ҚАЙРАН, БАЛАЛЫҚ: СОҚПАҚБАЕВ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

Уақыты: 31.03.2019
Оқылды: 2262
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сана түкпірінде сақталған сағынышты күндерді ұмыту әсте мүмкін емес. Сонау балалық шақтың бір нұрлы кезеңінде «Өзге оқушылар секілді тамақтанып жүр» деп берген азғантай тиын-тебеннің басын құрап, қатар оқитын, жас шамасы сәл кішілеу тете ініні жаныма ертіп «Аңсарым болған ақ қалам, қайдасың?» деп тартып отырған сәт әлі санада сайрап тұр. Айлап, кейде жылға жуық уақытты араға салып барып үйге бір соғатын шешейді сағынғандық па әлде апа тәрбиесінде болып, «апа баласымын» деп жүргендегі күннен құбылған, тұңғыш рет анаға деген талпыныс па, оны нақты шамалай алмадық. Әйтеуір барды жиып, бір күндік сабақты құрбан етіп шаһарға аттанғанбыз. Несін жасырайық, сол сапар аса сәтті болмады. Шешейді көріп, сағынышты басып, ауылға анда-мұнда келіп қалатыны болмаса қаладан шалғай жатқан елді мекен дүкендерінде көп табыла бермейтін тәттілерді таңдайға басып, талғап жедік-ау. Дегенмен, қалаға барғыш ерлігіміз сол күні-ақ ауылға тарап, мектеп директорының құлағына жеткен екен. Амал не, дүйсенбі күні өтетін лездемеде барша сынып оқушыларының көзінше ерлікке сай даңқты атаққа да ие болдық. Лездемені жүргізетін ұстаз бәлені бастаған маған «Сұлтан», соңымнан ерген бидай өңді, момын ініме «Қожа» деп айдар тағып, ат қойған-ды. 

 

Иә, бастауыш сынып оқып жүріп өз еркімен ауылдан қашық жатқан қалаға жол тартқан ерлігіміз көпке дейін айтылып жүрді. Олай болмай қайтсін, сан жылғы сүрлеуді бұзып, сарыауыз балапандар арасында алғаш қалаға аттанған біз болсақ. Сол кездегі қылығымыз алақандай ауылды ғарышқа тұңғыш рет адам ұшқанды естірткендей әсер етсе керек. Алайда бұл да уақыт өте ұмыт болды. Ал ана бір жағымсыз атты өзіммен қанша уақыт азаптанып алып жүргенім, амалсыз арқалағаным, қаншама рет сағым сынып, намыстанғаннан әрі шарасыздықтан неше мәрте көзге жеңіліс жасын алып келгенім белгісіз. Татулықты бір сәтте бұза салатын, бір сәтте қайта қауышатын үрпек бас балапан достармен ойын барысындағы болмашы түсініспестіктен кержісе қалсаң, ең бірінші жейтін сойылымыз «Өй, Сұлтан!» деген сөз болатын. Осы бір қашып құтыла алмайтын лақап ат маңдайымызға таңылған соң, балалық аңғал көңілде «Менің атым Қожа» кітабын жазған, киносы түсіріліп, сол жағымсыз атақты алуыма себепші болған, осындай құрып кеткір кейіпкерді танытқан Бердібек Соқпақбаевты жақтырмайтын бір сезім пайда болған... Міне, араға аттай бірнеше жыл салып сол бір көңіл түкпірінде сақталып қалған естеліктерді классик жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» романын тағы бір мәрте қайталай оқып шыққанда санада жаңғыртып, жазушыға «Сұлтаннан» басқа кейіпкер ойлап табуға шамасы жетпеді ме екен деп балаң көңілмен кінә таққан сол бір дәуренді шақты ойлап, еріксіз тебірене күліп қоямыз-ау.

Ауылдың сотанақ сары баласына «Сұлтан» есімін таңған өзінің анаға деген сағыныштан туған албырттығы себеп болған да болар. Ал осы бір кейіпкерді әдебиет әлеміне алып келген жазушыға деген балаң көңілден туған ішкі реніш те жылдар өте түрленіп, көктемнің майса беліндей қайта бүрленіп, құштарлық сезіміне аусып кете барғаны жасырын емес.

Ақ қардан ақ сәлде оранған қарт тауларының еңсесі аспанмен астасып, шыңдары бұлттың бауырына сұғына енген қасиетті Хантәңірінің етегіндегі қазіргі Райымбек ауданына қарасты Қостөбе ауылында өмірге келген Бердібек Соқпақбаев исі қазаққа танымал жазушы. Оның қасиетті қаламынан туған әрбір шығарма ұлт әдебиетінің өрісін кеңейткен ұлы олжа деп білеміз. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» кітаптарының оқырманы сонау ғасырдан бүгінге жалғасып, ертеңмен сабақтасарына да зәредей күмәнмен қарамайтынымыздың негізінде, ақық астарында жазушының дара талант иесі екендігін мойындау жатса керек.

