БЕС ЕРТЕГІМ - БЕС ЕРТЕҢІМ КЕТТІ ӨРТЕНІП...

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 1832
Бөлім: РУХАНИЯТ

Астанадағы бес баланың тағдырына жыламаған жүрек, егілмеген жан қалмады-ау мына қоғамда. Сабырға шақырып, басу айтып жұбатқанымызбен әке мен ананың астан-кестен болған жан дүниесін түсіне алар ма екенбіз?! "Ашынғаннан шығады ащы дауысым", - дегендей, әлеуметтік желіде сан түрлі пікірлер айтылып-ақ жатыр. Солардың ішінде қалам ұстаған ақындарымыз жыр жолдарымен өз жұбатуларын жеткізуде. Қабырғаны қайыстырған өлеңдердің бір парасын бүгінгі қаралы күндегі жаралы жүректің үні деп оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

* * *

Қан жылап жаным,

Дал-дал боп жүрек айырылып.
Өзіме-өзім келе алмай далмын қайырылып.
Маңайым түгел өртеніп кеткен секілді,
Жападан-жалғыз отырмын қырда қайғырып.

Өртеніп кетті бес бірдей талшын-тағдырым,
Зіл-батпан ойдың ішінде қалдым қаңғырып.
Бес бірдей талшын-тағдырдың құлын дауысы
Құлақ түбінен кетпестей енді жаңғырып.

Сұраймын кімнен бес талшынымның обалын,
Бес талшыбығымның обалын?!
Бетіңе сенің бес рет тұрмын түкіріп,
Безбүйрек менің қоғамым!

Селт етер кез де,
Мөлт етер көз де сенде жоқ,
Елжірер бір сәт елге тән мінез емге жоқ.
Сұстанып алып қарайсың жұртқа шекеңнен,
Маңайын жұтқан,
Абайын жұтқан теңге боп.

Өзіңмен енді қалайша айтшы дос болам,
Қайтарып алдым кезімді сол бір қоштаған?!
Ғана ма бесеу?
Кебінге кептеп келместей,
Жерледің бүкіл елімді бүгін тас қоғам!

Жарас СӘРСЕК

* * *

Жүз мыңдаған сәби-мұң бар-тын,
Аш-жалаңаш күйі миыма тірідей жерленген.
Соның бәрі өз қарғам.
Үмітім іші – кірпіктері ғана қозғалған,
Ыстық жас болып үйірілетін көзге арман.

Оларды жаратқан сезімдерім де қорғансыз балалар мен үшін,
Әр түн сайын жер бауырлай күңірентіскен ел ішін.
Астарына төсегім келген-ді,
Тірідей сыпырып алып жалған сөздерімнің терісін.

Әне, астаналық бес ертегім, бес ертеңім де кетті өртеніп,
Опасыздығымның, қайырымсыздығымның отына!
Ашкөздігімнің адамдығыма жүргізген соты ма?!
Арыз жазғаннан не пайда енді, Жаратқанның атына!

Қайғымның жеттім де қара жындар ойнаған шетіне,
Солармен бірге өзім де кеттім өртеніп.
Ұятымнан от қойдым да обалсызданған дәтіме.
Уай, тірілер, сендерден бір-ақ өтініш,
Сүйегімнің күлін шашып жіберіңдерші,
Ақынсынғандағы суретімнің бетіне!

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ

* * *

Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,
(Шер шөлмегін босата алар кім ішіп?)
Бес періште - жасыл қанат бес сәби,
Көкке ұшып кете барды түн іші.

Үркер қайда - 
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал - бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес періште - бес сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.

Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой Арқаның
Ақ шалмалы аязы.

Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам - 
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес "Үйшік-үйшік" ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім.

Азам - ауыр,
Қайғым - қалың,
Ой - терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, "Бәйтерек".
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?

Жұмақ кірер - 
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағыл,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
Алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір сәби.

Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп жүр отта.
Сол сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа.

Бес періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
Шапағатшы болсын саған сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!

Мұрат ШАЙМАРАН

* * *

Қайран да қайран, қайран-ай,
Нəпақа терген бір түтін
Бір түнде қалды жайрап-ай.
Ажал кеп төте, төгілді,
Ұйыған сүттен айраны-ай.
Көктемді күткен жауқазын
Көк белде көктеп жайнамай.
Балапан қанат бес бұлбұл,
Бағында қалды сайрамай.
Боздаған қазақ ботам деп,
Алладан тілеп ақырын,
Алақанын жайғаны-ай!

Шерлі де шерлі, шер, қазақ,
"Аталатсаң аталат,
Боталатпа," - дер, қазақ.
Көрге де көрмей кетпейсің,
Көресіңді көр, қазақ.
Жер үстінде жүргенде 
Жігерің болған жер, қазақ,
Жер астына түскенде,
Тұрағың болған төр, қазақ,
Өлгеннен соң өкірмей,
Тіріңде бір-біріңе,
Берерің болса бер, қазақ!

Керіспе, қазақ, керіспе,
Түбінде бір тосқауыл,
Алладан келер кері іске.
Артыңда бір күн қалады,
Өзара талас, өріс те,
Биіктен тақа, біз ұшты,
Безендеп киген кебіс те.
Сөзімді менің осы айтқан
Мейлі оң, мейлі теріс де,
Жылап ал да, есің жи,
Жыламасын десеңіз,
Пейішке кірген періште!

Айгүл ЖҰМАДІЛ

* * *

Бүгін күн шықпады біз жақта,
Бұлыңғыр басады еңсені.
Әй, өмір, баламды мұздатпа,
Өзімдей сүйеді ол сені!

Сабыр қыл, 
Салмайық қызбаққа,
Өмірдің болады өлшемі.
Әй, жалған, жүректі сыздатпа,
Әр балам – жүректің бөлшегі!

Данияр СЕЙСЕНБАЕВ

* * *

Жыла қазақ!
Еңіре, тоқтап жыла,
Жүректерге оты өшкен шоқ сап жыла.
Кек қысып, көкірегің қарс айырылып,
Заманыңды жазғырып боқтап жыла!

Жыла, қазақ!
Қолыңнан не келеді?!
Соны ойласам жүрегім өртенеді.
Бес әулеттен айрылған мына жұртқа,
Қай бетіңмен қарайсың ертең енді?!

Бес ел кетті,
Білгенге асыл арман,
Бес қыз – бес жұрт қазақтың атын алған.
Қазақ қана туады бұл қазақты,
Ойлау керек осыны есі бар жан!

Жоқтау жаздым,
Кек қысып ызбарлана,
Ұмай ана, Домалақ ана, Қызай ана,
Тұмар ханым, Зарина, Әлия, Мәншүк,
Қазақтан шыққан бәрі қыздар дана!
Қазақты сақтайтұғын қыздар ғана!

Естимісің зарымды анам Ұмай,
Зарламап ек қол жайып саған бұлай.
Бес бірдей періштенің құрметіне,
Бір ұл берші татитын панам Құдай!

Бер қазаққа жылатпа жұбанарын,
Басына шықтым сұрап мұнараның.
Көктен сұрап көрмесек күңіреніп,
Жерден жәрдем бермейді мыналарың!.

Төлемырза ТЕМІРБЕКҰЛЫ

* * *

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,

Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.

Жер бетінен жайлы орын таба алмай,

Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз.

 

Енді біздер мектеп, бақша бармаймыз,

Енді дәптер, сөмке сатып алмаймыз.

Енді бізге берсеңдер де хан сарай,

Ішін шашып, ойнап, асыр салмаймыз.

 

Уақыт боп айырылдық жас жаннан,

Өміріміз тар бөлмеде басталған.

Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,

Біз оларды бақылаймыз аспаннан.

 

Қастарыңда болсын дәйім анаңыз,

Әкетайың болсын дәйім панаңыз.

Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,

Ұжмақта зәулім сарай саламыз.

 

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,

Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын.

Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,

Отанымда еш жамандық болмасын.

Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ

***

Басбармақ-ай, басбармақ,

Қарабауыр қасқалдақ...

Жұртың сені жоқтауда,

Жанарынан жас парлап.

 

Титтәй баланүйрегім,

Жалын, отқа күйгенім.

Қалай жерге қияды ел,

Сүйінгенін, сүйгенін.

 

Ойбой, ортантерегім,

Келте болды-ау дерегің.

Мемлекетің менсінбей,

Болды Аллаға керегің.

 

Шылдыр, шылдыр шүмегім,

Ата-анаңның күні едің.

Тәтті-ақ еді тілегің,

Әппақ еді жүрегің.

 

Ей, кішкентай бөбегім,

Ей, қайғылы өлеңім.

Талбесіктен суырып,

Жер бесікке бөледім...

 

Кеттік рас кердеңдеп,

Тұрмын міне шер меңдеп.

Қош деуге де шара жоқ,

Шолақ қолың ербеңдеп...

Бейбіт САРЫБАЙ

***

Масқара!

Өртеніп өлді бес бала,

О, сұмдық, неткен масқара!

Жыламас бұған жәдігөй,

Жібімес бұған тас қана.

 

Қара түн алды – кешкі іңір,

Іңірден зауал есті бір.

Шыбындап біздер жүргенде,

Шырылдап кетті бес ғұмыр.

 

Сарайдан сарай саламыз,

Не қылған соқыр санамыз?

Өкіріп жатыр ата-ана,

Өртеніп жатыр баламыз.

 

Дауасыз сорға соқтыққан,

Осының бәрі – жоқтықтан.

Семіріп алған көп серке,

Секіріп жүр ғой тоқтықтан.

 

Қудала, мейлі шетке қақ,

Жаңқалап, жарып отқа жақ!

Қай қуыс, қайда барсаң да,

Қаңғырып жүрген көп қазақ.

 

Жоқшылық қана – үлесі,

Халқымның көрген күні осы!

Қашанға дейін жалғасар,

Бай менен кедей күресі?

 

Қаңғырып жүріп пәтерде,

Ұрынды қаусап қатерге.

Байқұстың мұнда үйі жоқ,

Үйі жоқ және шетелде...

 

Бойына арам боқ сінген,

Шешеунік қанша тепсінген.

Министр кетсін орнынан,

Он алты мыңды көпсінген!

 

Желкілдеп өсіп жетпей ме,

Баласыз өмір көктей ме?

Өртеніп ұрпақ өлгенше,

Өртеніп дүние кетпей ме?!.

Несіпбек АЙТҰЛЫ

***

Бес арманның ақ гүлін,
Жұлып алдың қара түн.
Бір әулеттің шаттығын,
Ұрып алдың қара түн.
Бес үмітті үкілі,
Іліп алдың қара түн.
Бір үйдегі күлкіні,
Күліп алдың қара түн.
Бес баланың бағытын,
Бұрып алдың қара түн.
Бес баланың табытын,
Құрып алдың қара түн.
Бес шырақтың жарығын,
Бұғып алдың қара түн.
Ата-ананың зар үнін,
Ұғып алғын қара түн!
Сабырлы бол әкетай,
Сабырлы бол анасы.
Бес құлынның ендігі,
Алла болсын панасы!

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

***

Жел қозғамай, жанымды шер қозғады, 
Қасіреттің сол шығар төрге озғаны -
Бір-ақ түнде бес үміт күлге айналып, 
жұмақтан кеп періште қол созғаны...

