КОРЕЯМЕН КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 994
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі және Корея Республикасы Елшілігі жанындағы білім беру орталығы екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесуге Корея Республикасы Елшілігі жанындағы білім беру орталығының директоры Нам Хену және орынбасары Ким Суджин, орталықтың әкімшілік менеджері Жанна Жұмағалиева мен мектеп директоры Сәуле Өмірбекова қатысты. С.Рахымқызы: «Корея Елшілігі жанындағы білім орталығымен 2012 жылдан бері бірлесе жұмыс жасап келеміз. Оқушыларға бөлінетін жыл сайынғы шәкіртақы – білімгерлерге үлкен көмек әрі стимул. Сондақ-ақ, мектеп қабырғасында 100 пайыз корей тіліндегі оқулықтармен қамтылған кітапханамыз бар», – дей келе, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Өз кезегінде Нам Хену мырза ризашылығын жеткізгеннен кейін екі жақты меморандумға қол қойылды. Айта кетерлігі, физика-математика пәндеріне басымдық берілетін білім ордасының бүгінге дейін 7-8-сынып оқушылары корей тілін оқыған. Биылдан бастап 10-сынып оқушылары корей тілін меңгере бастады. Бұл туралы мектеп директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Диана Нұрғалиева баяндап берді.

– Осы уақытқа дейін оқушыларымыз Корея Республикасына, олардың білімгерлері бізге келіп тәжірибе алмасқан болатын. Сондай-ақ, 150 мемлекет өкілі басқосқан форумға біздің мектептің 2 оқушысы барып экотуризмді дамыту туралы өздерінің жобасын қорғаған. Одан бөлек, «Қазақстан-Корея» деген жоба аясында жұмыс жасадық, – деді ол.

Қол қойылған меморандум негізінде оқушыларға білім алуға көп мүмкіндіктер қарастырылған. Биыл жоспар бойынша мектептің 9 оқушысы Корея Республикасына барып, білімдерін жетілдірмек. Олар тіл үйреніп қана қоймай, қазақ мәдениетін дәріптейді. Қазіргі уақытта білім ордасының 5 оқушысы Кореяда оқуда.

Сондай-ақ, 10-сыныпта оқитын 60 оқушының 19-ы корей тілін, қалғандары неміс, қытай тілдерін таңдаған. Кәріс орталығының бастамасымен корей тілінен сабақ беретін 2 ұстаз білім деңгейін жетілдіріп қайтқан. Осылай деген директордың орынбасары меморандум аясында атқарылар жұмыс пен жоспарларға тоқталды.

Кездесудің қорытындысы бойынша меморандумды жүзеге асыру аясында іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шешім қабылданды.

Еңлік ҚАБДЕШ,

"Жетісу"