АҚҚУ ЖЫРДЫҢ ҚОС ҚАНАТЫ

Уақыты: 15.02.2019
Оқылды: 1317
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақпан айы. Бұл айдың әдебиетке әкелген жаңалығы – қос ақын. Бірі – мұзбалақ жырдың иесі Мұқағали Мақатаев болса, бірі – ел еркесі Есенқұл Жақыпбеков. Екі бірдей алыптың аспаннан құйылған ақ ұлпа жыры адамзаттың кіршіксіз көңілінің пернесін дөп басып, аңсарына айналғалы қашан?! Содан да болар, қыстың суығына жаураған жұрт бұл кезде ақындардың  жалынды жырымен жылынады.

 

Бұлай деуіміздің бір себебі бар. Ақпан кіре халқымыз  екі ақынның мол мұрасын қайта жаңғыртып, ақық жырларын жатқа оқиды. Сондай бір әсерлі кеш Еңбек ауылына қарасты №22 орта мектепте өтті. «Аққу жырдың қос қанаты» деп аталған кештің шымылдығын «Мизам» әдеби клубының жастары түрді. Олар қос ақынның туған жер тақырыбындағы туындыларын көпшілікпен бөлісті. 
Кеш барысында мектеп директоры Рахила Ақшолақова сөз алып, шараның  тәлімі мол екенін жеткізді.

– Біз ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен қатар Есенқұл Жақыпбековті де насихаттап, жастардың жүрегінен орын алуына сеп болғымыз келеді. Олардың жауһар жырлары шәкірттеріміздің санасына сәуле болып ұяларына сенімдімін. Бүгін өлеңге шөліркеген көңіліміз бір шалқып қайтпақ. Қос ақынның өрелі өлеңдері елдің көкейінде мәңгі сайрап тұрары анық, – деді білім ордасының басшысы.

Әдеби-сазды кешке мектеп оқушыларының ерекше дайындалғаны көрініп тұрды. Бірі әуелетіп ән салса, бірі ақын жырларын мүдірмей оқуымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шараға арнайы қонақ болып келген облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев жастарға ақындар жайындағы естеліктерден сыр шертті.  Ал дәстүрлі әнші Әліби Бекайдар әсерлі ән шырқап, көпшілікті бір толқытты.
Кеш соңын оқушылар Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнімен түйіндеді.

Мұхтар КҮМІСБЕК.