ҚАПАЛ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАСА...

Уақыты: 16.03.2019
Оқылды: 2277
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тау-тасы, өзен-суы қойнына сыр бүккен қасиетті Қапалға инвестиция тартылып, туризм дамытылып, елді мекен гүлденсе дейміз. Сайынбөлек, Баянжүрек, Кеңжайдақ, Бүркітті, Зәуресай, Қора, Салқынбел, Қызылауыз, Келіншектау, Ақадыр, Ешкіөлмес атты таулары қайталанбас сұлулығымен, баурайындағы аң-құсымен ерекше. Зерттеушілер Қапалда Қимақ мемлекетінің ордасы болғандығын айтады. Археологтар қазба жұмысын жүргізгенде осы маңнан V-VІІ ғасырда өмір сүрген тайпа адамдарының зиратын тапқан.

Тарихи мекен – шекаралы аумақ. Кезінде Қапал ауданы болып тұрғанда жанға жайлы салқын ауасы, мыңғырған малы, емдік суымен талайдың таңдайын қақтырып еді. Қазір көрген жанның көңілін құлазытатын жағдайда.
Тамшыбұлақ, Мұзбұлақ, Шымбұлақтың да сұлу табиғаты көз арбайды. Қызыл тауындағы халық «жабайы курорт» атап кеткен өңірдің суы, шөбі – денсаулық үшін баға жетпес құндылық. Тамшыбұлақ өткен жылы қорғауға жататын қасиетті мекен ретінде елдің сакральді картасына енгізілді.
Бір кездері ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон әйелімен Қапал өңірін зерттеуге келеді. Саяхатшының өңірді тарихта қалдырғысы келген ниетіне жер сүйсініп, сол жерде әйелі Люси босанып, ұлды болады. Баланың есімін ерлі-зайыптылар ақылдаса келіп Алатау-Тамшыбұлақ деп атайды. Бала сәби шағында сырқаттанғанда Томас пен Люси баланы Тамшыбұлақтың суына жуындырып, аман алып қалады. Кейіннен Алатау-Тамшыбұлақ ержетіп, жоғары білім алып, Гаваи аралында дәулетті тірлік кешіпті.
Қапал – ел мен жерге сүйіспеншілікпен қарағандарға жайлы мекен болған. Қасиетті өңірде дүниеге келген Ақын Сара Қапалдың ерекшелігін өлеңдеріне қосып, жердің мерейін арттырды. Мысалы, Ақын Сараның “Жүрек” деп аталатын өлеңінде:
Түстіктен орай жатқан Жоңғар жоны,
Жартас пен жалын қия оң мен солы.
Қапал мен Арасанның аясының 
Төрінде “жер-жүректің” біткен орны.
Жалғыз тау жазықтағы басы мұнар,
Талай сыр, қойнын ашсаң, асылы бар.
Көзіңмен көргің келсе “жер-жүрегін”,
Қапалға кеп қайтуға асығыңдар,
– деп жырлаған еді.
Қапалда бүгінде барлығы 4260 тұрғын тұрса, соның 90 пайызы қандастарымыз. Олардың 70 пайызы алмағайып жылдары өз елінен тұрақ таппай, көрші елдерге көшіп кеткен ата-бабаларымыздың ұрпақтары. Соңғы 10-15 жылда елге қайтып оралған бауырларымыз осындай шұрайлы өлкелерге келіп қоныс тепті. Қандас бауырларымыз бүгінде мал өсіріп, егін егіп, шаруаларын күйттеуде. Яғни, Жаратқан ием шұрайлы өлкені тек қазақтың игілігіне жаратқан. Қапалға дұрыс көңіл бөлінбегендіктен тау ішіндегі ауыл жұрты жұртта қалғандай күй кешуде. Бұрынғы орталық аурухананың күйі қашқан. Мұнда терапевт, балалар дәрігері ғана қалған. Акушер-гинеколог деген атымен жоқ. Сонда толғақ қысқан әйелдер қайда бармақшы? Әлеуметтік мекемелер жабылған. Халыққа қызмет көрсету орталығы да қысқартылып тынды. Ауыл жұрты осы жағдайларды айтып, билікке, бұқаралық ақпарат құралдарына талай жүгінді. Бірақ баяғы жартас, бір жартас, қаңқ етер де үн шықпастың кері келіп тұр.
Жақында Ақсу ауданының әкімі Есім Базархановқа Қапалға болашақта қандай жағдай жасалады деген сауал қойдық.
– Қапалға «Көксағыз» серіктестігі деген ірі инвестор келді. Олар бақбақ гүл өсіріп, каучук өндірмекші. Кәсіп дөңгеленсе талай адам жұмыспен қамтылады. Серіктестік бұл шараға 2019 – 2029 жылдары 118 млн. АҚШ долларын салмақшы. Биыл Қапал ауылының ішкі жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына 310 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталады. Ауданда туризм саласын 2020 жылға дейін дамыту мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Шымбұлақ, Тамшыбұлақ аймақтарын дамыту концепциясы енгізілді. Ауылдық әкімдік ғимараты ескірген. Болашақта жаңасы салынады. Нысан тұрғызуға 8,1 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Құрылыс жұмыстары жақында басталады, – дейді Есім Сейілханұлы.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы