МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВҚА - 125 ЖЫЛ

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1961
Бөлім: РУХАНИЯТ

ҚР Ұлттық кітапханасы мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Күннің суығына қарамастан Мағжанды сүйетін қауымның конференцияға қалмай келгендігі бізді ерекше қуантты. Шараға ірі ғалымдар, оқушылар, студенттер қатысты.

Арнайы көрмеге М. Жұмабаевтың ХХ ғасырдың басында төте жазумен шығарылған еңбектері қойылды. Олардың ішінде 1922 жылы Орынборда шыққан «Педагогика», 1923 жылы Ташкентте шыққан «Бастауыш мектепте ана тілі», 1926 жылы Мәскеуде шыққан «Сауатты бол!» (ересектердің сауатты болуына қолқабыс болатын кітап), орыс тілінен аудармалары, сондай-ақ, кейінгі құнды еңбектері де қойылды. Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін көріп, қолмен ұстап, ақынның энергетикасын сезінгендей болып, көңіл толқып, бойымызда қан ойнады.

Конференция барысында Алаш зерттеушісі, ғалым, профессор Айгүл Ісмақова «Қазақтану және ұлттық код мәселелері» атты баяндамасында М. Жұмабаевтың ұлттық, халықтық педагогикасы туралы тұщымды сөз қозғады. М. Жұмабаевты биікке шығарған отбасылық тәрбие, білім ошақтары туралы айтып берді. Оның жазған «Педагогикасына» жетер педагогика жоқ екендігін, Мағжанның педагогикасын басшылыққа алған адамның отбасында да, бала тәрбиесінде де жетістікке жетерін тілге тиек етті. Ғалым: «Мағжанды керемет ақын деп дәлелдеудің қажеті жоқ, ол әлем классиктерімен қатар тұр», - деген ойымен сөзін қорытты.

Профессор Т. Тебегенов «Мағжан – әлемдік классикалық әдебиеттегі түркі өркениетінің жыршысы», профессор А. Салқынбай «Мағжан өлеңдеріндегі мән», Қыршегір Ахи Эвран университетінің аға оқытушысы Қабадайы Осман «М. Жұмабаевқа қатысты Түркиядағы шаралар», филология ғылымдарының докторы О. Жұбаева «М.Жұмабаев – қазақ тіл біліміндегі инновациялық парадигмалардың негізін қалаушы», магистрант Мырзағали Абай «М. Жұмабаевтың Мәскеудегі шығармашылық қызметі», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Ахмет Әділет «Мағжан шығармалары Татарстанда» атты баяндамалар жасады.

Алаш зиялыларының кітаптарын қазіргі таңға аман-есен жеткізіп, көздің қарашығындай сақтап отырған ҚР Ұлттық кітапханасы ұжымына айтар алғысымыз шексіз.

Д. ПАШАН,

Г. КӨБДЕНОВА

Алматы қаласы