Аспантаулар аясында

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 1750
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кеудесін Хантәңірі шыңы ажарлап, етегін Көлсайдай көлі көркемдеген, бір жағын әйгілі Шарын шатқалы, екінші жағын Мойнақтай су электр стансысы, оңтүстігі мен солтүстігін Қарқара, Шалкөде, Шұбартал, Екіаша секілді жайлаулары, Тұзкөлдей көлі, Ойқарағай көмір кеніші мен Жарқұлақтағы алтын кені жарқыратқан кең-байтақ өлке – шын мәнінде жүректің жұбанышы.

Жер жаннаты Жетісудың ең биік қымбат та қастерлі төрі саналатын Райымбек ауданы Хантәңірі шыңындай асқақ тұлғаларымен де танымал. 
Мұның бәрі қастерлі де қасиетті таулы өлке топырағының шапағаты демеске әбдіміз жоқ. «Ел іші өнер кеніші» дегендей, ауданның іші де өнер иелеріне толы, мәдениеттің қаймақтары баршылық. Нарынқол ауылындағы Мәдениет үйінің жанынан құралған «Алтын қазына» әжелер ансамблі халықтық атағына ие. «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблі, «Ақ толқын» халықтық фольклорлық ансамблі, Кеген халық театры да ауданның мақтанышы іспетті. Аудандағы Қарасаз, Кеген, Текес өнер мектебі жас ұрпаққа өнердің сан қырын үйретіп, дарынды шәкірттеріне алтын бесік болуда. 
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған Райымбек ауданының мәдениет күндері Кеген ауылындағы «Тарихқа тағзым» атты тарихи-мемориалдық ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Оған Райымбек ауданының әкімі Жанат Тажиев, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова бастаған қазылар алқасы, ауыл қариялары ортақтасты. Биылғы жазда «Тарихқа тағзым» деген атпен Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған облыстық шара Қарқара өңірінде өткізілген болатын. Сол кезде көтеріліс қаһармандарына арналып осынау ескерткіш бой көтерген еді. Бұл өсер ұрпаққа ұлағат болар игілік болды.
Бұдан кейін облыстық қазылар алқасы бастаған көпшілік ауданның осынау мәдениет күнге арнап әзірлеген көрмесін тамашалады. Сексен мыңға тарта халық тұратын таулы өңір 14,2 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр. Ауылдағы ағайынның несібесін ауылшаруашылғы құрап отыр. Бұл саланың 8 айдағы қорытындысы жаман емес. Аталған мерзімде аудан бойынша 14 миллиард 114 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Осы күні ауылшаруашылығы өнімдеріне арналған көрме өлкенің биылғы бітік өнімін алға тартты. Айболат Солтанғазиев басқаратын Кеген орман шаруашылығы мекемесінің кеңсе ғимаратының бір бөлігінде таулы өңірдегі аң-құстар әлеміне арналған тамаша мұражай бар. Қазылар алқасы көрмеге қойылған орманшылардың жәдігерлерін қызыға тамашалады. Иә, ауданның Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, құсшы Досан Дуанқұловтай жаратылысы бөлек ерекше жан өзі тұратын Сарыжаз ауылындағы жас натуралистер стансысының туын жықпай ұстап отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен кездесетін әдемі әнші құстар, көркем тоты құстар Досан ағаның қамқорлығында. Мәдениет күнін көруге келген көпшілік Досанның құстарын көріп, бір желпінісіп қалды. Осы күні Бақытгүл Ұзақова басқаратын Жалаңаш оқу-өндірістік комбинатының қолөнер туындыларына арналған көрмесі жылы әсерін қалдырды. Қарасаз ауылындағы Бақытгүл Раева жетекшілік жасайтын Қарасаз балалар өнер мектебінің де жас ұрпаққа берері көп. Сурет, қолөнеріне баулитын класта оқитын дарынды шәкірттердің салған суреттері көпшілік назарын өзіне аудармай қойған жоқ. Өңірде Болатбек Өтегеновтей қолөнер шебері тұрады. Отызға тола қоймаған жап-жас азаматтың он саусағы өнеріне толы. Оның жасаған домбыра, қобыз секілді ұлт-аспаптары сұранысқа ие. Көрмені тамашалаушылар оның жұмысына сәттілік тіледі. Көрмеден ауданның спорт жетістіктеріне де орын беріліпті. Біләл Мәсімбаев басқаратын аудандық жұмыспен қамту орталығы да өздері арқылы жаңа жұмыс орындарын ашқан жандардың қолынан шыққан дүниелеріне арнап көрме әзірлепті. Бұл да көңілден шығып жатты.
Ауданның мәдениеті дамып, өнері өркен жайып келеді. Өңірде 21 Мәдениет үйі, 16 кітапхана жұмыс істейді. Биыл Қарқара көтерілісінің 100 жылдығы тұсында аудандық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне айналды. Оның құрамындағы Кеген халық театры, «Ереуіл» фольклорлық халықтық ансамблі жаңа киім, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тұсындағы жақсылық болды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрмаман Оқас, ҚР мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, аудандық Мәдениет үйінің директоры Сержант Жетпісбай бастаған ауданның өнер иелері, мәдениет қызметкерлері уақыт талабына сай жұмыстар жүргізіп келеді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы шын мәнінде көп көңілінен шықты. Концерт 100 адамдық хор ұжымының орындауындағы композитор Бейбіт Дәлденбайдың «Райымбек бабам» атты шығармасымен басталды. «Ереуіл», «Ақтолқын» фольклорлық ансамбльдерінен құралған оркестрдің орындауындағы Е. Үсеновтің «Ұран» күйі де сәтті шықты. Нарынқол ауылындағы Мәдениет үйінің жанына құралған «Алтын қазына» халықтық әжелер ансамблі бастаған өнерлі әжелерге дүйім ел риза болды. Осы күні Б. Нүсіпова,  Н. Байбала, Т. Өзбекова, Н. Мамытханов,        С. Әлдекенова секілді әншілер ел ықыласына бөленді. Театрландырылған көріністен үзінділер, 120 адам құралған бишілердің өнері ешкімді бейжай қалдырған жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, өңірдің мәдениет күні ерекше әсерге толы болды. Таулы өлкенің өнер маржанын ортаға салған дүниенің берері аз болған жоқ. Оны тамашалаушылар Райымбектей батыр баба атындағы ауданның шын мәнінде өрісті өнеріне келісті салт-дәстүріне толы екенін тағы бір мойындағандай болды. 

 Қанат Біржансал.
Райымбек ауданы.