БІРІНШІ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ ҚЫЗ СЫНЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1610
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Көктем аруы". Қаламыздағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гиназиясында осындай тақырыппен қыз балалар арасында байқау өтті. Аталмыш шара балғындардың бойына көркемдік талғамын қалыптастырып, оларды салт-дәстүрге байланысты әдептілікке, инабаттылыққа, iзеттiлiкке тәрбиелеуді мақсат етті.

«Қыз – елдің көркі» «Өнер – таусылмас азық», «Мақал-мәтел айту», «Қанатты сөздер жарысы» атты төрт кезеңнен тұратын сайыста білім шаңырағының бірінші сынып оқушылары бақ сынап, бәйгеге түсті.

– Бүгінде қазақ отбасылары қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөле бастады. Сондықтан біз де сыныпта білім берумен қатар балаларға ұлттық құндылықтарды сіңіру ісін жалғастырып келеміз. Мұнда қыз бала мен анасы арасындағы қатынастарды сақтауды, салт-дәстүріміз жайлы алғашқы тәрбие негізін қалыптастыруды түрлі жолдар арқылы үйретеміз. Бүгінгі шара соның нәтижесі, – дейді бәсекеде бақ сынаған балғындардың сынып жетекшісі Жеңісгүл Алтынбекова.

Бірінші сынып болса да, төрт кезең бойынша тас-түйін дайындалып келген балалар бірінен-бірі оза шауып, бар өнерін ортаға салды. Тақылдап мақал-мәтел айтып, қанатты сөздерді қатесіз жеткізді. Арулар байқауына сыныптас ұл балалар да атсалысып, тақпақ оқып, ән шырқап, шараның шырайын кіргізіп отырды.

Өнер көрсеткен өрендердің шеберлігі мен тартымдылығын бірі-бірінен бөле қарауға келмегендіктен, әділқазылар олардың бәрін бірдей жеңімпаз деп бағалауды ұйғарды. Мектеп директоры Самғат Долаев байқауға қатысқан балаларды Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Балаларды бөле-жармай, осылай тәрбие беріп, жетілдіріп отырған Жеңісгүл Сламбекқызына ата-аналар алғысын жаудырып тарқасты.

Қажет АНДАС

Талдықорған