Күй тербеген Күреңбел

Уақыты: 04.10.2016
Оқылды: 2439
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр тасына кие қонған қасиетті Күреңбел мекені бүгін тағы бір түрленді. Бауырына талай мықтыны басып, қыран құстай баптап, томағасын сыпырып өнер көкжиегіне қанаттандырған Кербұлақ ауданының Мәдениет күні ерекше аталып өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған Мәдениет күні мерекесі аудандық әкімдіктен бастау алды.

Әкімдіктің мәжіліс залына жиналған жұрттың қарасы көп. Алдыңғы қатарды ақ батасымен ел мерейін асыратын абыз ақсақалдар алса, одан кейінгі орынға ақ жаулықты әжелер жайғасқан. Көптің ішінде ұлттық киімдерін киген әр ұлт өкілдері мен қоса аудан активтері де жиынның шырайын кіргізгендей. Күреңбел мерекесіне орталықтан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев арнайы келді. Залға жиылған жұртқа қадірменді қонақты аудан әкімі Бағдат Әлиев таныстырды. Әрине, басшылығын былай қойғанда кешегі Жамбыл мен Сүйінбайдың, Үмбетәлі аталарымыздың асыл қазынасын бүгінгі жас ұрпаққа таратуда өзіндік қолтаңбасы бар, ақын, жыршы, өнертанушы азамат Ақан Әбдуалиевті аудан жұрты ыстық ықыласпен қарсы алды. Жиынның басын аудан әкімі бастап, аудандағы жеткен жетістіктер мен мәдениет саласына кеңінен тоқталды. Кербұлақ ауданы өткен жылы бас жүлдені қанжығасына байлаған өнер ордасы. Оған дейін де бірінші, екінші орындарды да еншісіне жазған. Міне, осы жаңалықтарды айта келе біздің ауданға мәдениет басқармасы басшысының өзінің келуі жақсылықтың нышаны, ырымға балап отырмыз деп бір түйіндеп тастады. Мұнан кейінгі сөзді қадірменді қонаққа ұсынды. Әдеттегідей емес, бүгінгі жиын нағыз мерекеге лайықты өткендей. Нағыз өнердің тойына ұласты. Жайма-шуақ жайлауда отырған ағайындай еркін көсіліп, өнердің түрлі сауалдары қойылып, сөз басталмас бұрын залдағы ақсақалдардан ұсыныс та түсіп үлгерді. Ауылымызға ақын келді дегенде арқамыз қозбай, аңсарымыз ауып, Ақан баламыздың әдемі әнін естісек деген ниетіміз бар. Мәдениеттің тойында әннен шашу шашса деген тілектің де шетін шығарды. Расында, әлімсақтан ақсақалды аталардың сөзі жерде қалған ба, той десе арғымақтай тыпыршып тұра алмайтын Ақан жыршы да үлкендердің сөзін екі етпеді. Ортаға домбыра келгенше облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізіп, аудан халқын бүгінгі мерекесімен құттықтады. 
– Жуырда Елордада өткен Алматы облысының мәдениет күндерінде ақын-жазушылар бас қосқан болатын. Сол кездесуде бір ғана ақын өлең оқыды. Сол ақынның өлеңі «Киелі Күреңбел» деп аталды. Өлеңге арқау болған киелі мекен Кербұлақ ауданы ежелден өнер майталмандарын дүниеге әкелген аймақ. Ақыны мен әншісін, актері мен жазушының кіндік қаны тамған жерге аяқ басқаныма мен де қуаныштымын, – деп бір марқайды. Мұнан соң облыстағы мәдениет саласы бойынша істеліп жатқан жұмыстарға тоқталып, сөзінің соңын әнмен жалғады. Қолына домбырасын алып, Жамбылдың «Ақындарға арнауын» нақышына келтіре орындады. Әннен қуат алған аталар алғысын білдіріп, батасын берді. Жиыннан кейін орталықтағы дайындалған концерттік шарамен жалғасты. 
Өнер ошақтарының ән-жыры басталмас бұрын аудан әкімі мен басқарма басшысы алаңға қойылған мәдени орталықтардың көрмесімен танысып өтті. Ауданның тарихы мен этномәдени орталықтары көрмесімен, ағаштан түйін түйген  небір хас шеберлер қолынан шыққан  қайталанбас туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Түрлі ұлт өкілдері салт-дәстүр мен мәдениетін паш етті. Одан кейін ауыл мәдениеті мен өнерінің дамуына, өнерпаздары мен өнер ұжымдарының танылуына жол ашқан игі шара орталықта жалғасты.
 Қатпарлана қатталған тарихын қопарған сайын құндылығы арта беретін, қарасаң көз тартар таулары, асау толқын өзендері, арыстай азаматтары, барыстай жастары, теңдессіз дарындары мен асқақтаған ән-жыры бар киелі мекеннің мерекесі Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауымен» шымылдығы түрілді. Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінің халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің ұжымы көрермендерді бір баурап алды. Көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай әнші Сәуле Қожаханованың орындауындағы Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» шырқалғанда Ұлы Дала тербелгендей күй кешіп, бүтін Күреңбел мекені ән салғандай көрінді. Әсем әуеннің ырғағына мың бұралып ортаға шыққан «Арми Стар» бишілер тобы жайқалған көк майса шөпті көз алдыңа әкелгендей. Халық әндерінен шашу шашқан Жігер Еркінбек, Алмас Жексенбаев, Азамат Үмбетов дәстүрлі әннің шыңырау шегіне жетіп, кешегі жыршылардың ұрпағы екенін көрсете білді. Күреңбел даналар мен даралардың табаны тиген аймақ деп бізге дейін де айтылған. Олай болса, сол даралардың ішінде дарабоз ана атанған Зылиха Тамшыбаева мен талай топта суырыпсалып өлең өрнегін арнаған айтыскер ақын Әбікен Сарыбаевты қосуға болады. Міне, осындай ел сыйлаған арыстарымыздың өмірінен қысқаша театрландырылған қойылым да көрсетілді. Әр ұлттың мәдениетін паш ететін билері мен ауылдық округтерден келген мәдениет ошақтарының өнерпаздары да өнерін ортаға салды. Қоғалы, Қарашоқы ауылдық Мәдениет үйінің хор ұжымы «Туған ел», «Қазақстан елім менің» әнін орындаса, мерекелік игі шараның соңын аудан әкімі Бағдат Әлиев пен ақын Дүйсен Аңсабаевтің сөзіне жазылған жергілікті сазгер Жанғазы Жексенбаевтің «Күреңбелім менің» әнін аудандық Мәдениет үйінің әншілері және хор ұжымы шырқап, мәдениет күнінің  шымылдығын жапты.

Ришад Тұрғанбаев