Қараталым - қазынам

Уақыты: 27.09.2016
Оқылды: 3459
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті Қаратал өлкесінің төл тумалары, тарланбоз тұлғалары әманда киелі өнерден кенде болмаған. Аузын айға білеген ел ардақтыларының сөз саптасы, тәңірі берген текті де бекзат болмысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ән мен жырдың, күмбірлеген күйдің киелі ордасына айналғаны қашан. Міне, өткен аптадағы қасиетті жұманың арайлы таңы атысымен өркениеттің өріне талпынған өрісті өңірдің бар өнерін паш еткен ауданның мәдениет күндері дүбірлеп  өтті. 

Қаратал дегенде әуелі аузымызға ел бастаған батырлар мен сөз бастаған шешендердің оралатыны тегін емес-ау! Көзі тірісінде-ақ мұқым жұртты аузына қаратып, бәтуалы сөз, болаттай берік байлам айтқан Ескелді, Балпық, Жолбарыс, Қарымбайдай әулиелер, Айту мен Жәлмеңдедей билер, Пышандай сазгерлер шыққан құйқалы топырақтан нәр алған тектілер қаншама?! Еліміздің өркениет көшіне ілесуіне өзіндік үлес қосқан, Жетісу өлкесінің шырайын келтірген танымал тұлғалар – Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сахна саңлағы Бикен Римова, Қазақстанның халық әртісі Шолпан Бәкірова, детектив жанрының көшбасшысы, қарымды қаламгер Кемел Тоқаев және өнерді серік еткен мәдениет саласының майталмандарын қалай айтсақ та жарасымды. 
Торқалы тойдың беташары ертеңгісін Үштөбе қаласының  орталық саябағында  жұртшылықтың ескерткіш-монументтерге гүл шоқтарын қоюдан басталды. Аудан әкімі Қайрат Бисембаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов және аудандық бөлім, мекеме ұжымдары, аудан жұрты ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалғанша күресіп, ерліктің ерен үлгісін көрсете білген Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауған соғысы жауынгерлерінің құрметіне қойылған ескерткішке, осынау жарқын күндерді тойлауда басын бәйгеге тіккен арыстарымызды әспеттеген саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған монументке гүл қойып, рухына тағзым етті. 
 – Осындай бейбіт күн әкелу үшін, ел мен жерді сақтау үшін жанын қиған бауырларымызға бағыштап, «өлі риза болмай, тірі байымайды» деп аруақтардың ерліктеріне  тағзым етуден бастадық, – деді аудан әкімі Қайрат Бисембаев жұртшылық алдында.  Осыдан соң орталық саябақта гір көтеру, қол күресі, шахмат, тоғызқұмалақ секілді спорттық ойындарға кезек беріліп, жас өрендер дүбірлі додада бақ сынады. 
Ауданның мәдениет күндері аясында Үштөбе қаласындағы орталық кітапханада «Мен тәуелсіздікті жырлаймын» атты жергілікті ақын-жазушылармен кездесу өтті. Адам баласының ең асыл мұралары – кітапты көздің қарашығындай сақтап жүрген кітапханашылар қауымы мен әдебиет, өнерсүйер жас оқырмандар алдында Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Мәкен Өсербаева, қаламгер-журналист Қараша Қараман, Жексенбек Сұлтанбеков, ақын Жанымхан Қизат, жас ақын Лида Жанбота әсерлі әңгіме өрбітті. Аға буын өкілдері жастарды отансүйгіштік пен адамгершілікке баулып, кітаппен сырлас болуға шақырса, жас ақындар жаңа жырымен жұртшылықты сусындатты. Қаламгерлер жастарды өнердегі жолымен, жарық көрген кітаптарымен таныстырды. Қанабек Байсейітов атындағы орта мектептің 10- сынып оқушысы Айбота Серікхан қос ішекті домбырамен ән шырқап, әдеби кештің шырайын келтірді.  
Түстен кейін  облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев бастаған ауданның атқа мінерлері Ескелді би баба кесенесіне барып, құран бағыштады. «Аруақты жерден ат үркеді» дегендей, қасиеті мол бабалардың шарапаты тие берсін деген ниетпен ауданға келетін қадірлі қонақтардың ешбірі киелі орынға бас сұқпай кеткен емес. Осы игі дәстүрмен меймандар ел мен жердің амандығы, ағайынның татулығын ойлап, артынан өнегелі сөз, өсиеті мол тағылым қалдырған баба рухына тағзым етті. 
 Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға аймақтың беделді тұлғалары, мәслихат депуттары, спорт саласының саңлақтары мен өнерде өзіндік орны бар өрендер қатысты. Әсіресе, биылғы жазғы олимпиада ойындарына қатысушы Маргарита Елисеева, Иван Иванов секілді есімі елімізге танымал спортшылардың қарасы көп болды. Осынау игі жақсылар мен жайсаңдар жиылған жиында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Әлтайұлы сөз алып, барша Қаратал жұртын мәдениет күні мерекесімен құттықтады.  –  Құрметті Қаратал тұрғындары! Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізіліп жатқан мәдени шарада сіздермен бірге бас қосып отырғаныма қуаныштымын. Облыс көлемінде дәстүрге айналып, бүгінде 11-ші рет өткізіліп отырған мәдениет күндерінің кезегі Қаратал ауданына келіп отыр. Бүгінгі өтіп жатқан мәдениет күні құтты болсын! – деп облыс көлемінде мәдениет саласында атқарылып жатқан игі істер жайын да әңгімеледі. Оның айтуынша, мәдениет саласына жыл сайын облыс бойынша 7 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп, облыстағы 246 Мәдениет үйінің 50-60 пайызы күрделі жөндеуден өткізілуде. Аудан әкімі Қайрат Бисембаев ауданда 11 Мәдениет үйі бар екенін, соның екеуіне күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстан келген өкілден қол ұшын беруін сұрады. «Сабақты ине сәтімен»  дегендей, Бақтияр Өнербаев бұл мәселеге барынша көмек көрсететіндігін айтып, бір қуантып тастады.
