Нұрлан ӨНЕРБАЕВ НАУРЫЗ ТУРАЛЫ ӨЗ ОЙЫН АЙТТЫ

Уақыты: 01.04.2019
Оқылды: 2235
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі әнші Нұрлан ӨНЕРБАЕВ көктемнің нұрлы шуағын қанатына қондырған алтынкүрек ескен кезеңде Жетісу жұртшылығына арайлы кеш сыйлады. Сазды әндерге толы кеште шырқалған әсем әуенге елтіген көрерменді әншінің айтар ойы мен әуезді үні арбап, келешекке берер тәлім мен тәрбиені сіңіріп жатқандай болды. Басталғаннан залдағы халықпен емен-жарқын әңгімелесіп, өз басындағы қызықты оқиғаларды әңгімелеген әншінің тартымды пікірі шырқалар әнге ұласып жатты.

Ә дегеннен Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым Елім» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленген әнші:

- Жетісу өңіріне ат басын бұрып, сонау көктемнің алғашқы мерекесінен басталған кездесу концерттерімді Алматы облысында өткізіп келемін, – деп өзінің жүрекжарды тілегін арнады. – Мұның бәрі де ұлық мереке Наурызға байланысты. Бұл ойдан шығарылған немесе қиялдан туған, халқымыздың түсінігіне, танымына сыймайтын емес, дәстүрімізде, қанымызда бар мереке. Бабаларымыз жаугершілік заманында да жеті дәмнен жасалған көжесі мен торсыққа құйған қымызын тастамаған. Содан бері келе жатқан ұлық мереке құтты, берекелі, ырысты болсын!

Қазақы қоңыр даусымен ән асқақтатқан Нұрлан Өнербаевтің орындаушылығы асқақ таулардың аппақ қары секілді мөлдір, сол биіктен бастау алатын қайнар бұлақтың сылдырындай саф, айдын көлдердей тұнық келетіні белгілі. Өз тыңдаушысы бар әншінің репертуарындағы әндерде ауыл жұртшылығының сағынышы, тұлымды ұл мен бұрымды қыздың көктемгі гүлмен бірге бүршік жарар мөлдір махаббаты, түтіні түзу ұшқан туған жерін аңсаған көңілдің шынайы шаттығы, Ұлы Даланың ақ сағымына айналған ата тарих, бетін әжім торлаған әжелер мен сақалына ақ кірген аталардың жанашыр тілегі, шынайы достың адалдығы секілді адами асыл қасиеттердің жатқаны анық. Қазақтың өзіндей болған қоңырқай дауыс иесінің тартымдылығы да осында жатқандай.

Көпшіліктің назарын алғаусыз көңілмен аулаған өнерпаз кештің ортасында қос ұлы Мақсат пен Марғұланды таныстырып, балаларының өнерін паш етті. Тура әкесіндей қоңыр дауыстың иесі Мақсат Өнербаев әйгілі Мүсілім Магомаев орындаған «Синяя вечность» әнін шырқап тыңдаушының ықыласына бөленсе, кіші ұлы Марғұлан Нұрлан «Смарт трио» атты топпен классикалық музыканы мүлтіксіз орындады. Фортепьяно, барабан, контрабас, гитара сынды музыкалық аспаптарды жетік меңгерген жасөспірімдердің өнері көрермен көңілін қуанышқа бөледі. Ықыласын шапалағымен білдірген көрерменнің шынайы қол соғуынан Мәдениет сарайы дүрілдеп жатты.

Осылайша екі сағат бойы халықты тапжылтпай ән салған Нұрлан Өнербаевтің ән кешінде ризашылық гүлін ұсынған көрерменде есеп жоқ. Кеш соңында Жетісу өңірінің қариялары Аманғазы Шегіров пен Әлімғазы Райымбеков өнерпазға шапан жауып, ақ батасын берді. Әншінің сыйлас, сырлас досы, ақын, сазгер Әбдіғани Бәзілханұлы шапан жауып, арнау өлеңін оқыды. Сахнаны қаумалаған көпшілік әншімен естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