ҮЗДІК АКТРИСА

Уақыты: 11.01.2019
Оқылды: 1950
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күреңбел өңірінің тумасы, жас актриса Жанэля Аликова жерлестерін тағы бір мәрте  қуантты. Тұңғыш Президент – Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «III Baikonyr Film Festival» жастар кинофестивалінде көрсетілген жас режиссер Шұғыла Сержанның «Самал» фильмінде басты рөлді сомдаған жас өнерпаз еліміздегі «Ең үздік актриса» атанды.

Тоғыз жасынан бастап кино өнеріне қадам басып, Қазақстан ғана емес, Ресей, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттермен бірлесе түсірілген фильмдерде басты рөлді сомдап жүрген жас өреніміздің жетістіктері көп. Білім мен өнерді қатар алып жүрген қызымыз мектеп қабырғасында жүріп облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленді.
Сарыөзек ауылына қарасты  Д. Қонаев атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген ол облыс әкімі  Амандық Баталов пен аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің Алғыс хатымен марапатталған. Бұл күнде жас өнерпаз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің білімгері.
Өнерді өміріне серік қылған Жанэля бұл күнде 15-ке жуық киноға түсіп, қазақ кино индустриясына өз үлесін қосып келеді.
Күні кеше ғана Тұңғыш Президент – Елбасы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен  «III Baikonyr Film Festival» жастар кинофестивалінде топ жарған жерлесіміз «Ең үздік актриса» атанып қана қоймай,  аталмыш қордың алтын статуэткасын иемденді. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің кино саласындағы үздіктері қазылық еткен бұл кинофестивальге 195 туындыдан өтініш түсіп, оның ішінде 47 жұмыс іріктеліп алынған болатын. Жерлесіміздің асығы алшысынан түсіп, бәйгенің басынан көрінді. Жүзден жүйрік атанған оған белгілі продюсер Баян Мақсатқызы болашағынан мол үміт күтетінін, алдағы уақытта Канн, Берлин, Венецияда өтетін додаларда жүлде алатынына сенім білдіріп, ізгі тілегін арнаса, жастар кинофестивалінің негізін салушы «Brod.кz» сайтының президенті Әнуар Кенжибаев қазылар алқасының шешімі бір жерден шыққанын қуанышпен жеткізді. 
«Өнерлі өрге жүзер» демекші, жақында университет қабырғасында өткен «1 курс таланттары» байқауында да Жанэля қатарластарынан  оқ бойы оза шауып, жүлделі 1 орынды қанжығасына байлады.
–  Бұл жетістіктерім үшін мені үш жасымнан өнерге баулыған ата-анама, білім нәрімен сусындата жүріп, болашағыма бағыт-бағдар берген ұстаздарым Рахат Рахимоваға, Мира Қасеноваға, Жұмакүл Сатаеваға, білімімді шыңдап, үлкен үміт артқан Алматы қаласындағы «Достық» білім беру орталығының ұжымына және ең алғаш кинодағы бағымды ашқан «Аңшы бала» фильмінің режиссері Ерлан Нұрмұханбетовке алғысым шексіз. Сонымен қатар, 600-дей үміткер қатысқан байқауда іріктеліп алынған 17 жеңімпаздың бірі ретінде таңдап, Жастар сыйлығымен марапаттаған  өңір басшысы Амандық Ғаббасұлына да алғысымды айтқым келеді. Өйткені, бұл сыйлық менің өміріме жақсы өзгерістер енгізіп, болашаққа деген сенімімді ұлғайтты және көшбасшы  болуға ықпал етті, – дейді ол ағынан жарылып. 
Иә, Жанэля Аликқызының алар асулары әлі де алда. Елбасымыз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Елін сүйгеннің еңсесі биік болады. Ендеше, Күреңбелдің киелі топырағынан шыққан талантты да талапты Жанэля еліміз үшін талай игілікті істер атқарары сөзсіз. 

Алмас МЫҢБАЕВ, 
Кербұлақ ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі