ҚҰЛАГЕРДІ АТҚАН КІМ?

Уақыты: 07.02.2019
Оқылды: 3975
Бөлім: РУХАНИЯТ

РЕДАКЦИЯДАН: Биыл қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл. Ақын есімін ұлықтау Жетісу жұртының емес, күллі қазақ баласының парызы іспетті. Ілияс Жансүгіровтің жүз жасаған «Жетісу» газетінің «Тілші» деген атпен төте жазуда шығып тұрған кезінде үлкен еңбек сіңіріп, қалам қуатымен еселі үлес қосқанын ескерсек, ақын мұрасын ардақтап, оның абырой-беделін асыру – бүгінгі қаламгерлердің борышы. Десе де, кейінгі кезде ақын шығармашылығына қырын қарайтындар да табылып жатыр. Осы ретте ақынның: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген нақыл сөзін дәйек етіп,  Ілия Жақановтың «Құлагер трагедиясы... Оған кінәлі Батыраш емес, Барақбай!» деген дәлелсіз негіздерге құрылған мақаласына орай, Павлодар облысының Құрметті азаматы Қорабай ШӘКІРҰЛЫ жазған көлемді мақаладан үзінді жариялап, ақиқатты айқындауды парыз деп түсіндік.

Осыдан біраз уақыт бұрын ескі досым, қазақтан шыққан бірден-бір некрополист, өзі әнші-күйші, зиялы азамат Қуат Есімханов Ілия Жақановтың  «Бір кезде Ақан едім аспандағы...» деген кітабын беріп кетті. Арада біраз уақыт салып барып, аталмыш кітапты оқып шықтым. Кітаптағы «Ұрқия», «Жамал», «Балқадиша» деген шағын әнгімелерден басқа 200 беттік шығарманың денін Ілия Жақановтың «Құлагер трагедиясы ... оған кінәлі Батыраш емес, Барақбай!)» деген көлемді дүниесі алып жатыр. Соңында Ілия Жақанов: «Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – көркем шығарма. Автордың өз қиялы, яғни «вымысел», «домысел». Ол нақты дерек негізінде жазылған шығарма емес», – деп қорытады (141-бет). Одан әрі қарай Ілекең Моцарт пен Сальери жөнінде аңыз айта бастайды. Басты идеясы Батырашты ақтап алу үшін жазылған, неше түрлі қитұрқы тәсілдер мен оғаш сөз тіркестері, мақсатына жету үшін ойдан шығарылған «тарихи» оқиғалар, бір-біріне кереғар айтылған әңгімелер, үш-төрт би, болыстың атын білдім деп айта салған олардың оқыс іс-әрекеті, тіпті, тектілердің емес, иісі қазақ менталитетіне жат, өрескел анайы қылықтар араласқан шылғи өтіріктер, қысқасы осы шығарманың қай сөйлемінің терістігіне дәлел айтарыңды білмейсің.

Не тарихтан, не әдебиеттен, не жер-су аттарынан, не елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабарсыздардың ұлт ақыны Ілияс Жансүгіровтің қазақ әдебиетінің алтын қорына кірген, қазақтың ас беру дәстүрінде өтетін ат бәйгесі, күрес, айтыс, әншілер мен күйшілер сайысы, молдасын, диуанасын, саудасын, жаршысын, табақшысын дәріптеп жазып кеткен этнографиялық-эпопеялық поэмасын жоққа шығарған тұспал, жорамал дерексымақтарына пұшайман болады екенсің. Ел ішінде осы поэмадан талай үзінділер жаттап өскен ұрпақ шығарманы фольклорлық деңгейге жеткізген еді.

Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын жазудан бұрын Жұмат Шанин еліне келіп ұзақ уақыт қонақ болған. Ақынның өзі айтқандай:

«Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,

Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.

Бар ма деп ашпаған сыр, айтылған жыр,

Құлақты қырға түріп жүрген кезім.

Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай

Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай,

Асылын арамынан аршып алдым,

Қашаннан қазынаға халқымыз бай». («Құлагер» поэмасы).

