Алты мың өнерпаздың тартуы

Уақыты: 06.10.2016
Оқылды: 2330
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қаскелең қаласының орталық алаңында Қарасай ауданының Мәдениет күндері кең көлемде аталып өтті. Мәдениет күндерімен бірге жиналған жұртшылық Ұлт-азаттық көтерілісінің 100, Семей ядролық сынақ алаңы жабылғанының 25, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 және барша қазақтың қасиетті құндылығы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлады.

 Былтыр ғана «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында  мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келген еді. Алаңдағы сахнаның екі жағы түрлі көрмелер қойылған шатырлармен көмкеріліпті.  Жиналған жұртшылық алдымен осы көрмелерді тамашалап, ауданның  жеткен жетістіктерімен танысуда. Оң қапталда экономика бағытындағы  қарышты қадамдарды аңғартатын өндіріс, ауылшаруашылығы салаларының өнімдері жұртшылық назарына ұсынылса, сол қапталда өнер мен мәдениет жетістіктері менмұндалайды.  Әсіресе, Қаскелең Мәдениет колледжі студенттерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, соның ішінде Ақбота Борашева тоқып жасаған табиғат көріністері, денсаулығында ақауы бар болса да өз өмірін өнермен өрнектеп жүрген Назерке Торпақованың туындылары, елімізге белгілі  шеберлер – Бекдайыр отбасының қолөнер бұйымдары жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Бұдан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы этномәдени орталықтарының көрмелері қанат жайған. Орыс, татар, кәріс, түрік, шешен, ұйғыр, өзбек  халықтарының  тұрмыстық бұйымдары мен өнер туындылары, ұлттық тағамдары да көз жауын алады. Мереке қонақтары олармен жақын танысып, астан дәм  татты.
«Егеменді елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» тақырыбымен өткізіліп отырған шараға жиналған жұртшылық аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Салтанатты мерекені  аудан әкімі Махаббат Бигелдиев құттықтау сөзімен ашты. Ынтымағы сүттей ұйып, берекесі селдей тасыған, еліне ырыс, жеріне байлық тұнған, тамыры мен тарихы тағылымды Қарасай ауданының Мәдениет күндерінің басталуымен аудан жұртшылығы мен қонақтарды құттықтаған ол өнер дегеніміз, кез келген елдің мемлекеттілігін анықтайтын негізгі факторларының бірі екеніне тоқтала келіп, өнерді сүйген, өнерпаздарын құрметтеген жұрттың мәртебесі де биік болатынын атап өтті. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасыр  уақытта қол жеткізген табыстары барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі, осы ортақ жетістікке Қарасай ауданы халқының да қосқан үлесі қомақты екенін айтқан Махаббат Сәдуақасұлы экономикасы, білімі мен мәдениеті дамыған еңселі ел ретінде өркениетке қарышты қадамдап келе жатқан жұртшылық қуанышына ортақтасты. «Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен өткізіліп отырған  аудандардың Мәдениет күндері ел өміріне ерекше серпін беруде. Бүгінгі мереке өнердің ғана мейрамы емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстары мен жетістіктерін көрсетеді. Елінің даңқын, дәстүрі мен салтын, туған жерін, Мәңгілік Елін жырлаған Қарасай ауданының өнерін қабыл алыңыздар! Ән мен жырға арқау болған тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болып, өнеріміз асқақтай берсін!» – деді аудан әкімі.
Мың құбылған күй ырғағымен ортаға шыққан әншілер  Ерғали Ақайдаров, Айсәуле Қайырғазина, Нариман Абдрахманов   мәдени шарада «Тәуелсіз елім, шарықта!» атты тақырыпта арнау орындады. Осыдан кейін, ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің қатысуымен «Тарихқа тағзым» атты театрландырылған көрініс  қойылды. Жиналған жұртшылық 1916 жылғы Бекболат Әшекеев бастаған көтеріліс жайлы мағлұмат алды. Жыр алыбы Жамбылдың «Әгугәй» әнін орындаған «Үшқоңыр»  фольклорлы-этнографиялық  ансамблі де көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Ретро әндерден құрылған попури бізді өткен күндерге ойша сапар жасап қайтуымызға жетеледі. Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай Т. Мұхаметжановтың «Заман-ай» әнін орындаған Шолпан Андасбаева мен Құралай  Аянбай өз өнерлерімен сүйсіндірсе, алаңда осы тақырыптағы композициялық көрініс  бойымызды шымырлатқаны рас. Қарасай ауданында тұратын белгілі композитор Бауыржан Есебаевтың Елбасына арналған «Жан аға» әні көз жауын алатын қыз-жігіттердің тербетіле билеген вальс биімен көмкерілсе,  одан кейінгі қазақ, орыс, кәріс, татар, түрік, ұйғыр, шешен халқының ұлттық билері өнерсүйер қауымды бір серпілтті.
«Үшқоңыр» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі мен осы аттас фольклорлы-этнографиялық ансамбльдің орындауындағы Қ. Жұмағалидың «Замана жыры» күйі  Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналса, алаңда осы тақырыпты бейнелейтін сахналандырылған көрініс берілді. Жалпы, барлығы 6 мыңға жуық  өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама сахналық безендірілуімен, арнайы тігілген киім үлгілерімен, театрландырылған қойылымдардың ауқымдылығымен ерекшеленді.
 

Қуат Қайранбаев  
Қарасай ауданы.