МИЗАМ ШУАҒЫНДАЙ ШЫҚҚА ҚОНЫП

Уақыты: 02.03.2019
Оқылды: 2577
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ойға тыным, жанға маза бермеген,
Бақ боп қонып,
Сор боп сөзге ермеген.
Нән ғұмырда жүрегімді тербеген.
Сен не деген,
Құдіретті ең – зерлі өлең!

Көңіл тербеп, көкірегімде көктеген,
Өмір сыйлап, өзегімнен теппеген. 
Тағдырыма тұмар таққан – текті 
өлең, 
Сен не деген,
Мәртебелі мектеп ең!

Оттай лаулап,
Жанарымнан өшпеген,
Көктей қаулап 
Көлеңкеге көшпеген.
Балаусадай бедер жерге өспеген,
Сен не деген,
Өркен едің – есті өлең!

Пәк сезімнен нәр алам-ау сірә мен, 
Ой-санамды жаулап алды бір әуен.
Хақ тағалам қасиетін түсірді,
Ақ шағалаң болып ұштым жыр – 
әлем!

Тауды сүйем

Тауды сүйем,
Тау ғой менің тапжылмайтын 
тұрағым! 
Жартасында жаңғырамын,
Жамыламын мұнарын.
Қиянында мекендеймін,
Қия шыңға шығамын.
Балапанын мәпелеймін,
Ұясында қыранның.

Тауды сүйем
Тау ғой менің сауыт киген сыңарым! 
Қойнауында құттанамын,
Жайлауында құрағым.
Аршалы сай аспарында,
Жайқалады Шынарым.
Аспан таудың асқарында,
Жайылады Ұларым.

Тауды сүйем,
Тау ғой менің мәртебелі мекенім!
Өзенінде құлап ағам,
Өзегінде өсемін.
Кербез сұлу кермаралдай 
Көк шалғынын кешемін.
Бетегелі белге оралмай,
Түгенделмес есебім.

Тауды сүйем,
Тауда қалам,
Таумен бірге өшемін.
Таумен бірге ғұмыр кешем,
Таумен бірге көшемін.
Іздемесін мені ешкім!

Өзім нәзік болғаныммен ұлтым дүр

Өзім нәзік болғаныммен,
Ұлтым – дүр!
Ішім оттай жанғанымен 
Сыртым нұр!
Қазақтықтан,
Ғажап құттан айырылмай,
Сауық-думан ортасында ғұрпым жүр.

Өзім әлсіз болғаныммен,
Сертім нық!
Ай алыстау қонғанымен,
Жер кіндік!
Дала жырдан,
Сана нұрдан сән құрып,
Ақ әлемге сіңіп барады еркіндік.

Өзім ұяң болғаныммен,
Көркім құт!
Өмір ғазал болғанымен 
Көр – шындық!
Әр ақ таңның,
Жаратқанның сыйымен,
Күмбірлеген күй сазындай шертілдік.

Көңіл алаң,
Бірақ әлі сөнбес күн. 
Өзгеге де, өмірге де селбестім.
Уақыт емші,
Бақыт емші
Ендеше,
Соқыр ғалам,
Сен өлтірмей
Өкініштен өлмеспін!

Жүрегімнің жебеушісі

Жазмыштан жалтарған жоқ жырым әлі, 
Жырым әлі,
Мөп-мөлдір тұнық ары!
Мизамның шуағындай шыққа қонып, 
Ғибратты ғұмырдан сыр ұғады.
Содан соң,
Самаладай нұрды айналып,
Көк зеңгір көкірегіне тығылады.
Біресе, буда-буда бұлтқа енеді,
Біресе, уыстайды шұғыланы.
Жалын жыр!
Жүрегімнің жебеушісі,
Сөнбеген сағынышымның ғұмыр әні. 
...Кеше де, Ай кезбедей көз ілмеп ең, 
Кірпігің айқаспады-ау бүгін әлі.
Жансебіл,
Жан арының жалғыз күйін,
Жымқырып кетер деп пе ең ұры-қары. 

Жыр-ғұмыр!
Қызырлы үйдің Айқабағы,
Неліктен бастан бағың тайғанады. 
Жаныңды жалқы етті ме жағымпаздың, 
Құлқынның қамын ғана ойлағаны. 
Қайырсыздар, 
жасады-ау құстан балық.
Досың таба етті ме?
Дұшпан қалып.
Жыр-ғұмыр-ау, сен әлі сезбедің бе?
Сезімі жоқ боларын Мыстан ғаріп.

Кездерің аз,
Құлпырып қызыққа ерген,
Құшағыңда гүл де жоқ үзіп-терген.
Жолдорбасын асынған жолаушыдай,
Жолмен ғана жүресің сызып 
берген.
Жыр-ғұмыр,
Мұз ғұмырды жібіте көр!

Көңіл сыры

Қасиет бұйырған тектілер,
Қадірін өмірдің бек білер.
Қара бас қамы үшін жүргендер,
Қара жер үстін кеп тепкілер.

Тағдыры талайдың құнын жеп, 
Алғандай пендеден бүгін кек.
Тау-теңіз тірліктің артында,
Жүрген көп жандарын жұлып жеп.

Жан – темір! 
Жазмыштан сескенбес,
Жалқы арман жалдауға еш көнбес, 
Дегенмен, қазына қарттарым,
«Жақсы» деп жататын ештен кеш.

О, Тәңір!
Ессіз кім, есті кім?
Жалғанның жазғырдық бес күнін. 
Ғарыштан жеткен үн секілді,
Жаңғырған дауыстар естідім.
Қаумалап барады кешті мұң!

Жазира БАҚАЕВА
Ұйғыр ауданы