ТАЛДЫҚОРҒАНДА АҒЫЛШЫНША АТАУМЕН КИНО ТҮСІРІЛДІ

Уақыты: 09.01.2019
Оқылды: 1801
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының орталығында орналасқан «Атамекен» кинотеатрында «І love Taldykorgan» мюзиклінің премьерасы көрсетілді. Мюзиклдың атауы ағылшынша, ал мазмұны тотыдайын түрленіп, жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан Талдықорған қаласының ажарын айшықтаған. Тың туындыны тамашалауға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы келді.

Әсем қаланың табиғаты мен сәулетті сәнін айшықтайтын музыкалармен өрілген фильм көрерменді бірден баурайды. Киноға арқау болған егіз азаматтардың талайлы тағдырлары туындының мазмұндылығын айшықтап, көрерменнің жанын баурап алды десек артық айтқандық емес.

Кино желісіне аз-кем тоқталатын болсақ, ата-аналары өмірден өткен соң егіз жігіттердің тағдыр жолы екіге айырылып, бірі туған ата-апасының, енді бірі нағашы атасының қолында тәрбиеленеді. Арада бірнеше жыл өтіп, қос перзент ат жалын тартып мінер азаматқа айналады. Нағашылап кеткен жігіт қызметі табысты, ырысы тасқан дәулеттілер санатына қосылса, қара шаңырақта қалған сыңары қарызданып-қауғаланып күнелткен жарлы кейпінде сипатталады. Осылайша шым-шытырық тағдыр жолымен тоғысып, қарызын талап еткен жуанжұдырықтылармен айқасып, соңдарынан ерген жалғыз қарындастарының арманы жолында күресіп, ақыр аяғында татуласып-табысқан ағайынды жігіттердің өмірі көрерменге ой саларлық деңгейде.

Талдықорғанды ауылға теңеп келген дәулетті жігіт те кино соңында адамдары кеңпейіл, ауасы саф, ғимараттары сәулетті қалаға ынтық болып, тотыдай таранған шаһарда тұрақтап қалады. Кино желісін айтпағанда, фильмнің түсірілу сапасы, шаһардың кербез тұсын көркем дәрежеде насихаттауы жетісулықтардың көңілін көкжиекпен астастырғандай болды. Оны туындыны тамашалаған жұртшылықтың ақеділ пейілінен айқын аңдадық.

Тұсаукесерде облыс әкімі Амандық Баталов тартымды кинотуындыны ерекше бағалап, шығармашылық топқа алғысын білдірді. Кино режиссері Ерлан Ошақбаев осындай киноны түсіруге мұрындық болып, көптен көкейде жүрген жобасын іске асыруға септігін тигізген өңір басшысына ризашылығын жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