Одан әрі торқалы той орталық алаңда жалғасын тапты. Қонаев даңғылының бойына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан сыр шертетін сан қилы көрме қойылды. Мұндағы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп, мәдениет пен спорт саласы, қолөнер бұйымдары мен қылқалам шеберлерінің қайталанбас туындыларына жұрт жақсы бағасын берді.  Қазақтың ақ шаңқан киіз үйлерінде қойылған «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты көрмеде егемен еліміздің қол жеткізген жетістіктері айшықталды. Атап айтар болсақ, еліміздің Мемлекеттік рәміздері, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан ауқымды шаралар: ЕҚЫҰ  төрағалық ету, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің дәстүрлі съезі, «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қауіпсіз әлемге» атты халықаралық конференция, «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIV сессиясы, Экспо – 2017 көрмесі – ерліктің ерен жемісі екені дәріптелді.  Қазақстандағы Ұлт-азаттық  көтерілісіне – 100 жыл толуына орай Амангелді Иманов бастаған қазақтың қарулы қақтығысы, «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» айдарымен ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны мен шығармашылық жолынан сыр суыртпақтайтын көрмелер жұрт назарына ұсынылды. «Тарихқа – тағзым» айдарымен Алаш арысы Ә. Бөкейханов, жыр алыбы – Жамбыл Жабаев, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс, ал «Елдің атын – ер шығарар» тақырыбындағы көрмеге сахна саңлағы Қ. Байсейітов, Б. Римова, жазушы К.Тоқаевтың өмірбаяны мен шығармашылығы арқау болды. Облыстан келген қонақтар орыс, кәріс, чешен, күрд, неміс және ұйғыр этномәдени бірлестіктердің тіккен шатырына қызығушылық танытты. 
Мәдениет күнінің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Әшірәліұлы құттықтау лебізін жеткізіп:
–    Құрметті жерлестер! Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстандағы Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы және Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы бойынша көптеген мерекелер мен мерейтойлық шаралар жемісті атқарылып, бүгінде дәстүрімізге айналған мәдениет күні біздің ауданымызға да келіп жетті.  «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» дегендей, әр ауданның мәдениеті мен өнерін, қол жеткізген жетістіктері мен мәдени мұраларын, халқының ауызбірлігін көрсетер мәдениет күндеріне арналған жарасымды біздің өлке үшін қалыпты жағдайға айналған. Бүгінде жүзі басқа болса да жүрегі бір көп ұлт өкілінің алтын ұясына айналған қасиетті әулиелер мен би, батырлар мекені деп мақтанышпен айтылатын Қаратал ауданының ынтымақты елінің атынан ел мен елді қауыштырған, достық пен татулықтың негізіне айналған, береке-бірлігі жарасқан ауданымыздың мәдениет күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді.   
– Қаратал ауданында 43 ұлт пен ұлыс өкілдері, 6 этномәдени бірлестіктер тату-тәтті өмір сүріп, жергілікті қазақ халқымен бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай болып, өздерінің төл өнерін дамытуда. Міне, ортақ мерекеде бірлігі бекем, достығы дарқан өзге ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында «Кең- байтақ қазақ елім» тақырыбында Көк байрағымызды желбіретіп, елдіктің тойы екенін паш етті. Мерекеде әуелі тарихтың қатпар-қатпар қойнауынан сыр тарқатар қойылымдар ұсынылды.  Аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының «Егемендік – елдігім, Тәуелсіздік –теңдігім» ұранымен қой-ылған драмалық көрінісі көптің көңілінен шықты. Сахнада азаттық үшін атқа мініп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жер қорғаған батыр бабаларымыздың ерен ерліктері дәріптелді. Жау жүрек батыр кейпін сомдаған өнерлі жігіттер ат үстінде қылыш сермесіп, сонау жаугершілік заманда қасықтай қаны қалғанша елді қорғаған қайсар да қаһарман баһадүрлер дүбірін көз алдымызға әкелді. Сондай-ақ, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс, тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы халық назарына ұсынылды. Мәдениет күнінде аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, той-думанның шырайын келтірді. Елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында өткен торқалы той жарқындығымен көпшіліктің есінде қалды.    

Асхат ӨМІРБАЕВ.  
              Қаратал ауданы.