АЛМАТЫДА СТУДЕНТТЕР ФОРУМЫ ӨТЕДІ

Уақыты: 15.11.2018
Оқылды: 1453
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ “Жандану әлемі” қорының қолдауымен, “Жас Отан” жастар қанатының, Қазақстан Жазушылар Одағының және Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен “Мен жастарға сенемін” форумын өткізбек.  Алтыншы мәрте қолға алынған форумның артықшылықтары мен жетістіктері айтарлықтай көп. Ең алдымен форумның мақсатына тоқталсақ.

Аталмыш форумды өткізу мақсаты – студент жастардың Отанға деген патриоттық сезімін ояту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Форумға қатысуға ниет білдірген студенттер бірнеше номинация бойынша жарысып, қорытынды шарада арнайы дипломдармен марапатталады. Жарыста жастардың шығармашылық қалыбын шыңдайтын түрлі сайыстар қарастырылған. Ол сайыстар ғылыми-инновациялық жобалар, эссе, өлең, ән байқаулары бойынша өткізіледі.

“Мен жастарға сенемін” форумы 2013 жылдан бастап қолға алынды. Қуантатыны, форумға қатысушылардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, жыл сайын комиссия мүшелері 500 мыңнан астам жұмыспен танысып, үздіктерді анықтайды. Яғни, студент жастардың осындай іс-шараларға деген қызығушылығы жоғары екендігі байқалады. Ең бастысы жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік, халқына деген құрмет бар. Бүгінгі күннің жастары осындай патриоттық рухта алға қарай ұмтылса, ел болашағынан зор үміт күтуге болады.

Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылды “Жастар жылы” деп жариялады. Бұл да жастарды қолдаудағы жаңа, ауқымды әрі қажетті бастама. Осы орайда “Мен жастарға сенемін” форумы озық жобалардың бірі саналады. Биыл да форум жоғары деңгейде өтіп, толағай жетістіктерге толы болатынына сенім мол.

Жәмила БАҚТИЯРҚЫЗЫ

ҚазҰУ-дың 2 курс студенті