ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫ ӘСПЕТТЕЛДІ

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1269
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай «Қазақ тарихындағы батырлардың рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған елдегі маңдайалды жоғары оқу орындары мен іргелі  ғылыми-зерттеу мекемелерінің оқытушы, ғалымдары,  тарихшылар, музей қызметкерлері, шежіре зерттеушілер қатысты.

Алматы қаласы мен облысы әкімдіктерінің қолдауымен, «Ақ Орда» республикалық қозғалысының, «Бәйдібек баба» қорының ұйытқы болуымен университеттің әл-Фараби кітапханасының мәжіліс залында өткен жиында елінің амандығы мен жерінің бүтіндігі үшін күрескен батырлардың ерен ерлігі келелі әңгімеге алтын арқау болды. Көрермен назарына алдымен «Қарасай батыр» атты фильм ұсынылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ғалымқайыр Мұтанов өзінің құттықтау сөзінде конференция тақырыбының маңыздылығын атап өтті. Жиынның ашылуында республикалық  билік орындарының лауазымды тұлғаларынан,  қоғамдық ұйымдардан келіп түскен құттықтаулар оқылып, халқымыздың өткенін таныту ісіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар азамат Халықаралық Жамбыл қорының төсбелгісімен марапатталды.
Конференцияның пленарлық мәжілісі ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерделеу республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Талас Омарбекұлының «Қазақтың Қарасай батыры» тақырыбындағы тұжырымды баяндамасымен басталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай «Батырлары бар ел мақтанар» тақырыбында тың зерттеулерімен бөлісті.
«Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы «Қарасай батыр туралы аңыз бен ақиқат» атты көлемді баяндамасында батырдың өмірі мен қызметіне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі, профессор Хангелді Әбжанов «Қарасайдың ұрпағы Кәшке батыр» тақырыбындағы зерттеулерімен таныстырса, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Бақыт Еженханұлы «Мәнжу мұрағат құжаттарындағы қазақ батырлары» деген тақырыпта тапқан тың ізденістерін ортаға салды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Гүлбану Жүгенбаеваның «Халықтың тарихи жадындағы батырлар феномені»,  Берекет Кәрібаевтың «Қарасай батыр және оның заманы» атты баяндамалары тыңдалды.
Ғылыми жиынның секциялық мәжілістерінде елдегі жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тарихшылардың баяндамалары тыңдалды. Бірінші секцияда дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институтының орны жан-жақты сараланса, екінші секция түгелдей Қарасай батырдың өмір жолы мен қазақ тарихындағы орнына арналды. Ал үшінші секция бойынша қазақ-жоңғар соғыстары кезеңіндегі қазақ батырларының ел қорғау жолындағы күрестері сан түрлі тақырыпта қамтылды. Тарихи маңызы зор оқиғалармен бірге Өтебас Әйтекебиұлы, Телқожа батыр, Көкен батыр Назарұлы, Қалыбек би, Көшім хан, Махамбет Өтемісұлы, Балуан Шолақ, Қожаберген, Райымбек, Қаракерей Қабанбай, ағайынды Қожық пен Ақша, Саңырық, Жылқаман батырларға жеке-жеке тоқталды.
 
С. ӘШІМБЕКҰЛЫ
Алматы