Жердегі азап, дегендей,  алыс қалсын, 
Алып кетті-ау бесеуін ғарышқа шын.
Әкесі мен анасы егіледі, 
Бес гүлі мен басынан бақ ұшқасын.

Бес көгершін қалықтап, алыстады, 
Мынау жалған өмірмен табыспады.
Бір-бірінен бесеуі ажырамай, 
Іздеп кетті арманын ғарыштағы.

Исламғали ҮРКІМБАЙ

***

I

Өрт ішінде жанып жатыр бес бөбек!..

Не істеу керек? Не істемек жөн? Не істемек?

Жан-шырылын есту үшін олардың –

Ар мен Иман,

Сана мен Жад,

Ес керек!

 

Шыңғырсаң да әлем менен күлемге,

Жан таппайсың қызыл өртке кірерге.

Бес бөбекке келмейді ешкім!

Өйткені

БЕС МӘСЕЛЕ қаралмаған бұл елде!

 

Бес тал гүлім… жануда бес бүлдіршін,

Ай аңырап, жұлдыз шулап шыңғырсын –

ОДАН ДА ӨТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП МАҢЫЗДЫ,

Жеті түнде жанған отқа кім кірсін?!

 

Бәң ұмытқан өртенген бес ботамды,

Жан ұлытқан өртенген Хош-Отанды…

Өрт сөндіріп жүрсе түнде жүгіріп,

Кім құшады «өртенген» жас тоқалды?!

 

Лапылдайды, шырқырайды – бес қыршын!

О ол өртке беттей алмас ешбір сұм.

Ол ЖАН-ҮНДІ естімедің фәниде,

Өрт-Тозақтың түбінде оны естірсің!

 

Сарыарқаның сары аязы сақылдап,

Туған Отан көргеннен соң ақыр жат –

Пана таппай бес көгершін кетті ұшып,

Қара түнде қанаттары лапылдап!                        

II

Тірі мүрде. Күл кейіпті мүсінге

Айналсам да, қып-қызыл өрт – ішімде.

Туған Тілім – отыз жылдай өртенген,

Лапылдайды менің отыз тісімде!

 

Сүйегімнің шашылғанмен күлі көк,

Бұл бір өрттің басылатын түрі жоқ.

«Жасыл арна» – кәпір-арна өртеген

Лаулаймын кеп Әзірет Сұлтан діні боп!

 

Қоңыр қозым, сеніп қызыл қасқырға,

Жүрсің әлі өрт-топанның астында.

Тау шарпиды өрт –

үні болып қазақтың

Құнсыз кеткен «Қызылағаш» – тасқында!

 

Ақ ордамның түндігіне шоқ түсіп,

Шошып кетем, өртенердей от құшып.

Көк шарпиды өрт –

құны болып қазақтың

Қан-Өзенде қырғын тапқан оққа ұшып!

 

Уа, қашан ораласың, Құт-Айбын? –

Енді қанша өртенемін, жұтаймын?

Бұлт көшеді…

Түтіні еді ол қазақтың –

Тозағында жанған Кәпір-Қытайдың!

 

Жүрек лаулап, тіл лапылдап, қозды ұртым,

Жүрген жендет тойдыра алмай көз құртын

Бүлдіршінін тастай салад отқа үйтіп,

Ол себебі оққа қиған – өз жұртын!

 

Ей, Ер Қазақ, еске ап бағзы Сертіңді,

Жаз дертіңді, аш нұрсипат-көркіңді.

Өзің қорға өз кентіңді! –

Көрдің ғой:

Өрт ішінде ботаң жанып жатса да,

Өрт ішінде Отан жанып жатса да,

Ешкім келіп сөндірмейді өртіңді!

 

Қорғамасаң, – текке кетпес бұл құрбан,

Ізің-тозың жоғалады тұл қырдан…

…Қабіріңде –

Қауызынан жас төгер

Бес қызғалдақ – өрт ішінде шыңғырған!..

Светқали НҰРЖАН