Міне, бұл Ілияс ақынның Ілия Жақановтың: «Ал төңкерістің ақыны Ілияс Жансүгіровтің поэмасына келсек, қандай да бір жазушы, ақынның өз туындысын жарыққа әкелгенде, еш жауапкершіліксіз, еш дәлел-дәйексіз нақты өмірде болған адамға қара жапқан, күйе жаққан», – деген сөздеріне қайтарған жауабындай (Ілия Жақанов, «Бір кезде Ақан едім аспандағы» кітабы, 201-бет). Ілия Жақанов «Бір кезде Ақан едім аспандағы...» кітабында Әлібек Зілқараұлын жөн-жосықсыз әр жерге киліктіріп айта берген. Мысалы: «Бұл астың алдында Әлібек батыр Керей еліндегі бір асқа басшылық етем деп, ешкімге дес бермей, өзеуреп, тізеге басқысы келген Паң Нұрмағамбеттің дүлей сесін басып, оны өзі басқарған-ды», – (113 бет) дегені де өтірік. Ойбай-ау, Керей елін билеп тұрған Паң Нұрмағамбет өз еліндегі асты өз еркімен басқара алмаса, ол елде несіне болыс болып отыр. Ол ақыл, парасаты мол орыс патшасынан шен-шекпен алған атақты Паң Нұрмағамбет емес пе?

Енді бірде болыс Әкімбектің үйінде: «Әлібек батыр жүзі сұрланып тұнжырап, Әкімбекке: «Осыны есіңе салғаным, Әкімбек!» – деді қанын ішіне тарта сұп-сұр боп... Әкімбек бірауыз сөз айта алмай үнсіз түйілді», – дейді Ілия Жақанов (Бұл енді Әкімбектің кім екендігін білмегендік. Мәшһүр Жүсіп Көпеев әңгімелерінде айтылатын, кісі боқтағаның үшін 100 тоқты айып төлейсің деген аға сұлтан Мұса Мырзаға: «Ендеше тағы бір 100 тоқты көгендетіп қойдым», – дейтін Әкімбек, көрші елдің әдейі, сынау үшін сиыр етін асып әкелген табағын теуіп, жанындағы барлық жігіттерге ат-шапан алып берген Әкімбек еді. Сөйтіп, жұрттың бәріне қоқаңдап жүрген Әлібегі Барақбайдың: «Әй, Әлібек, сен көрінгеннің атына «атбекет» болғанша, кәрі қойдың жасындай ғана жасы қалған әкең Зілғараның құтырған тоқалдарына ие бол!» – деді Барақбай шегір көзі шыныдай жылтырап»,  – дегеніне:

– Ей, Барақбай, енді бірдеңе деп көр, анау салпиған ерніңді терлік қылам, жауыр атқа жаба тоқып! – деп, құр қоқандап қоя салады.

Ілия Жақанов жалпы осы шығармада Әлібек болысты «Қамқоры Қарауылдың шешен Қанайдың (Мағжан Жұмабаев) елінде тәрбиеленген, атақты Зілғараның баласы емес, бір қараңғы, дүбәрә қазақ сияқты суреттейді. Мысалы, үш атты жарыстырған тұста: «Бірінші боп Әлібектің Бәйгеторысы, екінші боп Құлагер, ең соңында Дөненторысы келді», – дейді. «Әлібек бұған іші жыли сөйледі:

– Ізетіңе құлдық, Ақан, шырағым, Айбергенге «Бәйгеторыдан озба!» – деп қатты тапсырғанын білініп-ақ тұр. Ол – менің көңіліме қарағаның. Кісілігің, – деп еміріне сүйсінді», – дейді Ілия Жақанов. (95 бет, аталған шығарма) Қайран Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында Батырашқа Ақан Серінің аузымен:

«Ат біткен Құлагердей Ақанына

Ол дайын көкті жерге тақауына.

Бәйгеден басы-көзін су қып озбай,

Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?» – деуші еді. Ал мына жерде, атын атымнан оздырмады деп, Ақан серіге құлдық ұрып жатқан Әлібекті көреміз. Сол Әлібекті Ақан серімен қосып тағы бір асқа келтіріп: «Бұлардың алдынан атпен шауып шығып, домбырасын көкке көтере шырқаған Керейдің бір сұңғыла ақыны: (Қожаберген жырау демегеніне шүкір! Қ.Ш)

"Хош келіпсіз, Әлеке,

Қайырлы болсын жолыңыз!

