АЙДЫН КӘЛІМХАН ЕҢ ҮЗДІК РОМАН ЖАЗДЫ

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 2970
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ару қала Алматыдан жалпақ Жетісуға дәл қазір сүйінші хабар жолдаудың орайы келіп тұр. Қазақ руханиятының қазыналы қамбасына мөлдір туындаларын қотарып жүрген жаннат мекеннің қос перзенті әдеби байқауда топ жарды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық "Алтын қалам" әдеби байқауы мәресіне жетті.

Аталмыш дүбірлі додада шырайлы шығармаларымен алдияр оқырманның ақеділ ықыласына бөленіп үлгерген Есболат Айдабосын проза жанры бойынша жеңімпаз деп танылды. Ол "Ит тірлік" атты әңгімесі бойынша жүлделі болды. Жыл сайын әдебиет саласындағы шығармашылық қауымды қолдау мақсатында өтіп келген "Алтын қалам" байқауында "Ең үздік роман" аталымы бойынша "Талдықорған" газетінің тілшісі, ақын, жазушы Айдын Кәлімхан қара үзді. Қаламгер атамекенге деген сағынышын жүрегіне түйіп, қытайдың ит тепкісін көрген, ақырында еркіндікті аңсаған, шетел түрмесінен қашып шығып, Қазақстанға оралған Сағидолла атты кейіпкердің өмірін суреттейді. Кешегі содыр қоғамда қазақ көшінің басына төнген қара бұлтты суреттеген "Қашқын" атты сиясы кеппеген романымен жеңіс тұғырынан көрініп, 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

Осылайша қасиетті Жетісу мекені үкілеген қос жазушы - қос жүйрік проза жанрындағы екі аталым бойынша үздік деп танылды. Аталмыш байқаудың қорытынды шарасы дәл қазір ару шаһардың қақ төріндегі 28 панфиловшылар саябағында орналасқан "АРТиШок" театрында өтті.

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"