АҚЫННЫҢ АНАСЫ

Уақыты: 10.02.2019
Оқылды: 1467
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұқағали жайында кім қалай қалам тартса да бәрі шындық пен ақиқаттан қаланып, малта тастай жұмырылған, болмысы бөлек дүниелер тұрғысында қалыптасқаны талас тудырмайды. Ақын туралы айтылар әңгіме, шертілер шежіре мұнымен бітпек емес. Әлі де жалғасын тауып, жылды жылға ұзатып, ғасырды ғасырға тоғыстыра беретіні, тас бұлақтай арынды да жалынды жыры мен жымдасқан тұмадай тұнық сырлары кезең-кезеңімен келген ұрпақты тамсандыра берері анық. 

Мұқағалиды көрмесем де оның туыстарымен аз ғана уақыт бірге болғаным, бір шаңырақтың астында дидарласқаным есімде. Сол бір естен кетпес елеулі күндер көз алдымда көлбеңдеп, ақынның туған күні қарсаңында қолыма қалам алмасыма қоймағандай. Сондықтан да ақынның анасы жайында қалам тербегенді жөн санадым.
Журналист болуды қанша армандасам да осынау киелі мамандықтың оқуына түсу мен үшін алынбас қамалдай. Осыған дейін қара шаңырақ атанған ұлттық университеттің есігін екі рет ашып, тауым шағылып қайтқаным бар. «Жығылған күреске тоймайдының» керімен үйреніп қалған оқу орнының есігін қағуға тағы да әзірленіп жүргенмін. Сол күндердің бірінде туған бөлем Қызылорда жақтың қызына үйленіп, аяулы анам бір қиырдағы құдалыққа сапар шекті. Бірнеше күн жолаушылап, жаңа құдалардың сый-құрметінен әсерленіп қайтқан ол кісі біз естімеген тың жаңалық ала келді. Үлкен бөлемнің келіншегі Мұқағалидың екі туып, бір қалған қарындасы екенін бұрын білгенімізбен, ақынның отбасы, туған-туыстарымен ешқандай арақатынасымыз болған емес. Міне, енді құдалықтан қайтқан шешем әпкесі екеуі Алматыдағы Мұқағалидың анасының үйіне түсіпті. Көңілдері жарасып, сыры мен мұңы үйлесім тапқан үлкендер қызыл тілдің тізгінін босатып, армансыз әңгіме-дүкен құрса керек. Әңгіме арасында анам жазуға әуестеніп жүрген баласы жақында оқуға келетінін, емтихан тапсырғанша осы үйде жүре тұруын Нағиман анадан өтініп, ризашылығын алыпты.
Оқуға тапсыратын мезгіл жетіп, дағдылы әдетпен артынып-тартынып Алматыға бет түзедім. Қағазда жазылған мекенжай бойынша Абай даңғылы мен С. Ковалевская көшесінің қиылысындағы батыс жақтағы 5 қабатты үйдің 3-қабатына табан тіреп, есіктің қоңырауын бастым. Есікті орта жасқа келген, етжеңді, қара торы әйел ашты. Келген жайымды, кім екенімді білген соң ішке қарай бастады. Бұл кісі осы үйдің отағасы, ақынның өзіне тете інісі Тоқтарбайдың зайыбы Бақыт деген жеңгей екен. Заттарымды қойып, жеңгейдің нұсқауымен екі әйелдің әңгімесі естіліп тұрған төргі үйдің есігін имене аштым. Төргі керегеге ұсталған кілемнің жоғары жағын ала Мұқағалидың қолдан салынған, иегін қолымен сүйеп отырған бұрыннан өзіме таныс суреті көзіме оттай басылды. Кілем тұтқан қабырғаға сүйей қойылған төсектің үстінде әңгімелесіп отырған екі қарт ана сәлемімді алып, жайымды сұрады. Нағиман ананың суретінен таныс бейнесі жанды кейіпте қарсы алдымда отыр. Аққұба өңінен жылылық шуағы шашырап, ұшы иіліп келген мұрнының үстіне қондырған шынысы қалың көзәйнегінің арғы жағындағы мейірімді көздері жан дүниемді бұрын кездеспеген әсерге бөлеп жүре берді. Ал, қасындағы кейуана Бақыт жеңгеміздің осы үйге қонаққа келген шешесі екен. Мән- жайға қаныққан Нағиман апам ауылдың, үй-жайдың, шешемнің амандығын сұрағаннан кейін оқуға келгенімнен хабардар екенін айтып, аналық мейірімін де төгіп жатыр. Кешкілік жұмыстан оралған Тоқтарбай аға да жатырқап, жатсынбай жылы қабылдап, ағалық ақыл-кеңесін білдірді. 

 

НАҒИМАН АПА:
Менің ұлымның ақындығы сағыныш атты сезімнен бастау алған деп ойлаймын. Жыр шашуы түгесілмесін.


