ЖУРНАЛИСТИКА ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

Уақыты: 26.03.2019
Оқылды: 1597
Бөлім: РУХАНИЯТ

Студенттік қызықтарымды Авраам Линкольнның мына сөзімен бастағым келіп отыр: «Мен білгім келетін нәрселер кітаптарда. Менің ең жақын досым - мен оқымаған кітапты сыйлаған адам», - дейді ол. Осыдан төрт жыл бұрын Жетісу өңірінің бір бөлігі - Қосағаш  ауылынан білім іздеп қалаға келген едім. Журналистика мамандығын таңдау менің өмірімді түбегейлі өзгертті, ал жоғары білім берген І.Жансүгіров атындағы ЖМУ асқақ арманыма қанат бітірді.

Есімде, есік алдынан күтіп алған куратор бізді аудиторияға әкелді, бір-бірімізбен танысып, білісіп отыруды тапсырды. Жетекші жалғыз, біздер көп едік. Сондықтан, аудиторияға бөлек-бөлек отырғызды. Абыр-сабырмен жүрген бірінші курс студенттері базарда тұрғандай шу-шу етеді. Қатты шуылды естіген ұстаз аудиторияға кіргені сол еді, біздер кенеттен үнсіз қалдық. Көз жанарымыз мөлдіреп тұр. Жөн сұрасқан ұстаз алғашқы оқу жылына табыс тіледі. Қолтығына үш кітапты ұстаған ағай есімін Тұрлыхан Кәрім деп таныстырды. Содан соң біздің қызығушылығымызды ояту үшін бірінші сұрақ қойған адамға кітабын сыйға табыс ететінін айтты. Әрине, бәріміз биіктікті, мақтауды ұнатамыз ғой. Сұрақ қойылып, әңгіме қыза түсті. Жүзі жарқын ағайдың "Ботагөз" деген кітабы маған да бұйырды. Осылай студенттік кезең адал досты, жақсы адамдарды, ұлағатты ұстазды, кемеңгер білімгерді менімен табыстырды. Міне, осындай кішігірім аудиторияның ішіндегі үлкен мәні бар сабақтардың арқасында мен өзімді осы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің бақытты студенті санаймын және мақтан тұтамын.

Бүгінгі таңда университет сәулетті 3 ғимаратта орналасқан. 6 факультет бар: педагогика және психология, математика және жаратылыстану, заң, қаржы-экономика, гуманитарлық, мәдениет және өнер. Онда 41 мамандық бойынша 5809 студент білім алып жатыр. Оның 3085 күндізгі, 2724-і сырттайғы бөлімде оқиды. Университетте 350-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 10-ы ҚР-ның Ғылым академиясы салаларының және халықаралық академиялардың корреспондент-мүшелері, 21-і профессор-доктор, 1-философия ғылымдарының докторы (Ph.D) 120 ғылым кандидаты, 25-і магистр, 80-і доцент.

Университет үздіксіз білім беруді жүзеге асырып келеді. Колледж, университет, магистратура кешенді білім берудің жаңа үлгісі. Жетісу мемлекеттік университетінде студенттер 41 мамандық бойынша бакалавриат, 6 мамандық бойынша магистратура, 14 мамандық бойынша колледжде білім алады.

Гүлім АСХАТҚЫЗЫ,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың студенті