Арман ЖҰМАДІЛ: "СӨЗ ҚАДІРІН ЖОҒАЛТТЫҚ"

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 1714
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Мен – Алтын адам ұрпағымын» жобасын жүзеге асыру мақсатында ашық алаң өтті. Онда бас қосқан ғалымдар мен ұстаздар қауымы «Жас ұрпақтың бойына тарихымызды, төл мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды қалай дәріптеп, сіңіреміз?» деген сауал төңірегінде ой өрбітіп, өзара тәжірибе алмасты.

Ашық алаң жұмысын ашқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында ежелгі заманнан қазіргі дәуірге дейінгі кезеңді қамтитын Ұлы Даланың жеті қырын атап көрсетті. Бұл бойынша бірнеше ірі жоба жүргізуге болатынын да нақты айқындап берді. Осы орайда облыста «Тарихи сана», «Рухани ізденіс», «Киелі мекенім – Жетісу», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Мен – Алтын адам ұрпағымын», «Ұлы Даланың көне туындылары» атты жобалар іске асырылуда. Осы жобалар арқылы жас буынның бойына Ұлы Даладағы өр тұлғалардың ұрпағы екендігін сіңірмекпіз, – деді.

Келесі кезекте сөз сөйлеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті "Қазақстан тарихы" кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмаділ еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бергі ширек ғасырда экономикаға көңіл бөліп келсе, енді руханиятқа терең бойлайтын уақыттың жеткендігін, бұл орайда Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы дәл уақытында шыққан құнды дүние екендігін атап өтті.

- Ата-бабаларымыз өршіл, рухты, намысшыл еді. Ар-намыс үшін жанын беретін. Олардың бойындағы ең үлкен қасиет – батырлық, жауынгерлік, екіншісі – ойшылдық, үшіншісі – ақындық, жыршылық өнері-тұғын. Қазақ үшін уәде – Құдай сөзі болатын. Өзге халықтар ата-бабаларымыздың айтқан сөзін екі етпейтін қасиетін жоғары бағалаған. Қазір сөз қадірін жоғалттық. Уәде беріп, орындамаймыз. Осы үш қасиет те бүгінде кемшін түсуде, – деп оны жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін кітап оқуға шақырып, көркем әдебиетті оқып өскен бала рухани тұрғыда бай болатынын, ешқандай қиянатқа бармайтынын жеткізді.

Шара барысында сөз алған Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арнабай Нұржанов 1300 жыл бұрын салынған Жамбыл ауданындағы көне Қастек қаласы туралы сыр шертті. Бұл сол маңдағы Қастек ауылына 1 шақырым жерде орын тепкен. Көне шаһардағы заттарды зерттеу кезінде шыны ыдыстар, шахмат, аттың қылынан жасалған тіс щеткасы, басқа да бұйымдар табылғанын, бұл өркениеттің негізін қалаған біздің ата-бабаларымыз екенін дәлелдейтін айғақ екендігін алға тартты.

Сондай-ақ, ашық алаңда ҚР Мәдениет қайраткері Әлімғазы Райымбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, докторант Фархад Лебаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Еркін Тоқпанов, басқа да ғалымдар сөз алып, «Алтын адам», «аң стилі» өнері, алма мен қызғалдақтың Отаны – Жетісу жері туралы толғамды ойларымен бөлісті.

Шараға қатысқан ұстаздар қауымы өлке тарихын танытуда атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісіп, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу туралы пікірлерін ортаға салды.

Алма ЕСЕНБАЕВА,

"Жетісу"