Бауыржан ХАЛИОЛЛА: "ЕСІМ КІРЕСІЛІ-ШЫҒАСЫЛЫ ЕҢКІЛДЕП ЖЫЛАДЫМ"

Уақыты: 10.02.2019
Оқылды: 1882
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өзің өлеңін өлердей жақсы көретін ақының туралы естелік жазудан ауыр машақат жоқ екен. Оның үстіне өз шығармасына келгенде жалқау әрі салақтау адамға...

Әулиеліктің бір сипаты – баладай аңғалдық, кіршіксіз тазалық болса, онда менің ұғымымдағы Ес-ағаң нағыз әулие еді ғой! Өзі адамға қандай сенгіш, сенен де сондай мінез күтіп, кейде адамның ақылына сыймайтын, баланың да ойына келмейтін әңгімені сарт еткізеді. Осындай әпенді жаннан әдемі өлең немесе әуезді ән туады деп ойламайсың. Мен жалпы Есенқұл ағамен қалай таныстым және оның жібектей жұмсақ жырларына қалай құлай ғашық болдым? 
Бұл 1995 жыл, яғни, менің тоғызыншы сынып оқитын кезім.
Әлі есімде, Оралдағы мен оқыған мектеп-интернаттың жанындағы орталық базарда кітап дүкені болды. Сол дүкеннен көп болса бес теңгеге екі кітап сатып алдым, көлемі де бірдей еді. Бірі – Тыныштықбек Әбдікәкімов көкемнің «Ақшам хаттары», екіншісі – Есенқұл Жақыпбековтің «Жеріңе табын» деген жыр жинақтары (сол екі кітап та ҚазМУ-ге түскен 1997 жылы кітап ұрлайтын «қарақшылардың» кесірінен қолды болды).
Судыратып оқи берем. Әйтпесе, тоғыз оқитын он бес жасар бала не түсініп жарытады? Бірақ сол кездің өзінде Жұмекен, Кеңшілік, Есенғалидың жырларымен сусындап қалған мен үшін екінің бірі «ақын» емес еді. Қазір ойлап отырсам, Ес-ағаңды 1997 жылы КазМУ-ге түскенде тереңдей оқып, мүлде басқа қырынан түсінген екенмін. Оған себеп – әр отырыс пен кездесу, жиынымыз Ес-ағаңның айтыста айтқан ұтқыр, тапқыр шымшымаларынсыз өтпейтін. Әсіресе, Әселханмен айтысын жырқұмар жұртшылық бірінен-бірі іліп әкететін. Оны естушілер қыран-топан күлкіге қарық болатын.
Сөйтіп жүргенде сырттай таныстығымыз жүзбе-жүз кездесуге ұласты. Біреудің ықпалынсыз не ресми түрде емес, бірден бауырмалдық тұрғыда танысып кеттік. Іле-шала әлгінде ғана атап өткен кітапты қайтадан қолыма алып, көз жүгірттім. Бұл жолы дұрыстап ден қойдым. Бірінен-бірі өткен моншақ тамшыдай мөлдір жырлар, мөлтек сырлар жүрегі бар адамды елжіретпей қоймайды. Әсіресе, "Қарауыл қайғысы" поэмасындағы тосын тіркес, орамды ойлар, жантүршігерлік оқиғаны баяндаудағы оқыс теңеулер селк еткізеді.
Поэма белден қалған еркектің әйеліне айтып жатқан мына сөзімен басталады:
Әйелім де, емессің, жесірім де,
Бөтен тартып барасың осы күнде.
Кешке саған болады кешігуге, 
Маған сені болады кешіруге, – деген бір-ақ шумақтың өзі шарасыз бейшараның тағдырға мойынсынуын қалай берген деп әлі күнге таң қаламын. Ес-ағамның «Құла шабдар» хикаясы, «Ана» балладасы, «Тайгадағы қазақ» өлең, әңгімесі секілді көлемді туындалары қазақ жырына өзгеше леппен қосылған қазыналар деп атап өтер едім. Ал қазір жырсүйер қауым жатқа білетін өлеңдері өз алдына, сезіміңді сиқырлап тастайтын нәзік әндері мен жаныңды жылатып жіберердей терме-толғауларының өзі бір төбе. Тіпті:
Жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды,
Жамандар «жақсымын» деп айқайлайды.
Жүргесін бауырында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды, – деген туындысы бұл күнде «халық әні» ретінде шырқалып жүр. Ал осы шумақтың «Бұл қазақ өз жақсысын өзі өлтіріп, Өлген соң дүбірлетіп той-тойлайды» деп келетін жалғасы бар екенін екінің бірі біле бермейді-ау...
Бір жазбада Ес-ағамның ақындық қырын ақтарып айту мүмкін емес. Әлгінде айттым ғой, таныстығымыз «атап өтердей» болған жоқ деп.
Алматыда жүргенде азулы да айтулы ақындар Оразалы Досбосынов марқұмға үйірсек болуымыз, Жанарбек Әшімжанмен достығымыз Ес-ағаңмен одан бетер жақындата түсті. Кейін асқақ Алатауға қол бұлғап, елге оралғасын студенттік шағым өткен арман қалаға елеңдеумен болдым. Алматыға барғанда қалыптасқан дәстүрім бар. Екі қимас, сыйлас жерге сәлем беру. Әуелі Есенқұл ағама барып амандасу. Сосын ҚазМУ қалашығын бір шарлап шығу. Осы екі дағдымнан айнымай жүргенде қатал тағдыр оны да көп көрді. 
Кезекті Алматыға сапарымда Ес-ағама телефон шалдым. «Бүгін мен туралы "31 арна" хабар түсіреді. Сонда келсеңші, шыққасын асықпай серуендеп, әңгімелесерміз», – деді. Жоспар бойынша мен алып кетіп, қала аралап, қонақ етуім керек болатын. Алайда оған дейін келісілген Көктөбедегі бір кездесуім ұзаққа созылып, тау басынан қас қарая түсіп, көкеме хабарластым. Өте жай еді уақыт. «Ойбуй, мен ауылға кетіп қалдым, сенен хабар болмағасын. Ертең жолығармыз», – деді. Қонақүйге орналасып, таныс достармен біраз көңіл көтердік. Таңертең Тілек бауырым түртіп оятып, «Ес-ағаңнан айырылып қалыппыз», – дейді. Ұйқылы-ояу адам не ұғып болсын, есім кіресілі-шығасылы күйде еңкілдеп жыладым. 
«Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деген Мұқағалидың жыр жолдары санамда қайталана берді, қайталана береді де.

Бауыржан ХАЛИОЛЛА,
айтыскер ақын
Батыс Қазақстан облысы