"Алтын адамның" отаны

Уақыты: 06.10.2016
Оқылды: 1698
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кеше Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйінің алды ерекше думанға бөленді. Бұл күні таулы өңір табиғаты қабағын ашып жадырап, құлпырып тұрды. «Егемендік– елдігім, тәуелсіздік – теңдігім» атты Мәдениет күніне жиналған жұрттың көңіл-күйі де тамаша.

Көпшілік көрмедегі Ұста Дәркембай атындағы музей шеберлерінің ағаштан ойып жасаған заттарына ерекше назар аударды. Музей меңгерушісі Дәулет Шоқпаров қолға алып жатқан жұмыстарының мән-жайымен жан-жақты таныстырды. Нұра ауылынан келген «Жеті қазына» құсбегілер музейінің жәдігерлері де жиналғандарды қызықтырды. Қансонарға шыққан аңшының құрал-саймандары, киген киімдері, қанжығасына байланған олжалары ежелгі төл өнеріміздің қыры мен сырын көз алдымызға елестетеді. Кереге қанат бүркіттер мен құмай тазылар да бірге келіпті. Бәрі бір-біріне үйлесіп сән беріп тұрды.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырында аудан өңірінде жаңа мәдениет қалыптасты. Бір ғана «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде қазақ тарихының бұрын айтылмаған қырларына қаныға аласыз. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде жәдігерлер саны көбейіп келеді. Осы жерде аймақаралық, халықаралық конференциялар мен пікір алмасулар жиі өтеді.
Ұлттық ерекшеліктерді дәріптеу және насихаттаумен бірге «Бір ел, бір тағдыр, бір Отан» идеясы тәлім-тәрбиенің негізгі құралына айналды. Көпұлтты аудан жұртын қазақстандық патриотизм үрдісіне дағдыландыру ісі басты назарда. Береке-бірлікті, ынтымақты дамытуда оның атқаратын рөлі зор. Сондықтан этномәдени орталықтар өзінің мазмұнды жұмыстарын өмір талаптарына сай дамыту үстінде. Мәдениет күнінде осындай қол жеткен табыстардың көріністері паш етілді.
Бұдан кейін Мәдениет үйінің кең залында аудан жұрты айтулы күнге әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Өзінің алғы- сөзінде аудан әкімі Бинәлі Ысқақ Мәдениет күнінің не үшін өтіп жатқанына қысқаша тоқталды. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасыры асуларға толы. Осы кезеңдер ішінде мезгілдің алмағайып сынақтарында мемлекетіміз сыр берген жоқ. Тәй-тәй басқан егемендік дейтін сәбиді ержеткізіп, әлем таныған азамат қатарына қосты. Мынау жиырма бестегі жалынды жастар соның дәлелі. Олар қарымды да дарынды. Дарқан да мейірімді. 
– Дана халқымыз «Өнерсіз ел өрге баспайды» демекші, дәстүрге айналған бұл мереке бүгінде уақыт тынысымен үндесіп, мазмұны толысып, жаңа биіктерге қол жеткізді. Мәдениет күндерін өткізудегі мақсат – ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптей отырып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіру. Мәдениеті жоғары, тарихы танымды, ойы сергек елдің рухы да әрқашан биік. Рухы биік халықтың келешегі де кемел, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.
Еңбекшіқазақ ауданы  әсем табиғатымен ғана емес, әйгілі таланттарымен де танылған мекен. Киелі топырағы, шежірелі атырабы соның дәлелі. Бұл жер – ежелгі көне мәдениеттің орны, «Алтын адамның» Отаны. Қазақстанның Халық суретшісі, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой қылқалам шебері Айша Ғалымбаева, Қазақстанның Халық жазушысы, бүкіл түркі жұртын тәнті еткен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев, айтулы қолөнер шебері, этнограф-ғалым Дәркембай Шоқпарұлы сияқты зиялыларымыздың кіндік қаны осы өңірде тамды.
Аталған шарада осынау көрсеткіштер айшықталып берілсе, сахналық көріністер «Тәуелсіз ел тарландары болу керек талантты» деген мазмұнға топтастырылды.
Концерттік бағдарламада «Менің елім» бейнефильмі көрсетілді. Онда құтты қадамдарымыздың түрлі эпизодтары бейнеленді.
Сол сияқты «Мәңгілік Ел» композициясы да тәуелсіздік шежіресін тебіреніспен баяндады. Әсіресе егемендіктің 25 жылдығына арнап 25 домбырашының күй шерткені ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Жүректің сөзін домбыраның үні төгілдіре жеткізді. Ержүрек бабаларының егемен ұрпағы сәйгүліктерімен жарысқа түсіп, сайын даланы дүбірлетіп жатқандай. Осыған қарап-ақ аудан өнерпаздарының Мәдениет күніне тыңғылықты дайындалғанын байқауға болады.
«Тәуелсіздік туын тәу етіп желбіреткен, достығымды жырлаймын кең жүректен» атты көрініс өзара жарасымын тапқан ұлттар достығына арналды. Адамдар арасындағы құрмет пен сүйіспеншілік әрқашанда жақсылыққа бастайды. «Улыбка», «Ирада», «Бахар», «Сәнәм», «Көркем-ай» және «Мереке» би ансамбльдерінің өнерпаздары мың бұралған өнерлеріне тәнті етті. Орыстың, қазақтың, украинның, ұйғырдың, түріктің төл шығармаларын көпшілікке ұсынды. 
Дәстүрлі әншілер жырдан шашу шашты. Бектұрсын Қайрат, Рауан Әбілбаев, Сәуле Жұмабай, Руан Екісілов, Нұрбек Жүзбенбетов, Айнұр Шерубайлардың шеберліктері көпшіліктің көңілінен шықты. «Алтын адам» атты әжелер ансамблі де жақсы дайындықпен келіпті. «Туған елді» әуелеткен балалар хоры өзіндік өрнегімен дараланды. Түйіндеп айтқанда, халық өнерінің күші жастарды Отан мен елді сүюге тәрбиелейтіні кәміл.

Болат Мәжит
Еңбекшіқазақ ауданы.