Бірге тұрған аз уақыт ішінде көзім жеткені – отбасындағы үлкен-кішілердің кіршіксіз таза көңілі. Халқы талантын құрметтеген арқалы ақынды өмірге әкелдім деп анасының да, бірге тудым деп бауырының да, тіпті, сол үйдегі өсіп келе жатқан бала-шағаның да кеуде керіп мақтанғанын, алқынып, алшаңдағанын көрген емеспін. Бәрі де қарапайым. Сол қарапайымдылық, мейірім мен қайырым, қамқор көңіл, ыстық ықылас, күнделікті тірлікті місе тұтқан қанағатшыл кейіп үй-ішін жылылық нұрына шомылдырып тұрғандай. Сондықтан болар, ауылдан барған туыс-туған, жекжат-жұрат, дос-жарандардың үйге соқпайтыны некен-саяқ. Кім қайдан келсе де үй ішінің мейір шапағатына шомып, әз ананың ақ батасын арқалап, риза көңілмен аттанатынына талай куә болдық.
Нағиман апамның көркем тілмен кестелеп айтатын әңгімесі тыңдарманды ерекше әсерге бөлейтін. Өзі туып-өскен өлкенің өткен-кеткен тарихы, отызыншы, қырқыншы жылдардың нәубеті, ел басына төнген ауыртпалық шежіре боп шертіліп, өзіміз көрмеген отты кезеңді көз алдымызға алып келетін. Әңгіме барысында зұлмат жылдардың бүгінгі ұрпақтың басына қайта келмеуін тілеп отырушы еді. Ал, туған жері мен еліне деген сүйіспеншілігі, тас атқанға ас атқан ақпейіл қағидасы, адамдарға деген қадір-құрметі ешкімге ұқсамайтын. Ақиық ақынның бойындағы адами құндылыққа толы қасиеттер осынау өр тұлғалы ананың қанымен де, ақ сүтімен де дарыған болар-ау...
Оқуға келген бұл сапарымда да жолым болмады. Бұған Нағиман апам да, басқалар да өзімнен кем қиналған жоқ. Үлкен кісінің ақылын айтып бәйек болғаны, көңілімді жұбатуға тырысқаны есімде. 
– Балам, алған бетіңнен қайта көрме. Тауың шағылып, жігерің жасымасын. Жаның аман болсын. Алла жар болса, мақсатыңа жетерсің. Келесі жылы қайта кел. Оқуға түсуіңе мен кепіл, – деп сенім беріп, үмітімді үкілеген-ді.
Келесі жылы арманымды арқалап әз анамның шаңырағына тағы да ат басын тіредім. Тағы да сол аузын ашса жүрегі көрінетін ақпейіл жандардың ортасындамын. Ертең емтихан деген күндері Нағиман апам ақ батасын береді. Басқалары жолыма сәттілік тілесе, Бақыт жеңгей балгерлігі ұстап, құмалаққа жүгінеді. Алдын ала болжам жасайды. Жарықтықтың ашқан құмалағы көбінше жақсылыққа жорылушы еді. Көңілдері кіршіксіз, ақжарқын жандардың тілеулері қабыл болып, өзім армандаған оқу орнының студенті атандым. Ойыңда жүрген нәрсенің кейде сол қалпында түсіңе енетіні бар ғой. Анасының үйінде жүргенім аян берді ме, бір күні ақын ағам түсіме енгені бар. Нағиман апама осы түсімді айттым.
– Балам, мақсатың биік, талабың таудай екен. Ағаң тегін адам емес қой. Бірақ, талантын берсе де тағдырын бермесін. Жолың ашық болып, алдыңнан жарылқасын, шырағым, – деп батагөй сөзін айтты. Әйткенмен ағамның тағдырын қайдам, таланты маңдайыма жазылмады. Әлде, күйбеңі көп күйкі тірліктің шылауына түсіп кеттім бе, болмаса, таланттың кемдігі ме, жас жерортаға келсе де ештеңені мандытпай жүрген жай бар. Ал, оғаш тірлігіме ақын ағамның да, әз анамның да аруағын күңірентуге хақым жоқ. 
Қарасаз бен Шалкөдеде дүбірлеп өткен баласының 60 жылдық тойына қатысқан Нағиман апам тойдан кейін салқын жонда біраз күн демалып, туыстарымды аралаймын, төркіндеріме қыдырамын деп ауылда қалған болатын. Арада 20 күндей уақыт өткенде Әбдіке Асанов Қарасаздан Тоқтарбай ағаға: «Анаң ауырып қалды. Тез кел, қалаға жеткізу керек» – деп телефон шалды. Тоқтарбай аға жұмысынан сұранып, ауылға баруға сол кездің желден жүйрік көлігі «Москвичті» жалдап келіпті. Көлік иесі орыс екен. Кешкі сағат он шамасында жолға шықты. Орысқа сенбей, қасыңа тағы біреуді ертіп ал деген жеңгеміздің сөзін ағам хош ала қойған жоқ. Тек маған машинаның нөмірін жазып алуды тапсырды. Мен сыртқа шығып, нөмірін жазып алдым. Ертесі таңертең Әбдіке аға екеуі апамызды үйге алып келді. Дәрігерге қаратып, күтімелдегеннің арқасында ол кісі науқасынан айығып, бала-шағасының ортасына қайта оралды. Үй-іші мәре-сәре күйге қайта толды.
Оқуға барған сайын, басқа жайға түссем де ол кісілерден қол үзген емеспін. Сабақтан бос күндері амандаса барып, әңгімесін тыңдап қайтамын. Бірде көшеде кездесіп қалған шонжылық курстасым Қуанышбек Қожахметовке Мұқағалидың анасына амандасып қайтуға бара жатқанымды айттым. «Қой, сен ол кісілерді қайдан білесің», – деп сөзім құлағына тосын естілгендей қалып танытты. «Сенбесең бірге жүр, қой емес, тай бересің», – деп қалжыңдадым да ертіп алдым. Ол кезде Нағиман апам балаларымен «Жетісу» ықшамауданынан берілген көпқабатты үйдің 5- қабатында 3 бөлмелі кең де жарық үйде тұрып жатқан. Амандықтан кейін қасымдағы жігіттің өзіммен бірге оқитын досым екенін, арнайы амандастыра келгенімді айттым. Апам риза болып қалды. Ал, ертегідей естілетін ақынның анасын көргеніне, ақ баталы тілегін естігеніне ол тіпті мәз. Ертесі сабаққа келісімен кешегі оқиғаны курстағыларға майын тамыза жеткізіпті. Сабаққа сәл кешігіңкіреп келген маған бәрі бейне басқа планетаның адамын көргендей таңдана қарап, Мұқағалидың інісі екенімді, «ішіме сыйдырып» қалай жасырып жүргеніме кәдімгідей назын айтып жатыр. Тағы бірде семейлік курстасымды да ертіп барып таныстырдым. Өзі де өлең жазумен шұғылданатын әлгі жігіттің кетер-кеткенше Нағиман апамның қасынан шықпай қойғаны бар.
Нағиман апам 1994 жылы күзгесалым қайтыс болды. «Мен өмірден көшкен күні абысыным (менің шешемді айтады) қасымда болып, аяқ-қолымды жазса» деп айта беруші еді. Ол ойы орындалмады. Өйткені сол шақта шешем өзі де қатты ауырып, екі дүниенің ортасында жатқан-ды. Ақынның ет жақын туыстары аналарын Қарасазға әкеліп жерледі. Ал, Мұқаңның 80 жылдық тойы қарсаңында ел тізгінін ұстаған азаматтар бас болып, ақын анасының басына алыстан менмұндалап көрінетін кесене орнатты. Бұл үшін оларға ел-жұрттың алғысы шексіз.
 Нағиман апамыздан кейін өмір сүрудің өзі заңға сыймайтындай, ақынның аяулы жары Лашын да, Тоқтарбай мен Көрпеш те, Бақыт жеңгей де, тіпті менің аяулы анам да бірінің артынан бірі бұл дүниеден өте шықты. Ақынның 80 жылдық тойының өтуіне бір жыл қалып, дайындық жұмыстары қолға алынып жатқан тұста Әбдіке аға дәм жазып біздің үйге келгені бар. Дастарқан басындағы әңгіме үстінде өзінің сол той комиссиясының құрамына енгенін, тойдың шақыру билетінің біреуін маған міндетті түрде бергізетінін айтып аттанған. Айтпай келіп аяқтан шалатын ажал шіркінге дауа бар ма? Абзал ағаға құлын-тайдай тебісіп бірге өскен ақын досының тойын көру жазбапты. Дүние-ғапыл деген осы болар, сірә!
Ал Мұқағали ақынның анасы Нағиман апам менің көз алдымда ең алғаш кездескендегі мейірімді бейнесімен қалып қойды.

ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ

 

Жырда қалған 
құлпытас естелігі, 
Бір қаланған 
біртұтас кестелі үні. 
Поэзия патшасы атын 
беріп,
Тірі болса тағар ем 
төсбелгіні.

Жаңылмаған өлеңнен, 
жалтармаған, 
Нағыз ақын тапқызған дарқан 
далам.
Тіршілікті түймелеп терең оймен, 
Сөз сүбесін ұйқаспен арқандаған. 

Махаббатты мәрмәрмен мүсіндеген,
Кеудесінің жыр тұнған ішінде кең. 
Қара өлең әмірі— Мұқағали, 
Қазақ жоқ-ау қадірін түсінбеген. 

Сынағанмен тағдырдың арпалысы,
Қалды артында сан жылдың 
алқалы ісі.
Қаламымен қамалын биіктеткен, 
Мұқағали – қара өлең Алпамысы. 

Үміт үзбей ұрпақтың ертеңінен, 
Өлең өріп, маңдайдан тер төгілген,
Тақылдаған таңдайда тез жатталар,
Қара сөздің саптаған көркемінен. 

Жыр шамындай пілтесі 
сөнбейтұғын,
Қанатындай қазақтың 
сермейтін мың. 
Марқасқа Мұқағали 
Мақатаев, 
Патшасы поэзияның 
өлмейтұғын.

 

Айбек ӘБІЛҚАЛЫМ
Ақжайық ауылы,
Теректі ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ
Нарынқол ауылы,
Райымбек ауданы