ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ – 115 ЖЫЛ

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 4377
Бөлім: РУХАНИЯТ

С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы, Қазақ ССР Халық суретшісі  Әбілхан Қастеевтің туғанына 115 жыл толуына орай «Ұлан Даланың ұлы суреткері» атты еске алу кеші өтті. Оған аймағымыздан шыққан танымал бір топ қылқалам шебері қатысып, «Сурет өнерінің падишасы» атты бейнесюжетті тамашалап, естеліктерімен бөлісті. 

Сурет өнері өмірдің шынайы болмысынан алынып, тәжірибе мен шеберлік арқылы шыңдалады. Бір тілші Әбілхан Қастеевтен: «Сіз сурет өнерін кімнен үйрендіңіз», – деп сұрағанда: «Ешкінің мүйізінен, апамның киізінен үйрендім», – деп жауап берген екен. Демек, Қастеев өнерінің, талантының негізі де адамгершілік болмыс, атамұраға адалдық, қазақтың тарихи әрі бай тұрмыс-тіршілігінен бастау алған. Десе де, өнердің жолы тым ауыр. Оның шыңына шығу үшін табандылық пен табжылмай ізденуге тура келеді. Осы тұрғыдан келгенде де Әбілханның өзге қатарластарынан оқ бойы озып тұрғанын байқаймыз. Яғни, күнді-күнге жалғап, тынымсыз ізденудің нәтижесінде соңына өшпес мұралар қалдырып, қазақ сурет әлеміне атын алтын әріппен жазып кетті. Бүгінде суретшінің мұрасы әлем және Орталық Азия, қазақ суретшілері арасында жоғары бағаланады. 
Бұл шараға ҚР Көркем академиясының вице-президенті және академигі, Қытай Өнер академиясының профессоры, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісханұлы, ЖМУ-дің профессоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жақан Баримбеков, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Серік Мырзатаевтар қатысып, Әбілхан Қастеевтің қазақ сурет өнеріне қосқан ұшан-теңіз үлесі жайлы ойларымен бөлісті. 
Шара аясында халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасының жеңімпазы, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Бейбіт Мұсаев бастаған өнерпаздар әннен шашу шашып, шараның шырайын ашты. 

Рүстем ҚАНАПИЯНОВ