ҰЛЫ ДАЛА ОҒЛАНЫ

Уақыты: 17.03.2019
Оқылды: 1282
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы Орысбай Әбділдаұлы Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында сексен жасқа толды. Басылымда көп жылдар бойы жемісті қызмет атқарған ардагерімізді мерей жасымен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шатты көңіл күй, шығармашылық табыс тілейміз.

«ЖЕТІСУЛЫҚТАР"

 

Саумалап салқын самал жел еседі,
Үлбіреп үзілердей емешегі.
Үкілеп қылқобызын сөйлетпесе,
Жұрт оны бақсы-балгер демес еді.

Ғаламат қобыз үні жел ескендей,
Төңірек төрт құбыла теңескендей.
Шанақтан шартарапқа үн тарайды,
Дүрлігіп дүйім қауым кеңескендей.

Атажұрт құлақ қойып елтігендей,
Емініп тұрғандайын ел түгелдей.
Дерті бар дене балқып, көңіл шалқып,
Сырқатты сиқырлы саз серпігендей.

Бусанып буын-буын босағандай,
Әуеннен жанға дәру жасағандай.
Түктібай баба отбасы жәмиғатқа
Бас сұғар қызырлы алтын босағадай.

Дәнекер барша дерттің қозбауына,
Араша ерте өмірден озбауына.
Қиналып қыл үстінде жатқан пенде,
Қарыздар қылқобыздың боздауына...

Ән-әуен жан дүниеге әл береді,
Әуезде тұнған тарих сан дерегі.
Емдеген ағыл-тегіл мақам созып,
Тәуіпті жазылған жан хан көреді.

Дауыс бұл тұла бойға жайылатын,
Жабысқан жел-құзыңды айыратын.
Сыр шанақ бозінгендей боздағанда,
Дерт түгіл жаудың бетін қайыратын.

Бағзыдан бақсы-балгер үстем бағы,
Тілдескен көк еркесі құспен-дағы.
Танытып төңірекке даңқын жайды,
Тәу етіп тәңіріне ұстанғаны.

Атағы Алатаудан ары асады,
Куәлер қасиетімен санасады.
Аралас-құраласып жатқандықтан,
Жақсыға қазақ-қырғыз таласады.

Аңырап Алатаудан ән естілді,
Шанаққа құйып алды көмескіні.
Әуеннің түп атасы – қобыз үні,
Ешкім де әсте теріс демес мұны.

Мап-майда Майтөбенің желі еседі,
Мың мақам – мың бұлақтар елес еді.
Қобызға құйып алып су сылдырын,
Емге айналды халқына берешегі.

Басына Суықтөбе көп қарады,
Ақ бұлттар кеңес құрып топтанады.
Сәлдесі желмен жайлап желбіреген,
Қобызшы күй толғауға оқталады.

Үшқоңыр қарауытып қол бұлғайды,
(Жоңғардан қалған жұтап ол бір қайғы).
Қона-жатып жайлауда жүрген қандай,
Көңіл-дөнен жортарман болдырмайды.

Шұбар атта найқалып бір жүргенің,
Үзіп жеп қызыл моншақ бүлдіргенін.
Иманы кәміл қазақ жалаулатар,
Қобыздың емге шипа тіл білгенін...

Тәуке сай, Атабайы, Көктөбесі,
Қоныстың бұлар жайсаң тек төресі!
Туған жер қасиетін сезінбесе,
Белгілі ұрпақ өсіп, көктемесі!

Ен жайлап Жетісуын өрістеген,
Адам ба қайғыны елмен бөліспеген?
Ажалға ара түсіп балгерлікпен,
Дүниеде жақсылық көп ол істеген.

Сыйлаған жанға дауа дамыл таппай,
Қобызын қолына алып қаңылтақтай.
Жоңғармен жағаласып найзаласқан,
Таулықтар отырған ба дабыл қақпай?

Он жеті – алмағайып ғасыр еді,
Дұшпандар неткен жауыз, тасыр еді?!
Қобыздан «Елім-айлап» аңырады.
Қазақтың қандыкөбік қасіреті...

Қобыздың тіл қатқаны – зарлағаны,
Шанақтың одан басқа бар ма амалы?
Иесі шерін төгіп қылішекке,
Теңселіп ысқыш егеп қарманады.

Тәңірдің ем іздеген елгезегі,
Қобызын ат қып мініп, ел кезеді.
Намыстың найзагері тартынбаған,
Айқаста басқа түссе ер кезегі.

Заманның сыздықтатып сырын төккен,
Жадысы жаңылмайтын жырынды 
еткен.
Қорқыттың аруағына басын иіп,
Батасын алған дәйім дүйім көптен.

Сүйінбай, Жамбыл және ақын Кенен,
«Түктібай зары бізге жақын» деген.
Балгерлік, бақсылық пен көріпкелдік –
Әмбесі байланысты ақылменен.

Нұрғиса, Әсет, Есен, Жолдасқандар,
Өнердің өңіріне мөр басқандар.
Қобыздың сарынына сағынышпен,
Үн қосып ән өлкеде өрге асқандар.

Үзілмес үлгі-өнеге халық барда,
Алқалап шабыт берер шарықтауға.
Қобызы Түктібайдың қалғандай-ау,
Қазақтың қазақтығын анықтауға.

Орысбай  ӘБДІЛДАҰЛЫ