Аса ардақты, қадірлі,

Өзгеден сіздің бұлыңыз.

Қадірің мол жасыңнан,

Алла беріп зор бақыт,

Қара да басың ханға ұсап.

Сізге келдім, батырым,

Жырлап тұр біздей пақырың,

Халқыңыз сізді күтіп тұр

Шын көңілден, жарқыным!" – деп шат-шадыман көңілмен құшақ жая қарсы алды», – дейді Ілия Жақанов ағамыз. Құрылымы ойқы-шойқы осы өлең арқылы Әлібектің даңқын асқақтатпақшы болған автордың тағы бір өтірігі болар тегі, Керей елі Абылай ханды да бұлай қарсы алмаған шығар. Осы ойдан шығарған өлеңсымақтың пошымы кезінде би, шешендердің сөзін жинақтап кітап шығарып жүрген, «Бір кезде Ақан едім аспандағы...» деген кітапқа алғысөз жазып: «Құлагердің тек-төркіні, тұрпат-тұлғасы, алапат шабысы, асқақ абыройы, трагедиялық тағдыры, дереккөздері, тарихи мәліметтердің кімнен, қайдан, қашан алынғаны бұл еңбекте жік- жігімен, десте-дестесімен байыпты әңгімеленді. Ол «Сентябрь жәрмеңкесінде», Омбы еліндегі Қаржастардың асында оза шауып бәйге алады, ал Омбыда күлік Әкімбек болыстың үйінде Біржан сал, керей Ақсары болысын билеп отырған Атығай Жанбота Қарпықұлы, Зілғараның Әлібегі, Саққұлақ шешеннің Нұралысы Ақан сері мен Құлагерді ардақтап тамашалады», – деп (аталған шығарма 5-бет) онсыз да өтірігі көп кітапқа бірнеше өтірікті қосып жіберген, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов замандасымыздың қолтаңбасына келетін сияқты.

Осы мысалға келтірілген абзацтағы көп өтіріктің біреуін ғана айтсам, Күлік Әкімбектің Омбыда үйі болмағаны, Әкімбектің жайлауы қазіргі Екібастұз ауданымен шектесетін Баянауыл ауданының «Әкімбек жырасы» деген жерден әрі асқан емес. Омбы елінде Қаржастың ас беруі  екіталай. Бір мың шақырымнан асқан қашықтағы Омбыға барып, баянауылдықтар ас бере қоймас. Баянауылдықтар «Ауыздағы Қаржас» деп атайтын шағын ауылда Қаржас руының аздаған ғана адамдары қоныстаған болатын.

Ата-бабалары Баянауыл сыртқы округі шенінде өмір сүрген, өзі аталмыш ауданның Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбаларын жинақтаушы, Мәшһүр Жүсіптің 20-томдық шығармалар жинағына көптеген материал берген, 85 жасқа тақап қайтыс болған Төлепберген Алдабергенұлы мен аудандағы тарихшы-этнограф Алтынбек Жұматұлы Құрмановпен етене таныс, осы елдің біраз тарихынан хабардар ғалым Серік Негимов мырзаның ақиқатқа кереғар пікір айтып, Ілияс Жансүгіровтің тарихи деректері айна-қатесіз, ұлт поэзиясының інжу-маржаны «Құлагер» поэмасын теріске шығарып, ойдан шығарылған, түкке тұрмайтын фактілер келтіріп, қайтсе де Батырашты ақтап алуды мақсат тұтқан тобырды қолдағанда қандай абырой табам деді екен?

Қазақтың біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллин туралы тамаша кітап шығарған, ұлт руханияты тарихындағы талай тұлғалардың мұрасын талдап, зерделеген, өзі ғалым Серік Негимов атүсті, ешбір негізсіз судыратып жаза салған шығармаға ойланбастан қолпаштау көрсетуі адамды екіұдай ойға қалдырады.