Рас, әдебиет әлеміне талант тақсырының қуат-күшін танытып, барша оқырманды шығарма шырғалаңына салып, ғажайып қолтаңбасымен жүрегіне жол салған жазушылар аз емес. Солардың алғы легінде маңдайы кереғарыс, буырыл шашы самал қайырған құрақтай құбылаға құлаған, қос жанары махаббат пен парасаттылық белдеуінде түйсіп, ұлы тәңірінің әмірімен мынау жалпақ ғаламға нұр себездетуден танбаған күндей шұғылалы һәм нұрлы, жүрегі де сондай сәулелі Бердібек Соқпақбаев жайлы толғанудың өзі ерекше мәртебе секілді көрінетіні бар.

Бердібек Соқпақбаев шығармашылығымен сонау балғын шақтан, нақтырақ айтсақ, «Сұлтандығымды кино арқылы таныдым, енді кітап жүлгесіне көз жіберіп толықтыра түсейін» деген ойды қуаттағаннан бері қарай таныспыз. Ал студенттік шақтың нұрлы бір әлетінде, жатақхана терезесіне текшелеп жиған кітаптарды екшемей оқып жүрген тұста «Өлгендер қайтып келмейді» романы қолға ілігіп, таңдайға басып тамсанған тәттіні ұзақ талғажау ете алмағандай, айналасы бір-екі күнде-ақ бір деммен оқып шыққанбыз. Сол кездегі ғажайып оқиғаға деген тебіреніс, тамсаныс па әлде басты кейіпкер Еркін Мамырбаевтың тағдыры жүрекке соншалықты қатты батты ма, әлде өмірдің сойылын көп жесе де саф болмысын жоғалтпаған қайраткерлігі іңкәр етті ме, араға бірнеше жыл салып осы бір романды қайта оқып шықтық.

«Еркін, сүйінші! Оқудан ағаң келді, әйел алып келіпті», – деген диалогпен басталған роман өткен ғасырдың орта шенінде адамзат баласының басына қара бұлт үйірген сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыл өмірін арқау еткен шығарма. Сонымен қатар, деревнядағы  адамдардың психологиясын ашуды өмірлік мақсат етіп, сол мұратына жеткен орыстың ұлы жазушысы Валентин Распутиннің ғажайып шығармалары секілді, осынау қазақ әдебиетінің жауһары да ауыл адамдарының психологиясын ашқан ұлт қазынасының бірегейі деп таныдық. Дей тұрғанмен, романды өз кезеңінде талдаған марқасқа сыншылар мен ғалымдар «Бердібек романы Еркін Мамырбаевтың жазушылық ғұмырының баспалдағынан, толысып, тұлғаға айналғанына дейінгі аралықты қамтыған туынды» деген сарында байлам жасап, осы бір пікір арқылы шығарманың болмысын ашуға ұмтылғанын жасырып қала алмаймыз. Бір қарағанда, бұл пікірмен келісуге болды. Алайда мұндай байламды кез келген оқырман шығарманы мазмұндау барысында не бірауыз сөзбен түсіндіру үшін айта салады емес пе? Тегінде, сыншы яки ғалымдар әрбір талантты шығарманың беткі көрінісін, жалпылама мазмұнына тоқталып жатпай, жазушының жан түсінігіне, сезіміне бойлай отырып, туындының ішкі қатпарына үңіліп, қарапайым оқырманнан қағаберіс қалатын немесе жүздің бірі ғана аңдай алар өзегін ширата талдап, «соқырға таяқ ұстатқандай» айшықтап беруі жөн деген пайым көңілге еріксіз ұялайтыны бар. Сонда ғана кемел ойдың иесі саналған ұлт әдебиетінің жоқтушылары аталған шығарманы талдағандардан бір саты болса да биік тұрмақ һәм сыншылық көзқарасы да бас шұлғып мойындайтын өреден көрініс таппақ.

