ЕЛ ЕСЕНҚҰЛЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 15.02.2019
Оқылды: 1377
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аудандық Мәдениет үйінде жырсүйер қауым Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Есенқұл Жақыпбековті еске алды. Ел еркесінің туған күніне орай өткізілген шараға алыс-жақыннан қаламгерлер, өнерпаздар, ақынның туыстары мен дос-жарандары, шәкірттері, өлеңсүйер оқырман қатысты.

 

Мәдениет үйінің кіреберісінде аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Өзім жайлы айтпаймын, елім айтар» атты кітап көрмесінде ақынның ілгерінді-кейін шыққан жыр жинақтары қойылды. Осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы Мәдениет үйінде ақынның «Сынған күннің сәулесі» атты жыр жинағы мен түрік тіліндегі «Жазғы таңда» кітабының тұсаукесер рәсімі өткен еді. Сонда арнайы келген бауырлас түрік елінің өкілдері Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты Түркияда шығатын «Кардаш каламлер» журналының өткен жылғы ақпан айындағы саны түгелдей Есенқұл Жақыпбековтің шығармашылығына арналғанын сүйіншілей жеткізіп, журналдың бірер данасын тапсырған болатын. Ол басылым да көрме сөресінен орын алыпты.

Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев ақынның өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, Есағаның аяулы жары, артында қалған рухани мұрасының иегері Меңсұлу жеңгейге сахна төрінде сый-құрмет көрсетті. Көпшілік алдында Есенқұл Жақыпбековпен қатар жүрген сыйлас ағасы, ақын, халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, Көкдала ауылының тұрғыны Өмірбай Өмірзақов лебіз білдірді. Өлең өлкесіндегі ерен жүйріктің өмірдегі кейбір сәттерінен қызықты естеліктер айтылды. 

Бұл дүниеде нағыз халықтың адамы болған ақынға деген көпшіліктің ықыласы еске алу кешінде тағы бір байқалды. Ақын шығармалары негізінде дайындалған сахналық қойылымнан көрермен ерекше әсер алды. Әдеби-сазды шара барысында аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары тума талант иесінің сөзіне жазылған «Дүние», «Өзіңді аңсап», «Біздің елдің жігіттері», «Тұманды күн», «Қолымнан келсе», «Өнер адамы», «Жамбыл ауданы» әндерін нақышына келтіре орындады. Жиналғандар ақынның 65 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі әдеби кештің алдағы уақытта Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі театрында өтетіндігінен хабардар етілді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.