МҰҚАҒАЛИ – ЖЫР ҚҰЛАГЕРІ

Уақыты: 15.02.2019
Оқылды: 1013
Бөлім: РУХАНИЯТ

XX ғасырдың екінші жартысында поэзия әлеміне өзгеше қарқынмен һәм ерекше құбылыспен келген ақындар шоғыры қазақтың классикалық әдебиетінің үлгісін көрсетті. Олар тың ізденістері арқылы үлкен шығармашылық қадамдарға барып, өзінше бір жеке мектеп қалыптастырды. Сол қабырғалы ортаның  ұлы өкілдерінің бірі - Мұқағали Мақатаев. Ақиық ақынның туған күнін жыл сайын кітапханаларда мерекелеу дәстүрге айналған.  
Биыл мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттауда Қапшағай қалалық кітапханасы «Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де «Ғасырдың лирик ақыны» атты әдемі, әрі әсерлі поэзия кешін ұйымдастырды. Мекеменің әлеуметтік жұмыс маманы Ж. Атаева Тәңіртаудың "мұзбалағы" атанған ақын өлеңдерін оқыса, кітапханашылар ақынның кітаптарынан көрме өткізіп, шолу жүргізді.
Кітапхананың тұрақты оқырманы, ақын ізбасары 
Анель Жансеркенова әсем ән орындап, шараға қатысушы қарттар естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, М. Мақатаевтың мол мұрасын насихаттау, ақынның шығармашылығын дәріптеу, ақынның туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін жеткізу мақсатында Шеңгелді ауылдық кітапханасы мен Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты поэзия кафесін өткізді. Шара ауылдық кітапханасының оқу залында өткізіліп, Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Е. Қойлыбаев, Қапшағай қаласы мәслихатының депутаты Ғ. Жылқыбаев, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы М. Әбенұлы, кітапхана жанынан құрылған «Жерұйық» клубының төрағасы, ақынмен бірге талай қызмет атқарған жерлесі Б. Атагельдиев, жергілікті қаламгер І. Тойшыбайұлы, ауылдың сыйлы азаматтары мен №6 орта мектептің оқушылары қатысты. 
Мәдениет үйінің директоры Р. Медеубаев ақынның «Үш бақытым» атты өлеңінің термеге салып, орындады. Шара барысында А. Атаегльдиев ақынның бірге жүргендегі естеліктерімен бөлісіп, ақынның өмір жолынан сыр шертті. Шараға қатысушылар ақынның шығармашылығына жылы лебіздерін білдіріп, оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. 
Шара соңында ауылдың кітапханасы ұйымдастырған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"