Хош, сонымен келіншек алып келген Сәрсебек ағасының қуанышымен басталған романның бас кейіпкері жоғарыда атап өткен – Еркін Мамырбаев. Нақтырақ айтсақ, бала Еркін. Ештеңенің ақ-қарасын ажыратпаған, жақсы мен жаманның парқын білсе де, парасатпен пайым жасап, өмірдің жаманы қайсы екенін жүрегімен ұғына білмеген, бетінен дауыл қақпаған бала Еркін. Сол балалықтан болар, ағасының бір басы екеу болғанына шексіз риза болып, алақайлап қуанғаны. Қуана жүріп ауылдағы мәре-сәре болған жандардың, әсіресе денсаулығы жоқ шешесінің жүзінен шаттық ізін көргендегі толқығаны. Осындай жанды көріністер оқырманды бірден жұмбақ та іңкәр дүниенің құшағына тартып алып кететіндей. Бұл жерде қарапайым диалогпен басталса да оқырманды елітіп, тұңғиық әлемге бойлатып жіберген жазушы шеберлігін бірден аңғаруға болады. Бердібек Соқпақбаев қолтаңбасы қарапайым диалогтармен тілге жеңіл, астарлы да көркем сөйлемдермен ерекшеленетінін романның әлқиссасынан аңғаруға негіз бар. Әдетте Чеховты шағын әңгіменің шебері деп жатамыз ғой. Толстойдың бір романын шағын әңгімеге арқау ететін шеберлігіне қарата, болмаса Чеховтың бір әңгімесінен Толстой роман жазар еді деп те тамсанатынымыз бар. Солай болуы да бек мүмкін. Дегенмен, Чеховты шағын әңгіменің шебері деп қана қарау қателік, оның сөйлемі де көркем әрі  қысқа һәм тұшымды емес пе? Ал Толстойдың сөйлемі бір не екі, тіпті бес-алты бетке барып тиянақталады. Міне, сол секілді Б.Соқпақбаев шығармашылығы да қысқа да қанық, шымыр да көркем сөйлемдерден тұрады.

Ауылға айдай сұлу келін алып келген Сәрсебектің қуанышын алақандай ауыл дүркірете тойлап, ауыл совет председателі Нұрәлі қонақ қылып үйіне шақырып, бір жақсылықты отыз күнгі ойынға жүк еткендей кейіп танытар-ды. Өйткені оқу бітіріп келген Сәрсебек Нұрәлідей ертең-ақ ауыл басқаратыны анық емес пе? Осыны білген Нұрекең Еркіннің үй-ішіне жайылып жастық, иіліп төсек болудың қамына кіріскен. Алайда құлша иілгеннен де, Сәрсебекті ауыл басшысының бірі болады деген есек дәме де уақыт өте желге ұшады-ау. Оны бұзған – соғыс! Сұрапыл соғыс кімді аяған? Денсаулығы жоқ шешені ме әлде жас жүрегі толқыған уыздай жарды ма, болмаса бұғанасы бекімеген жетімекті ме? Ешкімді де! Мамырбаев шаңырағы да сол соғыс салдарынан шайқалды. Сәрсебек майданға аттанды. Сол күннен бастап Нұрәлідей құтырған ауылдың «қайқы құйрық» төбеттері өзі тоят тапқан шаңыраққа қарап шәуілдейтінді шығарды. Өз әйелі Сәуледей ажарлы да ақылды жанды ысырып, нақсүйер тапқаны былай тұрсын, босағаны жаңа аттаған Сәрсебектің Қанышасына, Еркіннің жеңгесіне есі кетіп, қырындауды шығарды. Осындай оспадар қылық көрсетіп, «көнсе қолынан, көнбесе...» деген өктемдікке илікпегендерді ауыр жұмысқа жекпекші болған Нұрәлі ақырында Мамырбаев әулетіне жауықты. Міне, бұл жазушы басынан өткерген оқиға. Өмір шындығы. Алақандай ауылдағы осы бір оқиға тектес дүниелер еліміздің түкпір-түкіпірінде айнақатесіз сол заманда қайталанып жатқан-ды. Мұндай трагедияны Бердібек Соқпақбаев та шығармасына арқау етіп, ұлы жазушылыққа ынтық Еркін тағдырына теліп, теліп дейміз-ау, бастан өткерген әрбір дүниені атаусыз қалдырмай, шебер өрнектей білген-ді.

Қасиеттінің бар атауын атына теліген айдай сұлу Қаныша жеңгесін жылатқан Нұрәлінің иісшіл тұмсығын бұзуға оқталған бала Еркіннің өжеттігі ақыр соңында өзіне кесір болып жабысты. Дәл осыдан кейін-ақ Еркіннің бітіспес жауына айналған ауыл совет председателі баланың басына «әңгіртаяқ» ойнатады-ақ. Көзден алыс кетсін деп Қарағандыдағы ФЗО-ға оқуға мәжбүрлеп аттандырады. Барған жерде азаматша жігер танытып тұрақтап қалуды көздеген Еркін болса да, бірнеше айдан кейін жеңгесінен келген хат көңілін нілдей бұзып, Нұрәліге деген ішкі кектің отын қайта өршітеді. Ардақты жеңгесін мұғалімдік қызметтен босатып, «қара жұмысқа шығасың, болмаса салық төлейсің» деген көпе-көрінеу қорлығына ыза болып, ауылға қайтуға қам жасайды. Әрине, заң мен тәртібі қатал Кеңестік жүйе былай тұрсын, соғыс уақытында солқылдақ таныту солдат тұрмақ оқушыға да ауыр қылмыс еді-ау ол кезде. Өз еркімен кетуге рұқсат жоқ. Қалайын десе жеңгесіне ашкөздікпен қараған қызылкөз дұшпанының лаңы анау. Амал жоқ, Еркін ымыраласқан екі жолдасын ертіп жүк пойызымен қашуға бекінеді. Сөйтіп жүріп шекарашыларға ұсталып, бір жыл абақтыға қамалады.

Айта кету керек, ғалымдар мен сыншылар атап өткендей жазушының қалыптасуы, азамат-қаламгер болып жетілуі тұрғысында жазылған роман деуге, осы бір қырынан ғана тарқата мазмұндауға келіспегенімізді осы арада қуаттап кетуге негіз бар. Өйткені, Б. Соқпақбаев өзге қаламгерлердей соғыс жылдарындағы ауыл тұрмысын жазғанын айтпағанда, түрен түспеген абақтыдағы тағдыр талқысын да алғашқылардың бірі болып осы романында шебер баяндап өткен. Әрине, толыққанды ашылды деу арға сын болмақ, дей тұрғанмен де, абақтыдағы тұрмыс, мүсәпірлік, қуақарсыз жанның ішкі һәм рух диалогын өте әсерлі бедерлегені көңілді еріксіз тебірентеді.

Тар қапасқа етін беріп, сүйегін сүйретіп шыққан аруақтай кейіпкердің ендігі тағдыры да көпшілік оқырманға таныс екені даусыз. Арып-ашып Алматыға жетеді. Көкбазарды жағалап, 3 жүз шақырым қашықтықта жатқан ауылға жүрер таныс кездесер ме екен деген далбаса үмітпен Көкбазарды жағалап жүріп нақсүйері Зейнекүлді елден қымсынбай ертіп жүрген Нұрәліні кездестіреді. Осылайша жамау-жамау киіммен дұшпанына таба болып, алайда қайырымы бар Зейнекүлдің тығып берген тиын-тебені арқасында жаяу-жалпылама аулға аттанады. Жол азабын айлап тартып, өлермен күйде ел шетіне ілінеді. Ілінгенде де көңілі кеткен құдашасы Ғалияжанның ауылына тура тартады емес пе? Сонда үмітіне үмітін жалғағандай болған Ғалиясы: «Апа, үйге бір қайыршы бала кіріп кетті», демеуші ме еді, аруақтай Еркінді танымай қалып. Бұл эпизодты жазушы: «Үйге бір қайыршы бала кіріп кетті!» Ғалияның аузынан айтылған бұл қорлық сөз – шемен боп жүрегімде байланды да қалды. Енді оны балталап алып тастау мүмкін емес. Ғалия менің қазіргі шын халімді тұралап, көзге шұқып айтқан еді», – деп өрнектейді.

Кейіпкердің өмірден көрген қорлығы, естіген ащы сөзі бұл емес-ті. Бұл тек қана басы болатын. Істі болып, сотталып шыққанның салдарынан Еркін талай жерде жұмыссыз қалып, алтын қазып белден де шойырылады. Ол жерден де Нұрәлінің адам салуымен қудаланып, ақыр соңында арман қуып, тәуекел етіп Алматыға аттанбай ма? Оқиды. Ел қатарлы білім алады. Туғаннан қисық біткен мінезінің арқасында талай жерде таяқ жейді. Алайда, табанында бүр болғандықтан ба, талайлы тағдыры білім алуға келгенде көп сынамағандықтан ба, оқу бітіріп, өмірлік жарын кездестіріп, үйлі-баранды болады. Алғашқы нәрестелерін суыққа шалдырып, өз қолымен өлім табытына таңып та береді-ау. «Осындай тағдырды жазып шыққан Бердібек Соқпақбаев тұрмақ, оқырманның өзі шерленетін ғұмыр-ау Еркіннің арқалағаны» деп еріксіз күрсінесің дәл осы тұста. 

