Түркі сазы тербеді

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 1953
Бөлім: РУХАНИЯТ

Апайтөс алып даланы мекендеген түркі жұртының өнер керуені Талдықорған қаласына келді. Жер жаннаты атанған сұлу мекеннің төрінде ән әуелеп, күмбір күй төгілді. Қаны мен қалыбы бір елдерді рухани үндестірген құдіретті саз өнері тыңдарман қауымды тәнті етті. Түркі әлемінің мәдениетін паш еткен концерт Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті.

Биыл түркі халықтары үшін тарихи жыл, үлкен мереке. Бір кезде отарлаушы күштің басымдылығынан қарамағындағы елдерді  билеп-төстеген, жаныштаған Кеңес Одағынының ыдырап, түркі халықтарының азаттыққа қол жеткізгеніне ширек ғасыр толуда. Атап айтсақ, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан мемлекеттерінің тәуелсіз ел атанғанына 25 жыл. Осыған орай «Түрксой» халықаралық халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары төрткүл дүниені аралап өз өнерлерін паш етіп келеді. 
Осындай игі бастама көтеріп, дүбірлі мерекеге арналған концерттің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Құдайбергенов Ұлықбек Есдәулетовтың сөзіне жазылған «Біз түркілерміз» әнімен ашты. Рухты әнмен басталған концертте «Түрксой» халықаралық халық-аспаптар орестрінің өнерпаздары мен бауырлас елдердің жарық жұлдыздары ән әуелетіп, күй төкті. Атап айтсақ, башқұртстандық  Юлай Касымов, тывалық Монге Монгуш, әзірбайжандық Эльгиз Алиев пен «Мунгам» триосы, Гарифа Игисинова, Шахрия Мусаев,  Қырғызстаннан келген АКАК комузшылар этнотобы, түркиялық Мехмет Али Геврек және Тунжай Тунжай, тағы басқа да танымал тұлғалар тыңдармандарды ұлттық өнермен сусындатты.
Көкбөріні аңыз еткен халықтардың өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің соңында Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сөз алды. Ол:
– Алдағы уақытта Отанымызда өтетін концерттің басы жер жаннаты аталған құтты мекенде, облыс орталығында басталғанына қуаныштымын. Өнер дарыған өлкенің тыңдармандары да тәнті еткенін жасыра алмаймын. Сіздер әнмен әлдиеленіп, күймен тербеліп қана қоймай, ұлы саз өнерін өте жақсы түсінеді екенсіздер. Осындай жұртты басқарып отырған облыс әкіміне  дән ризамын, – дей келе Амандық Баталовқа сыйлық табыс етіп, Лондон қаласының мэріне де дәл осындай сый тарту  еткенін жеткізді. 
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы:
– Құрметті өнер сүйер ағайын! Бүгін естен кетпес ерекше күн болды. Бауырлас елдерді біріктірген оркестрдің және жекелей өнерпаздардың орындауындағы ән мен күйге құлақ түріп, қуанышқа кенелдік. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концерт те Мәңгілік Елдің мәртебесін асырған игі шаралардың бірі болып қалмақ, – дей келе қазақ жоралғысы бойынша Дүйсен Қасейіновтің иығына шапан жапты.
Жалпы, түркі тілдес халықтарының тілі, діні, наным-сенімі ғана емес, өнері де үндесіп жатқандай. Ондағы адам жүрегінің пернесін дөп басатын саз өнеріндегі айшықты боямалар мен шалқу, шамырқану сезіміне жетелейтін құдыретін айтып жеткізе алмаспыз. Ұлы мерекеге орай, Түрксой халықаралық ұйымының бірінші хатшысының бастамасымен биыл ғана құрылған «Түрксой» халықаралық халық аспаптар оркестрі бауырлас елдердің домбыра, сырнай, шертер, балама, қыл-қобыз, тар, кеманша, кавал, хомус, игиль сынды көптеген ұлттық саз-аспабымен де ерекшеленеді. Түркі тілдес елдердің осындай ұлы мұраларынан шыққан әуен жетісулықтарды тебірентіп, өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Айбынды да айбарлы қандас халықтардың өнерпаздарының бірігуімен өткен аталмыш концерт «Quartet IL Canto» тобы мен аталмыш оркестрдің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнімен мәресіне жетті.