. Мәселен, Ғ. Сүлейменов ҚР Мәдениет қайраткері, профессор болса, Е. Теміров ҚР білім беру ісінің үздігі. Ал Ж. Таубалдиева,  А. Құрсабаев, Г. Сарбалина, С. Күнтуғанова,  С. Шыныбаевтар ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген сан қырлы талант иелері. Бұдан бөлек, ЖМУ-дің қара шаңырағында танымал дирижер      Е. Тоқтаров, доцент Х. Валитова, сазгер С. Әжібеков, әнші А. Бүркеева, оқытушылар Г. Арапова,       Ж. Акпарова сияқты ансамбль мүшелері қызмет атқарды.
Тарихы терең ансамбль бүгінде де жұмысын жалғастырып отыр. Оған ЖМУ ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор, академик Қуат Баймырзаев қолдау көрсетіп келеді. Жан-жақты қолдаудың нәтижесінде ансамбль өзінің қырық жылдық мерейтойын мерекелеу үстінде. 

Клара ТӘЖИЕВА,
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің музей директоры