АУДИТОРИЯҒА АТЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 31.01.2019
Оқылды: 1476
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аудиториясына қоғам қайраткері Аманғазы Шегіровтің есімі берілді. Игілікті іс облыс орталығының қалыптасуы мен өркендеуі үшін көп еңбек еткен тұлғаның 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Әр жылдары Аманғазы Шегіров кеңестік және партиялық органдарда қызмет атқарып, Талдықорған қалалық әкімшілігін басқарған. Абыройы асқақ тұлғаны мерейтойымен І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Қуат Баймырзаев, білім ордасының ұстаздары мен білімгерлері, еңбек ардагерлері құттықтады.

Ашылу салтанаты жоғары оқу орнына экскурсиядан басталып, құрметті қонақтарға «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының жұмысы, биореакторлық қондырғы, био және геотехнология зертханалары іс жүзінде көрсетілді.

Бірінші болып жүрекжарды лебізін жеткізген Қуат Маратұлы оқу ордасында Жетісу аймағының дамуына үлесін қосқан тұлғалар мен ректорлар есімі берілген аудиториялар бар екендігін айтты. Сондай-ақ, әр аудитория біріне-бірі ұқсамайды. Мысалы, Аманғазы Ахметқалиұлының атаулы аудиториясында оның көп кездесе бермейтін суреттері, алған Алғыстары мен медальдары «Сара жолдағы дара тұлға» тақтайшасында көрініс тапқан.

Ең көрнекі жерде абыройы асқақ жанның портреті қойылған. Авторы – І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Б. Ахметов. Қылқалам шебері тұлғаның бейнесін қағазға түсіруге бір ай көлемінде уақытын жұмсаған.

Мінберге шыққан «Құлагер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Амангелді Катенов мерейтой иесінің қарапайым жұмысшыдан ел басқару ісіне дейінгі жолда болаттай шыңдалғанын жеткізді. Сонымен қатар, А. Ахметқалиұлы өңір басшылығы қызметін атқара жүріп, университеттің дамуына, ондағы қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бағытына елеулі үлес қосқан.

ЖМУ-дің ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеген Оразалиев 1980 жылдардың аяғында А. Шегіровтің бастамасымен білімгерлерге жатақханалар салынып, ұстаздарға тұрғын үй берілгендігін баяндады.

Кездесу соңында «еркін микрафонға» кезек беріліп, барлығы мемлекет және қоғам қайраткері жайлы бір үзік сыр айтып, мерейтойымен құттықтады.

Еңлік ҚАБДЕШ,

"Жетісу"