Батырашты ақтап алмақшы болғандар Құлагердің жаласын кім көрінгенге жауып әбігер. Оларға бәрібір, біресе Бөрібай, біресе Барақбай, енді бірде Ізбасты дегенді шығарып, біреулерді куә қылып Ілия Жақанов та: «Жоғарыда біз Омбыда Әкімбек болыстың үйінде бас қосқан жиында оны осы Ізбасты үшін Әлібек батырдың нықырта сөйлегенін келтірдік қой», – деп қояды (аталған шығарма, 135-бет).

Біз де жоғарыда келтірдік қой. Омбыда Әкімбектің үйі болған емес. Осы шығарманы жазған адам көп өтірігінің ішінде, өз сөзіне өзі кереғар келіп жататынын аңғармай да қалады екен.

Шығарманың бір жерінде: «Әп-сәтте Құлагердің жыны басылды. Бүгінде ол момақан, жуас. Астынан бала жүгіріп өтсе де тырп етпейді. Ұйықтаса көзі былшықтанған маубас. Төрт аяғы төрт жақта қаннен-қаперсіз сілейіп жатқаны сол...» (Аталмыш шығарма, 67-бет) десе, келесі бір бәйгеде: «Сөйткенше болған жоқ, Құлагер жалаулатқан қарақшыға жете бергенде алдынан айқайлап, өре түрегелген қара тобырдан жалт бұрылды. Сәл қиыс тартып, қарақшыны кесіп өтті».

«Осқыра үркіп, шығандай қашып, сапырылысқан жұрттың ең шетіне барып, үйірілген толқындай зорға қайырылды».

«Ақан серінің аты шулы Үркеккері – Құлагер!» – дейді (аталған шығарманың, 99-беті).

Алдында не жазғанын ұмытып қалған автор Құлагерге «Үркеккер» деген атау береді. Шығарманы құдды бір маскүнем адам жазғандай. Ойына келген сөзді айта салатын автор: «Ұлы жиында сапырылысқан дүйім жұрт Ақан серіге: «Тойың бар ... тойың бар, ей, қара ормандай ырғалған қалың Қарауыл» дейді. Ойпырмай, «Ормандай көп орта жүз» деуші еді Бұхар жырау бабамыз. Ілияс Жансүгіров Батыраштың аузынан:

«Атаң аз, Алтайымнан қалай көпсің»,

«Алдымнан бәйгемді алып көрген жоқсың», – дегізіп Батыраштың ауызымен шындықты айтқызушы еді ғой. («Құлагер» поэмасы, көп томдық шығармалар жинағы, 96-бет).

Ілия Жақановтың кітабындағы неше түрлі қисынсыз айтылып, жазыла салған оқиға, әңгімелерден тағы бір мысал келтірейік:

«Осы сәтте Әлібек пен Ақан серінің қасында тұрған Барақбайдың даяғашы жігіті Бөрібайды қамшымен тартып-тартып жіберіп: «Неғып тұрсың, сүмірейіп?! Сүйрет! Тарт ана атты!» – деп ақырып қалады», – дей келіп әрі қарай: «Бір кезде менің Қоңыр атыма сұқты көзіңді қадап, ала алмап едің, құсалы боп, енді Құлагер ішіңді күйдіріп жүр. Қыр соңымнан қалмаған Барақбай, қамшы сілтеген олай емес, былай!» – деп Ақан сері Бөрібайды қақ бастан тартып өтеді». Бөрібайдың сары жара басқан қасқа басынан қан шып ете түседі. Бөрібай күректей алақанымен басын сипалап, саусағының арасынан қан тамшылап: «Осы қан есіңде болсын, Ақан! Қан жылатам!» – дейді. Барақбай да: «Ә, Ақан, Бөрібайдың осы сөзін ұмытпа!» – дейді қанын ішіне тартып» (Аталған шығарма, 104-бет) – деп Ілия Жақанов жазған осы абзацтағы адамдардың іс-әрекеттерінде қандай қисын-логика бар? Құлагерді өлтірген Батыраш емес, Барақбай мен Бөрібай деген дәлелсымақтары үшін жазылған бір утопия. Әйтпесе, Ақан сері өзі айтқан сөздерден кейін ұратын болса, Барақбайды ұру керек қой. «Қамшы сілтеген олай емес, былай» деп өзі қамшы тиіп қайғырып тұрған Бөрібайды «жығылғанға жұдырық», дегендей, қамшымен ұрып не қылғаны Ақан серінің?

