Жүз домбырашы күй төкті

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 1886
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облысымызда биыл 12-ші рет өткізіліп отырған аудандар мен қалалардың мәдениет күндері өз мәресіне жақындады. Іле ауданының өнерпаздары ұсынған думанды шара Чапай ауылының Мәдениет үйінде өткізілді.

Алдымен еңселі Мәдениет үйінің алдындағы алаңнын салтанатқа сай безендірілуі еріксіз назар аудартады. Екі қапталында орналасқан қолөнер мен экономика саласында қол жеткен табыстарға арналған көрме көркемдігімен көз тартады. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының меншігіндегі шатырдың астында ынтымағы сүттей ұйып, берекесі артқан, еліне ырыс пен бақыт қонып, жеріне байлық тұнған, тамыры терең, өмірі өлең, қойнауы құтты, қызырлы Іле өңірінде өндірілген азық-түлік тауарлары тізіліпті. Мұнда бүгіндері шетел нарығын игере бастаған «Дәулет – Бекет» түйе шаруашылығында  жасалатын шұбат сусынынан бастап, көкөніс және бақша өнімдері, тіпті құтты қонаққа арнаған қазы-қарта, жал-жая да көптеп өндіріледі.
Озық технология негізінде құрылысқа қажетті өнімдер шығаратын «BTK GROUP» зауытының, жеңіл өнеркәсіп саласында Қазақстан нарығында өзіндік орны бар «Медиатекс – Н» баскиімдер тігетін компаниясының, дәрілік препараттар шығаратын «Леовит»  серіктестігінің, мал азығына қосатын дәрумендер өндірумен айналысатын «Кормовик» зауытының  тауарлары жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Ал екінші жағында орыс, кәріс және түрік этномәдени бірлестіктерінің  ұлттық салт-дәстүрлерін баяндайтын  және қазақ халқының қолөнер бұйымдары қойылған көрмелер орналасыпты. Жергілікті суретші Ермек Жұмахановтың табиғатты бейнелейтін тамаша туындылары да еріксіз назар аудартады. Аудан әкімі Қыдыргелді Медеуов  бастаған салтанатты шара қонақтары алдымен осы көрмелерді аралап,  аудан тұрғындарының жетістіктеріне оң бағасын берді.
Осыдан кейін мерекеге келген қонақтар қызыл кілеммен көмкерілген алаңда «Бірлік болсын елімде!» тақырыбында әзірленген флешмобты тамашалады. Алдымен жұрт алдына шыққан әншілер халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша жыр-арнау орындаса, жүз домбырашы жүрелей отыра қалып құйқылжытқан Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі төбе құйқамызды шымырлатып, делебемізді қоздырды.  Ал Іле ауданында тұратын барлық этностардың ұлттық киімдерін киген бишілер ел бірлігін айшықтады. 
Қонақтар Мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты аудандық кітапхана ұжымының қызметкерлері ұйымастырған көрмені аралады. Осыдан кейін  мәдениет шаңырағының жиынжайында аудан әкімі өңірдегі зиялы қауымның өкілдерімен жүздесті. Бұл басқосуда Қыдыргелді Өміржанұлы жиналғандарға қасиетті Іле өңіріндегі экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада қол жеткен табыстарға кеңінен тоқталып өтті. Облыстың қоржынына түсетін салық мөлшерінің үштен бірін құрайтын іргелі ауданның бұл бағытта ауыз толтырып айтатын жетістіктері аз емес.  Кездесу барысында ауданның Құрметті азаматтары Кенщин Қасымбеков ақсақал мен ақын Шынәділ Мұқанов, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Элегия» ансамблінің көркемдік жетекшісі Анастасия Мельник сөз алып, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздік жылдарындағы жеңістеріміз жайлы өз ойларын ортаға салды.
Мәдениет күндерін  өнерпаздардың қатысуынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бұл жолы өнер шеберлерінің концерті Мәдениет үйінің көрермендер залында өтті. Сахна шымылдығы Ақши халық театры, «Абра», «Наз», «Керім-ай» би топтарының қатысуымен қойылған «Ұлт ордасы – Ұлытау» театрландырылған көрінісімен ашылса,         А. Мельник жетекшілік ететін «Элегия» вокалды ансамблінің орындауындағы  Ш. Сариев пен В. Питерцевтің «Тәуелсіз Қазақстан» әні концерттің шырайын келтіре түскен.       Ә. Нұрғожа атындағы ардагерлер және «Ақниет» әжелер ансамблі шырқаған «Ардагерлер маршы», «Сармат»  би тобы орындаған «Би әлемі» композициясы, ауданның мәдениет қызметкрлерінің «Аспаптар шеруі», «Абра» би тобы ұсынған «Өмір бояулары» биі, Кадеттер хоры, «Элегия» вокалды тобы және  ұстаздар мен оқушылар бірлесе шырқаған Г. Құбашева мен   Ж. Рамазанның «Тәуелсіз елім» әні  де жұртшылықтың ыстық ықыласын алып, қызу қошеметке бөленді. 

Қуат Қайранбаев

Іле ауданы.