БАҚБАҚТЫҒА БАРДЫҢ БА?

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 1713
Бөлім: РУХАНИЯТ
Мына ғасырды иығына көтеріп тұрған бір уыс мейірімділік секілді. Қалай ойлайсыз? «Ай болмай-ақ қояйын аспанында, Мейірімің болайын дос, бауырға». Мұзбалақ ақын да соны меңзейді. Жүрекке біткен жыр. Адам көңіліне түскен сәуленің ең асылы да сол. Әлемді әлдилейтін әуен де содан туады. Ал, оны қайдан аламыз? Әрине, ауылдан. Бұл ешқандай анықтама қажет етпейтін жауап. Өзің туған өлкенің топырағына табаның тиіп, алпыс екі тамырыңыз иіп қайтатыныңызға сөзіміз кепіл. Балалығыңның балабақшасындай көрінген алақандай мекен ақуыз тілегіңе сеп, қиялыңа қанат.
Мақаламызды бұлай бастауымызға жосын болған Бақбақты ауылындағы мереке. Қоянжон құм жоталарды қойныңа басып жатқан айнакөл ауыл үлкен жолдың жиегінде орналасқан. Баурайы толған бақбақ гүл. Жерге жапсырылған күн іспетті көркем. Көктем келсе болғаны суретшінің қиялындай әдемі пейзаж пайда болады. Халқы да сондай. Татулығымен тәнті етеді. Оған бір мысал. Наурыз тойын ерекше атап өтуге бел буған ауыл тұрғындары біздің редакцияға хабарласқанда көңіліміз бір толқыды. Жаңа жылды ерекше қарсы алуды ықтияр көрген ауыл азаматтары салтанатты кешті келіп көруімізді өтінді. Жақсы жаңалығын қуана жеткізген оқырманның тілегін кейін қалдыруға қимадық. Жолдың алыстығына қарамай, алып ұша жөнелдік.
Ауылдың орталығында орналасқан Мәдениет үйінің іші лықа толы көрермен. У да шу бала-шаға. Әр жерден шыққан бүлдіршін күлкісі кеудеге қуаныш ұялатады. Сахна төріне ілінген «Қош келдің, әз Наурыз!» жазуының алдына жиылған төменгі сынып оқушылары түгелдей ұлттық киіммен әрленген. Заманға сай ою-өрнектермен безендірілген жәкет пен көйлек киген балалар сынға түспекші. Шарт бойынша осы ауылдың түтінін түтеткен, тың игерген ардагерлердің есімін жаңғыртпақ. Әр сынып бір-бір ардагерлердің атынан додаға түседі. Алдымен топтарын таныстырып, хормен ән айтса, одан кейін бата берудің жақсы үлгісін көрсетуі қажет. Біз көрермен ретінде көппен бірге отырып мұқият тамашаладық. №1 Жамбыл орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары алма кезек өнерін ортаға салды. Әділ қазылар ауылдың ата-аналары. Қызығы сол бірінші сынып пен төртінші сыныптың оқушыларының бата берудегі шеберлігі сүйсіндірді. Наурыз нақыштарын жатқа айтқанда жаның жадырайды. Үлкенге құрмет көрсетудің үлгісін ұсынғандай бір. Сыртынан қарап ішің жылиды. 
– Қазақ халқы Наурыз тойын өткен ғасырларда өте үлкен мейрам ретінде дабыралы өткізген. Осы кезде оның дәстүрлі әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өткен тарихы, бүгіні мен болашағы көгенкөз жас буын ұрпаққа үгіттеліп отырған. Осы күні ел ішіндегі ауызы дуалы батагөй, әулие ақсақалдарды дәмге шақырады. Міне, біз де бүгін сол сенімді ілгешек етіп отырмыз. Мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың ауызбіршілігінің нәтижесі бұл. Мерекелік іс-шараны өткізуге ата-аналардың  үлесі зор болды. Балалар еңбек ардагерлерін естерінде мәңгі сақтайды деген ойдамын, – дейді мектеп директоры Бибігүл Қамзина. 
Айта кеткеніміз жөн шығар. Бұл байқауға демеушілік еткен ауыл тұрғындары Бибіқұт Көптілеуова мен Инесса Николайқызының еңбегі зор. Оған қоса мектеп мұғалімі Ақбөпе Сейдахметоваға ауыл тұрғындарының айтар алғысы аз емес. Сол білім ордасында талай жыл қызмет еткен ұлағатты ұстаздардың да өлшеусіз үлесі жатыр мұнда. Не керек, сайыс соңында барлық оқушылар құр қол қайтқан жоқ. Алғаш ұйымдастырылып отырған шара болғандықтан балалардың ешқайсысының көңілін жасытпады. Ай бойы дайындалған оқытушылардың да еңбегі толықтай ақталды. 
Одан кейін ауылдың арда азаматтары көше-көшеге бөлініп, наурызкөже таратты. Бұл Бақбақты ауылының әкімі Қали Сәтбаевтың бастамасымен іске асқан шара. Сондай керемет думан Мақатаев көшесінде кең көлемде аталып өтті. Кәсіпкер ретінде көпке қолғабыс болып жүрген Абзал Нұрғалиев пен оның жары Анар Ошақбаева ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Ауыл балаларына арнайы жүлде тігіп,  қолкүрес, қазақша күрес, арқантартыс, аударыспақ ойындарын ойнатты. Сондай-ақ алтыбақан тігіп, шаһарлардан ауылым деп келген қыз-жігіттердің көңілін баурады. Ақсақалдардың да ақ тілегіне де ие болды.
Көмейімізде бұқтырып келген бір арман болса, ол – ауылдың мәртебесі. Балуан жоталы белдерді бауырға алған Балқаш ауданының кіреберісінде орналасқан Бақбақты ауылының берекесі келіскен. Орыс, кәріс, неміс, өзбек, қырғыз, ұйғыр, армян ұлттарын бір қазан басына жиған қазақ халқының көңілі жайлау. Ынтымағына ырыс үйір. Төбеден түскен түймедақ жұлдыздардай бір-бірін қуалап өскен жалынды жастарын көргенде елдің ертеңіне сеніммен қарайсың. Бізге де керегі сол емес пе!? Олай болса, мақаламыздың түйінін мына бір жыр шумақтармен аяқтағымыз келеді.
Ауасын жұтса ақсақ жүгірер,
Маңайын шолар мақтап тұрып ел.
Ойыңда болса пейішті көру,
Ойланбай досым, Бақбақтыға кел!
 
Мұхтар КҮМІСБЕК