Мұндай ақылға сыймайтын, өрескел іс-әрекеттерді  ақыл тоқтатқан жасқа келген, көргені көп, мәдениетті, білім, парасаты жоғары композитор Ілия Жақанов жазды дегенге күдігім бар. Ол заманда біреуге орынды-орынсыз қамшы сермеудің немен аяқталатынын Біржан сал, Ақан сері шығармаларына талай талдау, зерттеулер жүргізген теле, радио хабарлардың авторы Ілия Жақанов Біржан салдың «Жанбота» әніндегі:

«Кісісін бір болыстың біреу сабап,

Барма еді статьядан көргендерің», – дейтінін білмеуі мүмкін емес қой.

Және бір дәлел айтсам, аталған кітаптың 62-бетінде: «Ақан жүріске дайындалды. Өз жылқысында тағы бір қарагер ат бар еді. Оның желдей ескен жорғасына қызығып:

«Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында,

Кімдер сері болмайды бойдағында?» – деп паңдана керілетін Біржан салдай толықсып:

– Ей, жігіттер, мына қарагер мені Истамбул кемесіндей шайқап келеді!» – деп, әлгі әнді көкжиегі көз талдырған Сырымбет саласында алысқа әуелеп кетуші еді», – деп жазады. Ілия Жақановтың Естайдың әні «Қарғашты» Ахмет Байтұрсынов шығарған деп өзі Ахаңа теліп жүрген әнін Біржан салдың аузына салуы да мүмкін емес қой.

Жоғарыда айтқанымыздай осы кітапта өзінің не жазып, не қойғанын білмей, ұмытып қалатын Ілия Жақанов, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының тарихи еместігін дәлелдеймін деп арам тер болып, әуре болғандықтан аталмыш шығармасының 114-бетінде: «Қарақшыдан Батыраштың Қайқы – күреңіне мінген бала «Бегайдар!  Бегайдар!» деп айқалап, бірінші өтті», – деп жазады.

Бүкіл қазақ білетін Батыраштың көк атын Қайқыкүрең деп түр-түсін өзгертіп шатылады. Енді осы жазғанын ұмытып кетіп, кітаптың келесі 115-бетінде: «Сол қапалы күндерде Ақан серінің солықтаған жүрегінен:

"Жел болса қамыс басы майда деймін,

Ат қостым, ат айдаушы, айда деймін.

Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,

Жығылмаса Құлагер қайда деймін?" – деген «Құлагер» әнінен үзінді келтіріп, өз өтірігін өзі әшкерелейді. Батыраштың атының түр-түсі көк екенін «Құлагер» поэмасында:

«Алтайдың қосқан аты асып аруақ,

Көк аты Батыраштың келді заулап.

Дауысы баласының азар шығып,

Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап», – деп («Құлагер» поэмасы, І том, көп томдық шығармалар жинағы, 119-бет) жырлайтындай, Ілияс өзі поэма қылып жазған тарихи оқиғаны түбегейлі зерттеп білгендігі, сондай-ақ бәйгеден 2-ші және 3-ші келген аттардың кімдердікі екенін, түр-түсін айна-қатесіз келтіргенін мақаланың басында айттық.

Тағы бір өрескел өтірік, тіпті, тұрпайы, қазақ менталитеті мен салтына қайшы келетін әнгімесін келтірейін. Жалмұқанға күйеуге шығайын деп жатқан Ақтоқтыны Ақан сері алып қашып, жолда аты жығылған Ақтоқтыны былай баяндайды:

«Ақтоқты шырқырап жылап: «Мен – Жалмұқандықпын!» – деп безек қақты.

Ақтоқтының мына сөзін түнеріп тыңдаған Ақан сері: «Талақ дүние!» деп кісесіне ілінген сапыны оқыс сілтеп қалғанда Ақтоқтының санын тіліп өтті», – дейді.