Иә, Еркін Мамырбаев сан тараулы жолды бастан өткерген кейіпкер. Қосағы екеуі шалғайға барып еңбек етіп, үй салып, бала өсіреді. Жазушылығымен де елге танылады. Ақыр соңында туған жердің түтінін түтетуге бейіл болады. Ал Нұрәлі ше? Қазанның қақпағы кеткен сұрапыл соғыс жылдарында еркек кіндікті қалмаған соң, Нұрәлі жастай қалған әйелдерге құмартып, «ұяты кетіп» азғындыққа басады. Ақырында байлығына көмілген Нәмүріт патшадай, құрдымға кетеді. Ал, Ғалияжан сонау бір кездері Еркіннің көзінше қойындасқан ғашығымен отау құрып, ең соңында ажырасып тынбай ма? Еркіннің анасы көзқуанышының азамат болып атқа мінгенінде-ақ бақиға сапар шеккен-ді. Осы жерде Қаныша жеңгесін атап кету немесе қосалқы кейіпкер ретінде былай болған деп оқырманның есіне жай сала салуға болмайтындай. Өйткені, Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы басты кейіпкердің бірі деп Қанышаны атап өтуге толық негіз бар. Сәрсебектей аяулы жарын соғысқа аттандырып, айналасы алты-жеті ай ғана хат алысып, одан кейін мүлдем тілдесусіз қалу кімге болса да оңай соқпасы анық. Алайда бұл ол заманда екінің- бірінің маңдайына жазылған тағдыр. «Көнесің де, қайтесің көнбегенде?» деп ақиық ақын  М. Мақатаев жырлағандай, мұндай тағдырға көнді бәрі де. Бірақ, Бердібек Соқпақбаев Қанышаның соншама жыл жалғыз анаға қарап, күйеуінің ошағын нәрестесіз болсада өшірмей, ең соңында қара шаңырақта жалғыз қалған соң барып, қайнысының рұқсатымен құтты орнынан кетуге бел байлауын ерекше өрнектеген. Осы бір Қаныша атты кейіпкер арқылы қазақ халқы әйелдерінің образын, қайраткерлігін, табандылығы мен даналығын ерекше сипаттап, жаңа көзқараста биік деңгейде ұсына білгендігін ерекше атап өту қажет-ақ.

Рас, шығарманы мазмұндап отырып талдау бір басқа да, құры талдау немесе Асқар Сүйлейменовше айтқанда «Арпа, талқанды құрғақтай асатқандай» баяндай салу мүлдем бөлек дүние. Қалай жазу да әдебиетшінің өз еркіндегі дүние. Алайда біз де бір дүниені айқын да анық айтып кетуге құқылымыз. Ол – Бердібек Соқпақбаевтың ұлы суреткерлігі. Соғыс жайлы жазылған көптеген ұлы шығармалар бола тұра, нақты майдан даласын жазбаса да, Сәрсебектей ағадан, асыл жардан, перзенттен хабар күткен іні, жар, ананың сағынышты күйі арқылы сұрапыл кезеңнің ауыртпалығын жеткізу тек шебер суреткердің ғана қолынан келетіндей көрінетіні бар. Ол былай тұрғанда, бір ғана Қанышадай ардақты жеңгенің ақ жаулығының кір шалмай, еңсесінің езілмей күтуін жазу да қаламгердің асқан шеберлігін танытпай ма?! Романның әрбір эпизоды көз алдыңа тек шындықтан туған шынайы адамдарды, олардың нақты көзқарасын, жүргенін, мұңайғанын, шерленгенін, қуанғанын яки өмірдің тақсыретін мол тартқан тұсындағы жай-күйін, психологиялық қимылын көз алдыңа алып келеді. Сол арқылы романның әрбір көркемдік бояуына да көз шалдыртпай шынайы иландырады. Бұл дегеніміз, жазушының асқан шеберлігін, суреткерлігін білдеретін ұлы қабілет.

Талас-тартыстан, оқ пен оттан тұрған дәуірде даналыққа мойын бұрғанның бәрі де аз мехнат тартпады. Сүрінсе де ұлтым деп сүрінді. Асқарға құлаш сермеген болса, ол да ел көсегесін көгертсем деген ұлы мұраттан болатын. Заманның зарын құлағына құйып, жүрегінде жаңғыртып, соны қаз-қалпында шығармашылығына түсірген ұлы қаламгерлер санатындағы жұртым деп өткен талант-тақсырлардың толқыны қуаттысы да Бердібек Соқпақбаев болатын. Ол да Ғабит Мүсіреповше аз жазғанмен, саз жазған сырбаз жазушы. Балалар әдебиетінің бәйтерегі, кемеңгер ұстаз, ғасырда бір рет туар перзент!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