БАҚЫТ КІЛТІ - ЕҢБЕКТЕ

Уақыты: 12.02.2019
Оқылды: 1764
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Қысқа ғұмырын ел игілігіне арнаған ұлт зиялыларының ұлағатты жолы кімге де болса үлгі. Олардың өлшеусіз еңбегі, өнегелі өмірі артынан ерген жас жеткіншектердің санасына сәуле болып құйылары сөзсіз. Соларға қарап балғын балалар бой түзесе, ел ертеңіне алтын көпір болмақ. Сондықтан қашанда ұлтқа қызмет еткен еңбек ерлерін ұлықтап отыруымыз керек.

 

Осы бір оқшау ойды негізге алған Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы «Бақыттың кілті еңбекте» атты тәрбиелік-танымдық кеш өткізді. Аталмыш шара «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Тізқатар тізілген талантты оқушылар алдымен ұлттық аспаптарда ойнап, соңынан жыр-тақпақтарын оқыды. Жалпы кеш үш бөлімнен тұрды. Алғашқысы, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп аталды. Бұл бөлімде оқушылар аймақтағы еңбек ардагерлерінің өмірінен сыр шертіп, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін әсерлі әңгімемен жеткізді. Одан кейін «Жетісудың қыздары» атты театрландырылған қойылымға кезек берілді. Мұнда ұлттың ұлылығын ұлықтаған қазақ қыздарының ерлігі паш етілді. Жер төсінде ерлерше еңбек еткен, қолынан күрегі түспеген батыл да батыр аналарымыздың салиқалы өмірі сахналанды. Мектеп оқушылары тың игерген талантты қазақ арулары гүлдей нәзік болса да білек күші берік болғанын, туған жері үшін ештеңеден тайсалмайтынын дәлелдеді.

Кештің ең ерекше сәті қорытынды бөлімінде болды. Білім ордасының белсенді шәкірттері Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға арналған «Тамшыбайдың тамшыдай немересі» атты көрініс қойды. Мұнда Жетісудың төл дақылы қант қызылшасын өсіруде еңбектің ерен үлгісін көрсете білген халық анасының ғұмырбаянынан үзінді келтірілді. 

Шара барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Кенжехан Рақышов сөз алып, ұлт перзенті турасында сыр тарқатты.
– Расында, ұлылықтың бір белгісі – алыстаған сайын биік болып көрінетін тау секілді абзал ананы халқы ұмытпапты. Өжеттігімен қатар әйел затына тән нәзіктікті де сақтай біліп, Көксу өзенінің бойында Зылиха Тамшыбаева талай асуды бағындырып, ауыл төрінде алтындай жарқырап туған ауданын жасыл желекке көмкергенін елі қалай ұмытсын?! Шалғайдағы ауылдарда ғылым мен білімнің шамын жағып, мәдениеттің мектебін қалыптастырғаны, жер-жерде жастардың өнерін дамытып, өркениетке бастағаны ұрпақ санасында сақталып қалған. Сөйтіп, ұрпақ тәрбиелеп, елді адал еңбек етуге баулыған батыр қызды үлгі етпесек – бізге үлкен сын. Себебі, Жетісу жерін дүбірге толтыра, еңбек көрігін қыздыра білген Зылиха Тамшыбаеваның есімін ел жатқа біледі, – деді Кенжехан Мұстағалиұлы.

Иә, есімімен-ақ тұтас бір ұлттың қадір-қасиетін, өшпейтін өнегесін, мәңгілік дәстүрі мен салтын түсіндіріп тұратын тұлғалардың әрі санаулы асылдардың қатарында жерлесіміз Зылиха Жанболатқызының орны ерек. Халық арасында қант қызылшасын өсірудің хас шебері деп те аталатын абзал анамыздың елдің ертеңі үшін төккен терін еске алсақ, мұқалмас жігерді, таусылмас күш-қуат тасқынын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын алапат ынтаны байқаймыз. Көзі тірісінде ел анасы атанған нәзік жан құт қонған киелі Көксу үшін даналықтың, даралықтың, адалдық пен тектіліктің мектебі бола білді. 
Шара соңында мектеп директоры Самғат Долаев сөз алып, келген қонақтарға алғысын білдірді. 

– Жетісу жері – құтты мекен. Мұнда талай алыптар дүниеге келген. Әсіресе, еңбекке жаны құштар жандар көптеп кездеседі. Біз сіздерге солардың өткен жолын, кешкен өмірін баяндағымыз келді. Оқушыларымыз соларға еліктеп өссе деген мақсат қойдық. Осы орайда Зылиха апамызға арнайы тоқталдық. Ол кісі өмір есігін ашқан сәтінен адал еңбек деп туған тәрізді. Өмірдегі әр қадамына көз жүгіртсек те, қиын да сынағы көп белестерді бағындырғанын, сындарлы уақытта жол таба білгенін, туған елінің амандығы жолында жан аямағанын, ұрпаққа ұлағатты жол көрсетуде алдына жан салмағанын көреміз, – дей келе ол қала ардагерлерімен шара соңында естелік суретке түсті.

Мұхтар КҮМІСБЕК.