БҮГІН - МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВҚА 95 ЖЫЛ

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1640
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар ӘЛІМБАЕВ тірі болғанда бүгін 95 жасқа толар еді. Қарымды қаламгер Павлодар облысының Шарбақты ауданында туған. Қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан дарынды тұлғалардың бірі, ұлт мақтанышы.

Қаламгер Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Кейін әр жылдары «Пионер», «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» басылымдарында қызмет еткен. Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Ақынның 52 кітабы шыққан. Жазушы қазақ балалар әдебиетін дамытты. Сондай-ақ, мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысты. Сын саласында «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі», «Көргендерім көңілде» еңбектері басылған. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Шығармалары 38 тілге аударылған. Бірнеше орденмен марапатталған. Жазушының жүрегінен шыққан туындыларын балалар ғана емес, қалың оқырман қауым сүйіп оқиды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"