Енді Ілия Жақанов қайта-қайта сілтеме жасай беретін Мағжан Жұмабаевты оқиық: «Ақан қалай да Ақтоқтыны алмақ болады. Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен, қыздың көңілін күйеуден қайтару үшін Ақан сықақ өлеңдер шығарады:

«Бәрекелде, Ақтоқты, тапқаныңа,

Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.

Бұдан артық құдайдан не тілейсің,

Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа», – деп мысқыл қылады Ақан. Бірақ өкпесі күшті Ақтоқты бұрылмайды. Ақан танысып келе жатқан қызды өзі Құлагерімен алып қашады. Қыз қалай да разы болмайтындығын айтқан соң алдында келе жатқан қыздың сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың қабағына тастап кетеді. Бірақ Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді.

«Ақтоқты кеткенің бе шыныменен,

Бал бердің талай жерде тіліңменен.

Басыңды Сарымиды кесіп алып,

Өмірімше даулассамшы құныңменен!» – деп ашулы зар шығарады Ақан. (Мағжан Жұмабаев, шығармалары, Алматы, «Жазушы» баспасы, 1989 жыл, 320-321-беттер). Бұдан әрі Ілия Жақанов адам сенбес тағы бір өтірігін айта жөнеледі: «Ақтоқты ақбоз үйдің ішінде көзі жасқа бұлығып: «Болар іс болды, ел-жұртым, мен енді Жалмұқанның жарымын! Менің аужарымда ел еркесі Ақан Сері айтып берсін!» – деп отырып алды.

«Ақтоқтының тілегі орындалды. Ақан сері  домбырасын  шертіп:

«Қорқамын шымылдықтың құруынан,

Бір жаман қолын сұғып тұруынан.

Жалғанда қыздан сорлы жан бар ма екен,

Айырылып кете барар руынан?» – деп  үйден шықты да кетті.» (Ілия Жақанов, Аталмыш шығарма, 108-бет). Ал енді осыған сенсеңіздер, одан әрі Ілекең үйленген Ақтоқты мен Жалмұқанды Ақан серімен бір төсекке жатқызады: «Жұлдызы самсаған айлы түндерде төсекті көгалдың үстіне салдырып, Ақтоқты үшеуі қатар жатқан» (Ілия Жақанов, аталмыш шығарма, 165-бет).

Міне, көрдіңіздер ме? Өзін өлімге қиып, «Басыңды сарымиды кесіп алып», – деп өкінген Ақан серіге аужарын айтқызатын Ақтоқты, әйелін бөтен еркекпен ортақтастырып, бір төсекте жататын Жалмұқан сияқты эпизодтар Ілия Жақановтан басқа адамның қиялына да сыймас еді. Осыншама қателіктер мен өтіріктерге толы, көпе-көрнеу тарихи деректерді бұрмалап, «Бір кезде Ақан едім аспандағы» кітабын жазған адам Ілия Жақанов емес шығар деген ойға қалады екенсің. Шала сауатты болса да, әр нәрсені ұйқастырып жаза алатын жорналшы болуы да, немесе Қаратай Биғожинша әлдекімдердің тапсырысын орындаушы жазушысымақ, Батырашты ақтап алу мақсатында Ілия Жақановтың беделін пайдаланып, сән үшін Ілекеңнің атын жамылған біреу болуы да мүмкін.

Осы жолда Ілия Жақанов та, Серік Негимов та тапсырыстың «құрбаны» болып жүрмесе жарар еді. «Бір кезде Ақан едім аспандағы» кітабын Ілия Жақанов осыншама ойдан шығарылған өтірік дерексымақтарды пайдаланып, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын даттап, қараламай-ақ, Батырашты ақтау үшін басқа амалы болмағандықтан барса да, шығарма жарыққа шыққаннан соң, оқырман қауым, ел-жұрт бар, бірі болмаса бірі оқиды, білгенін айтар адам табылып, өтірігімізді бетімізге басса қайтеміз деп ойламаған-ау.        

Қорабай ШӘКІРҰЛЫ,

Павлодар облысының Құрметті азаматы

Сурет ғаламтордан алынды